Мұрат ТАҒАЕВ: «Елбасы елдің жағдайын жиі сұрайды» Избранное

Среда, 29 Ноябрь 2017 05:53 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 92 раз

Мұрат ТАҒАЕВ, «Ордабасы құс» ЖШС директоры:


Мұрат Тағаев – Оңтүстікте күркетауық өндірісін алғаш қолға алған кәсіпкер. Іскер азамат құс етін өндіретін фабриканың жобасын бірінші болып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырады, ал 2010 жылы сол жаңа жобаның іске асуын Президент тікелей телекөпір арқылы тамашалаған.

DSC 0110-2

2011 жылы Мемлекет басшысы өңірге сапарында аяққа тік тұрған өндіріс орнына арнайы келген болатын. Мұрат Құлмырзаұлы өндіріс саласын дамытуда Елбасымен жиі пікірлесіп тұратынын айтады. Ол өзінің тұңғыш Президент жайлы жылы лебізін былай жеткізді. 

– Елбасымен 2000 жылы «Қайнар құс» фабрикасында қызмет етіп жүргенде жүздестім. Сол жылдары еліміздің түкпір-түкпіріндегі түрлі сала өкілдерін қоғамдық қабылдауына шақыртып, сұхбаттасып, елдің жағдайымен танысатын. Әлі есімде, сол жылдың 27 шілдесінде Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесу мүмкіндігіне ие болдым. Ол кезде облыс әкімі Бердібек Машбекұлы өңірдің дамып-өркендеуіне қажетті кейбір жағдайларды жеткізуді шегелеп, сәт-сапар тілеп шығарап салды.

Елбасымен кездесуде үлкен қобалжудың болғаны рас. Кіргенде ол кісі орнынан тұрып амандасып, жұмыс үстелінде емес, емін-еркін жағдайда сөйлескенінен қарапайымдылығын байқадым. «Ал, Мұрат, әңгімеңді бастай бер, ауылда жағдай қалай?» деп есіміммен атап сөйлесуінің өзі қобалжуымды сейілтіп, бойымда сенімділік орнатты. Ауылдың жағдайын айтып бір сағаттай әңгімелесіппіз. Ол кісі мұқият тыңдап, барлығын қойын дәптеріне түртіп отырды. Бұл жылдары елдің басында қиын-қыстау кезеңдер, «бізді үкімет асырайды» деген ойлардан арылмаған уақыт. Мұны естіген соң маған айтқаны: «Мұрат, келешекте олар да қатарға ілігеді» деді. Міне, содан бері 17 жылды артқа тастадық. Осы жылдар аралығында кәсіп істеп, елдің жағдайының жақсаруына үлес қосқан жандар саны артуда. Елбасының болашақты жақсылыққа жоруының өзі үлкен көрегенділік. Қоштасқанда «Елге сәлем айт» деді.

Бұдан кейін Елбасымен араға тоғыз жыл салып қайта қауыштық. Өңірге жасаған кезекті сапарында күркетауық өндірісін дамыту жобасымен таныстыру болғанында ол кісінің есте сақтау қабілетінің жоғары екеніне тәнті болдым. Қаншама жылдан кейін, соншама адамның арасынан мені танып, «Мұрат, енді айта бер» деген сәті еш есімнен кетпейді. Сол кезде өндірісті өркендетуді шыңына жеткізуді өзіме міндет санадым. 

DSC 0110

Айта кететіні, осы жүздесуде күркетауық өсіру және оның етін терең өңдеу кәсібін қолға алатын жобаны таныстырып, қажетті заманауи технологиялардың таңдау үлгісін баяндағанда барлығын мұқият тыңдай келе Н. Әбішұлы: «компост бола ма?» деген сауал тастады. Бұл құс саңғырығынан органикалық тыңайтқыш өндіруге бола ма дегені еді. «Фабриканы дамытудың бірінші кезеңінде етті терең өңдеуге басымдылық танытамыз, ал өндірісті дамытудың келесі кезеңінде бұл мәселені жүзеге асырамыз» деген жауабымды айттым. Қазіргі таңда құс саңғырығынан ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыш дайындау ісін қолға алдық. 

Бұл тұста айтайын дегенім, Елбасының кәсіпкерлікті дамытуда бағыт-бағдар беріп, ой тастай білетіндігі және әр сала маманымен кездескенде елдің қай бағытта дамып жатқандығынан хабардар екендігі, ақпаратты толық меңгергендігі, әр саланың жетістігі мен әлемдік технологиялардың дамуындағы жаңалықтарды қалт жібермейтіндігіне куә болдым. 

2011 жылы Н. Назарбаев фабрика жұмысымен танысып, жастармен, жұмысшылармен кездесті. Бүгінде жылына 10 мың тонна күркетауық етін өндіреміз, оның 40%-ы экспортқа шығады. Тауық етінің 70-80-ге тарта түрі бар. 400-ден аса жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған, ең көп салық төлеуші мекеме атандық. Ең үлкен бағалау – өткен жылы Президенттің «Алтын сапа» сыйлығы берілді. 

Н. Әбішұлымен бір жүздесуімізде «Күркетауық етін өздерің жей бермей, Астанаға да жіберіп отырыңдар» деп әзілдегені бар. Бұл отандық өнімді тұтынушылар еліміздің түкпір-түкпірінде көбейіпкеледі деген сөз еді. Осы мақсатта биыл «ЭКСПО - 2017» көрмесінде үш айда 500 тонна күркетауық етін жөнелттік. 

Елбасы өндірістің даму жайын жиі сұрайды. Бір ғана «Ордабасы құс» фабрикасының жағдайы емес, индустрияландыру жобасы аясында бәсекеге қабілетті сапалы өнім өндіріп келе жатқан өндірістің барлығының жағдайынан хабардар болып, қамқорлығына, қадағалауына алады. 

Шындығын айтсақ, Елбасының елдің дамуында жасап жатқан еңбегі өлшеусіз. Қазақстанның экономикалық дамуы, бүгінге күнге жеткен жетістігі, еліміздегі ынтымақ пен берекені көшбасшының сарабдал саясатымен тікелей байланыстырамын.

Последнее изменение Четверг, 30 Ноябрь 2017 08:59
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.