Аймақтық БАҚ-тың болашағы талқыланды

Пятница, 14 Апрель 2017 13:43 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5472 раз
Шымкент қаласында «Аймақтық баспасөздің бүгінгі проблемалары мен даму перспективалары» атты облыстық БАҚ өкілдеріне арналған семинар-тренинг өтті. Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға облыстық және аудандық, қалалық БАҚ басшылары, жауапты хатшылар мен дизайнерлері және блогерлер қатысты. Жиынды ОҚО әкімінің кеңесшісі-баспасөз хатшысы Бейсенбай Тәжібаев жүргізді.
 
Семинарда Алматыдан келген белгілі қаламгер, «Алаш айнасы» интернет газетінің Бас редакторы Серік Жанболат пен «Айқын» республикалық газетінің жауапты хатшысы Асқар Беков тақырып аясында тәжірибелерімен бөлісіп, ой-ұсыныстарын ортаға салды.
17862271 369872413406943 8071221401553195977 nЖиын басында сөз алған ОҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Болатбек Төлеген өңірдің ақпарат кеңістігіндегі бұ­қ­аралық ақпарат құрал­да­­­рының жетістігі мен өзекті мәселелерін саралап, жаңа медиа технологияларын дамыту, сондай-ақ бүгінгі ғаламтор желісі қарқынды дамып отырған заманда оны қауіпсіз пайдалану жөнінде тұшымды пікір білдірді.
 
– БАҚ өкілдері билік пен ха­лық­тың алтын көпірі саналады. Сондықтан да оларға артылған жауапкершілік жүгі жоғары. Қазір ақпараттық технология жедел дамып келеді. Әлеуметтік желілер де ақпараттың қайнар көзі болып қалды. Десе де, бүгінгі уақыттың талабына зер салсақ, ақпаратты жедел әрі мазмұнды, сапалы түрде тарату маңызды болып тұр. Жергілікті БАҚ заманның ағымынан қалмай сайттар мен интернет-порталдарды бірге дамытуы тиіс, – деді Болатбек Төлеген.
 
Қазіргі қазақ журналистикасы туралы ой қозғаған «Алаш айнасы» интернет газетінің Бас редакторы Серік Жанболат ақпарат таратуда журналистер қауымы елдің мүд­десін басты назарда ұстау керектігін және ақпаратты жұртшылыққа тиім­ді жеткізу тәсілдеріне тоқталды.
 
– Қазір газеттер оқылмайды деген пікірді жиі еститін болдық. Бірақ Оңтүстікте оқырманын жоғалтпай, таралымын өсіріп отырған басылымдар аз емес. Шындығында қазақ журналистикасының нағыз ордасы Оңтүстікте деп ойлаймын. Рас, қазір технологияның дамыған заманы. Әлеуметтік желілердің жылдамдығына көз ілеспей қалды. Мынау қолымыздағы ұялы телефонмен кино түсіріп, аудиториясын жинап жатқандар бар. Солай болса да, меніңше, газет әрі қарай өмір сүре береді. Оны оқылымды ету үшін ізденіс керек. Сосын менеджментке мән берілсе, жарнамаға сұранысты арттырса, басылым оқырманның назарын өзіне аудартады, – деді Серік Жанболат.
17884394 369872540073597 2904332282721453371 nСондай-ақ семинарда жаңа технологияның жетістіктері мен оның БАҚ-тағы рөлі де назардан тыс қалған жоқ. «Баспа БАҚ-тарының болашағы және электронды форматқа көшуі мәселесі», «Ақпараттық технологияның жаңа тәсілдерін меңгеру және газеттерге замануи дизайнды қолдану» тақырыбында «Айқын» республикалық газетінің жауапты хатшысы Асқар Беков БАҚ өкілдеріне өз тәжірибесіне сүйеніп, жаңа медианың ерекшеліктерін айтып өтті.
 
– Оқырман ең алдымен газет бетіндегі мақаланың тақырыбына және дизайнға көз салады. Қазір жергілікті газеттер бұл мәселеге жіті назар аударуда, Оңтүстікте ол өз нәтижесін беріп те жатыр. Тіпті шетелдің озық үлгісін қолданып жатқан газеттер де бар. Бұл – жақсы нышан. Дегенмен, газетті безендіруде түрлі түсті бояуды оңды-солды пайдаланбаған жөн. Ол көзді шаршатады, мазмұнды мақала оқылмай тасада қалады. Бір немесе екі түсті қолдану керек. Сосын ақпаратты жедел ұсынумен қатар, инфографикаға басымдық беру қажет. Бұл да жаңа заманның талабы, – дейді Асқар Беков.
17951871 369872450073606 8933032925333314869 nЕркін форматта өткен семинар-тренингте БАҚ өкілдері өзара пікір алмасып, көкейінде жүрген сұрақтар бойынша мардымды жауаптар алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай семинар-тренингтер алдағы уақытта да жалғаспақ.
 
 
Дерек көзі: "Шымкент келбеті"
 
Последнее изменение Понедельник, 17 Апрель 2017 03:49
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.