«Ерлік жасау ойымда болған жоқ» Избранное

Среда, 18 Июль 2018 03:57 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3299 раз

Шымкенттік полицей Нұрлан Тасболатов көршісін өрттен аман қалып, өз өмірін тәуекелге тікті.

DSC 0254

Адам құтқарамын деп жүріп, өзінің де денесін күйік шалып қалады. Науқастың жағдайын білуге ауруханаға соққан болатынбыз.
Денсаулығы тұрақталған тәртіп сақшысын дәрігерлер ауруханадан шығарғалы жатыр екен, аз-кем тілдесуге мүмкіндігіміз болды.Облыстық ішкі істер департаментінің шұғыл арнайы жасағының аға инспекторы, полиция капитаны Нұрлан Тасболатовтың құқық қорғау саласындағы қызметі оңай емес. Күн-түн демей ел тыныштығы, қаламыздың қауіпсіздігі, қылмыстық оқиғалардың жолын кесуде жақсы жағынан танылып, кәсіби деңгейі жоғары мамандардың қатарында болған. Ал Сәуле шағынауданында шыққан өрт кезінде түнгі кезекшіліктен келген Нұрлан демалып жатқан болатын.
– Күндіз көршім үйім өртеніп жатыр деп жүгіріп келген соң, жалынды өшіруге көмектесуге асығыс киініп шықтым. Үйдің жанындағы сарай өртеніп жатыр екен, - деп еске алды сол күнді кейіпкеріміз.
– Әйелдерді қақпаның сыртына шығарып, жиналған бір-екі азамат құтқарушылар жеткенше өртті сумен өшіруге әрекет жасадық. Қарасақ, іште екі-үш газ балоны тұр. Ол жарылса, сұмдық болатыны белгілі. Баллонның біреуін алып, сыртқа шықтам. Жанымдағы кісі есінен танып қалып, оны таза ауаға шығардық. Осы екі ортада сарайда өрт күшейді. Екіншісін алуға кіргенде баллон жарылып, сыртқа қарай ұшып түстім. Есімді жинасам, үстімдегі футболкам, шашым жанып жатыр, екі қолымның терісі тұтастай күйіп қалыпты. Орнымнан тұрып, үйге жеттім де денеме мұздай суды құюмен болдым.Абырой болғанда жедел жәрдем қызметі оқиға орнына тез жетіп, зардап шеккен науқасты ауруханаға шұғыл жеткізеді.
Нұрланның ағасы Бақыт Тасболатов бауырының денсаулығына алаң болған сәтін айтады: – Нұрланның денесін шалған қатты күйікті көріп, қатты уайымдадық. Пендешілікпен «неге бардың, жатпадың ба» деп те айтып қалдық. Алайда, ол «бұл менің адамгершілік, азаматтық борышым» деуден танбады. Әкеміз Тоқболат Тасболатов «Қолыңан келсе, адам баласына көмектесуден тайынба, өзгеге қиянат жасама, өзгенің ала жібін аттама» деп өмір бойы бес баласын тәрбиелеген жан еді. Әке тәрбесін көрген бауырымыз ақкөңіл, әрдайым көмек қолын созуға дайын тұрады, - деді әңгіме барысында.Нұрлан Тасболатовтың көзсіз ерлігінің нәтижесінде бір отбасы ғана емес, айналадағы қаншама адамның өмірі аман қалды. Ал бүгінгі күннің батыры бұл көмегін «ерлік жасау ойымда болған жоқ, алдымен көмектесуді міндетім санадым» дейді. Аға инспектор, полиция капитаны жасаған ерлік, шынтуайтында, кез келген жанның қолынан келе бермейтін іс деп айтуға тұрарлық. Ал ерлікті мақтанышпен айту, жақсының жақсылығын арттыру – біздің міндетіміз.

Последнее изменение Среда, 25 Июль 2018 06:35
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.