Тәуелсіздік – тәу етер тұғырымыз Избранное

Пятница, 15 Декабрь 2017 05:29 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 9620 раз

Тәуелсіздік. Бұл сөздің мән-маңызы терең екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Тыныш, бейбіт өмірден асқан бақыт та, байлық та жоқ. Мұндай елдің азаматтарының әрдайым мерейі үстем болмақ. «Қуана білмегенге құт қонбас, бағалай білмегенге бақ қонбас» дейді халқымыз. Ендігі кезекте осынау мамыражай, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған уақытты бағалай білсек деген ой да көкейімізде тұратыны заңдылық. Біздің еліміздің азаматтары қоғамның барлық саласында табысты еңбек етіп жүр. Мұның бәрі, әрине, егемендіктің арқасында жүзеге асып отырғаны сөзсіз.

«Бірлігі мықты елде бақ тұрар»

Биыл Қазақ елі Тәуелсіздіктің 26 жылдығын тойлағалы отыр. Ширек ғасырдан астам уақыт. Елдігімізді, іргелі ел болғанымызды танытар сәт қазір. Жауапкершілігі орасан зор. Егемен елдің азаматтарының рухын оятып, болашаққа көз тастауымен маңызды. 

Әр жылдың өзіндік ерекшелігі болады. Өтіп бара жатқан 2017 жыл да елімізде қоғамдық-саяси оқиғаларға толы болды. Халықаралық іс-шаралардың тізгінін ұстап, ынтымақ-бірлігі жарасқан ел екенімізді көрсеттік. 

Қазақ елін әлем тани түсті. 

Биыл Тәуелсіздігімізді тағы да мерейлі еткен іс-шара – халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі. Көрме 2017 жылы әлемдік экономикадағы ең маңызды іс-шараның бірі ретінде аталды. Қазақстан және қатысушы мемлекеттер үшін табыспен есте қалды. Қазақстан Халықаралық мамандандырылған көрмені Орта Азияда бірінші болып өткізді. 

Тұңғыш рет елімізде Дүниежүзілік Қысқы Универсиада ойындарын абыроймен өткіздік. Бұл сында спортшыларымыз жалпы есепте екінші орынға тұрақтады: 11 алтын, 8 күміс және 17 қола медальмен тарихи жетістікке жеттік. 

«Іргесі берік елді жау ала алмас, аузы бір елді дау ала алмас» деген. Бәрі де бейбіт өмірдің арқасы. Тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жиғаннан бері түрлі саладағы кәсіп иелеріне, жастарға даңғыл жол ашылды. Өз тірлігін өздері жасап жүрген жастарымыз көп. «Бай болсаң, елге пайдаң тисін» деген сөзді жадында мықтап ұстаған. Кәсібі дөңгелеп отырған азаматтар өз туған ауылын өркендетуге үлес қосуда. Өз еліне, өзінің туған жеріне деген құрметі. 

Ұйымшылдығы жарасқан, ауызбіршілігі мықты елде ырыс аунап, құт дариды. Берекесі молаяды. Осындай кезде ғана кәсіпкерліктің, өндірістің өркендеп, қуат алатыны белгілі. 

Бірде қарт қаламгер Шерхан Мұртазадан тілші сұрапты: – Жұрттың көбі қалада тұрады. Сіз неге ауылды аңсай бересіз? – деген ғой. Сөйтсе, Шерағаң: Наурызкөк, қарлығаш, т.б. құстар ерте көктемде сонау жердің түбіндегі Африкадан біздің елге мыңдаған шақырым ұшып жетеді. Немене, сонда Африкада ұя салатын жер жоқ па? Құс екеш құс та туған жерінен жерісе, бұл да бір кем дүние. Тұғырына саңғыған сұңқар оңбас, үйірінен безінген тұлпар оңбас» деген екен қаламгер. Міне, бізге де керегі осы сөз емес пе?! 

 

Отансүйгіштікті көрсететін уақыт

Біз осы күні Тәуелсіздіктің қадірін біліп жүрміз бе? Осы сауалды өз-өзімізге қойып көрейікші. Адамзат баласы тәуелсіздік жолында қан-қасап қырғындарды көрді. Небір зұлматтардан өтті. Мұның бәрі де бостандық дейтін аяулы сезімнің құдіреті емес пе?!

