«Қадамың құтты болсын, қос қызғалдақ!»

Пятница, 25 Ноябрь 2016 12:20 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5527 раз

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында қалыптасқан жақсы дәстүр бар. Елге белгілі азаматтармен кездесіп, сұхбат құру, оларға құрмет көрсету жолға қойылған. Таяуда ғана белгілі кәсіпқой боксшы Қанат Ислам институт шәкірттерімен емен-жарқын әңгімелескен-тін. Әсерлі жиын болған. Институт ректоры Оңалбай Аяшев арқалы азаматқа оқалы шапан жапқан еді. Көп өтпей-ақ, оқу орнына дзюдо күресінен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Отгонцэцэг Галбадрах, жастар арасында Азия чемпионы Перизат Қадырбекова келді. Жеке бапкерлері де жанында.

kadamyn kutty 94

Қос ару да биыл тамаша жетістіктерге жетті. Бірі Жазғы Олимпиада ойындарында қола жүлдемен қуантса, бірі бойжеткендер арасында Азия чемпионатынан жеңімпаз болып оралды. Бір айта кетерлігі, екеуі де институттың шәкірттері.
«Қадамың құтты болсын, қос қызғалдақ!» тақырыбындағы кездесу еркін форматта ұйымдастырылды. Кеш тізгінін қолына алған айтыскер ақын Дәурен Ақсақалов кездесуді әдемі әзілмен әрлеп, көңілді жүргізіп отырды.
Алдымен қос дзюдошының жеңісті жолы жайында бейнеролик ұсынылды. Екеуінің де қадамы оң, алдағы мақсаттары айқын. Спортшылардың жеке бапкерлері шәкірттерінің мүмкіндігі жөнінде баяндап берді.
П. Қадырбекова – Созақ ауданында Таукент елдімекенінде дүниеге келген. Әуелі қазақ күресімен шұғылданған. Бертін келе татамиге аңсары ауыпты. Жеке бапкері Ж.Рахманбердиев кездесуде «Перизаттың жеңісі – сіздердің жеңістеріңіз. Олимпиадаға дайындықты қазірден бастадық» деді.
Ал Отгонцэцэгті биік шыңға жетелеп жүрген жаттықтырушысы Энхбатыр Дашжамц та шәкіртінің әлі талай топ жаратынына сенеді. Өзі таяуда ғана дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы қызметіне тағайындалған еді.
Қос спортшының да ендігі мақсаты – 2020 жылы өтетін Токио ойындарында топ жару. Оған барлық жағдай жасалып отыр.
Студенттерді дзюдошылардың жетістігі қызықтырғандай. Бәрі де белсенділік танытып, көкейіндегі сауалдарын қойып жатыр. «Спортшыға қандай қасиеттер керек?», «үлгі тұтатын спортшыларыңыз кім» деп, спортшыларды әңгімеге тартты. Тіпті, бір студент моңғол аруына «Қазақ жігіті шаңырақ құруға қолқа салса, не істер едіңіз» деп сауал тастап тығырыққа тіреді. Елімізге бауыр басып қалған «Кенжегүл» (Отгонцэцэг – моңғол тілінен аударғанда Кенжегүл» деген мағына береді екен) де тосылмай, «оны көре жатармыз» деп көпшілікті ду күлдірді.
Жиын соңы мерекелік концертке ұласты. Әдеттегідей, оқу орнының ректоры Оңалбай Аяшев келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, шапан кигізді. Осылайша көпшілік спортшылардың қадамына сәттілік тілеп, ыстық-ықыласпен шығарып салды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.