Қазір қайтсем еліме пайдамды тигіземін дейтін уақыт. Тәуелсіздік құрдастары бүгінде елімізді әлемге танытып жүр. Алды – Олимпиада ойындарының және әлем чемпионаттарының жеңімпазы. Кәсіпкерлік саласында, ғылым-технология саласында да дарындылар баршылық. 

Таяуда Елбасы 100 жаңа есім бәйгесінің жеңімпаздарымен жүздесті. Әрбірінің жетістікке қалай жеткенінен хабардар болды. 

– Патриотизм туған үй мен туып-өскен өңірден басталады. Қазір елімізде меценаттар туған жеріне барып, балабақша, мектептер мен ауруханалар салып жатыр. Жалпы алғанда, бүгінде осы бағытта 720-дан астам жоба іске асты, – деді ҚР Президенті. 

Ата-бабаларымыз «Туған жерге туыңды тік» деген. Отансүйгіштік ең алдымен кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Елбасы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында да бұны егжей-тегжейлі айтып өтті. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі.

Міне, әр салада озық шыққан азаматтар Тәуелсіздіктің арқасында таланттарын шыңдап, болашаққа жол салуға мүмкіндік алды. Міне, қазіргі ел жастары осындай азаматтардан үлгі алуы тиіс. Мақсатқа қарай талпына білсе дейміз. 

Жалпы, біз өмір сүре отырып, өзгере білуіміз керек. Бұл жөнінде Елбасы: «Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», – деді.

Тәуелсіздіктің ширек ғасырдан астам уақытында елде жаңа өндіріс орындары көбейді, транзиттік жолдардың әлеуеті артты. Мәселен, индустриаландыру басталғалы бері бүкіл еліміз бойынша 1 мыңнан астам жаңа өндіріс іске қосылып, 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылды. Сонымен қатар, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Еуразиялық мультимодальдік көлік дәлізі іске қосылып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысы аяқталды. Осы кезге дейін елімізде 2 мың шақырым темір жол, 5 мың шақырым автомобиль жолы салынған. 

 

Өткенді саралап, болашақты бағдарлайтын мезет

Тәуелсіздікті қалай тойлауымыз керек? Бұл да бей-жай қарауға болмайтын жағдай. Тәуелсіздігімізге тәу етпей тұрып, жаңа жылды тойлауға кірісіп кететін жағдайлар жоқ емес. Кей-кейде осындай әрекеттер кездесіп жатады. 

Негізінен, Тәуелсіздік мейрамы өз-өзімізге есеп беретін сәт. Табыстарды таразылайтын, келешекті бағдарлайтын мереке. Ата-бабамыздан келе жатқан сабақтастықты жоғалтпау – міндетіміз. 

Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Ғани Ташқараев та бұл тұрғыда былай дейді. 

– Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында да алға қойған мақсаттарымыз нақты атап көрсетілген. Жалпы, әрбір қазақстандық өз-өзін дамытып, прагматикалық қасиеттерін оятса ғана біз іргелі ел боламыз. Мерекеде руханиятымызды жаңғыртатын игі іс-шаралар өткізілсе деймін. Сонымен қатар, білім-ғылым, кәсіпкерлік саласында жетістікке жеткен азаматтармен кездесулер әрі олардың еңбектерін тамашалайтын көрмелер ұйымдастырылса ұтарымыз көп, – дейді Ғани Әбдіғаниұлы. 

Расында, қазіргі таңда жеке адам ғана емес, бүкіл ел тұрғындары бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалатыны да мәлім. Сондықтан, әрбір азаматы, ел тұрғындары ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. 

Қорыта келгенде айтар түйін осы. Адамда екі Отан болмайды. Қолға алған ісіміздің нәтижелі, берекелі болуы – өз қасиеттерімізді жетілдіру, өзгеруімізде жатыр. Қай сала болса да азаматтар Тәуелсіз Қазақстанның өркендеп, дамуына үлес қосуы тиіс. Сонда ғана елдігіміз нығайып, бірлігіміз бекемделе түседі.

Последнее изменение Пятница, 15 Декабрь 2017 08:28
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.