Балалар қайыр жинауды емес, қайырымдылықты үйренсе... Избранное

Пятница, 20 Июль 2018 04:44 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3747 раз

4

 

«Құтыдағы» қайырымдылық.   

 

Бүгінде қаладағы адам көп шоғырланатын жерлерде науқас балалардың еміне қайырымдылық үшін қаражат жинап жүрген жеткіншектерге жиі байқап жүрген боларсыздар. Қолдарындағы шағын қорапшаның сыртында науқас бала мен оның диагнозы жайлы мәлімет жазылған. Осы орайда «Олар расында да қайырымды іс жасап жүр ме?» деген сауал туындайтыны бар. Өздерін әртүрлі қайырымдылық қорынанбыз деп таныстыратын жеткіншектердің сөзінің қаншалықты рас екенін анықтау үшін зерттеу жүргізіп көрдік.

Жеткіншектер айтқан қордың бірі - «Дүние түріктерінің руханияты» қоғамдық қорының ашылғанына көп бола қойған жоқ. Қайырымдылық үшін қаражатты қорға мүше болған 60-қа жуық жас жеткіншек осылайша көшеде жүріп, жинап берген екен.
– Жарымжан балғындарды тәрбиелеп отырған ата-аналардың жүзіне қуаныш сыйлау мақсатында осы қорды құрдық. Бүгінге дейін төрт балғынның емі үшін белгілі мөлшерде қаржы жинап бердік, - дейді қор төрағасының кеңесшісі Ғани
Шотаев. - Біз көмектесіп жатқандардың дені - әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар. Осыған да назар аударамыз. Көмектесуді сұраған адамдардың жағдайын арнайы комиссия зерттейді. Құрамында педиатр-дәрігер де бар. Расында да қаржылай көмек қажет екеніне көз жеткізсек, дереу кезекке қоямыз. Бізде көмек кезегін күту ұзаққа созылмайды. Ары кетсе 10 күн ішінде қаражат жиналады. Оны жинауға атсалысып жатқан жеткіншектерге алғысым шексіз. Бізде жұмыс істейтін ұл-қыздар сол балаларға көмектесіп қана қоймай, жазғы демалыс күндері өздерін-өздері жұмыспен қамтып отыр. Яғни, күнделікті жинаған қаржысының 30 пайызы өздеріне қызмет ақы ретінде төленеді. Арасында шын мәнінде көмек қолын созғысы келіп, ақысыз істейтіндері де бар. Мектеп жасындағы балаларды жұмысқа ата-аналарының нотариалды сенімхаты арқылы ғана қабылдаймыз.
Қор өкілінің айтуынша, балалар қаласа аптасына 3 рет немесе 2 рет жұмысқа шығады. Бүгінде 60 бала жұмыс істеуде көрінеді. Жиналған ақшаны олар күнде әкеліп тапсырады. Қорда сол қаржының есебін жүргізіп отыратын есепші, заңгер және менеджер бар. Қор қызметкерлері алдағы уақытта бұл жұмысқа өзге өңірдің жомарт азаматтарын жұмылдыруға ниет білдіріп отыр.

Көңілі жарымға бұл да бір демеу

«Дүние түріктерінің руханияты» қоғамдық қорынан көмек алған, туылғалы бері балалардың сал ауруы диагнозы қойылған 6 жасар Тоғжанның анасы Гүлнар Муфтиевамен тілдестік.
– Өзім жалғыз басты анамын, 6 балам бар. Тоғжан – кенже қызым. Осы қызым ауру болып туғанда күйеуім «алты қыз туғаның аздай, енді мынау ауру ғой. Өмір бойы бір науқастың бетіне қарап отыра алмаймын. Жаңа өмір бастағым келеді» деп, алты қызыммен тастап кетті. Баспанам жоқ, пәтер жалдап тұрамын. Үйде қызыма қарап, уақтылы дәрі-дәрмегін беремін. Жұмыстан қол үзгеніме біраз жыл болды. Күнделікті ас-ауқатпен пәтер ақысын төлеуге, дәрі-дәрмек сатып алуға артық қаражатым жоқ. Амалдың жоғынан 100 мың теңге сұрап, «Дүние түріктерінің руханияты» қоғамдық қорына бардым. Қор қызметкерлері үйіме келіп, менің тұрмыс-тіршілігіммен танысты. Жағдайыма өзім сұраған қаржының жетпейтінін есептеп, 300 мың теңге берді. Мұндай қайырымдылық жасағанына көңілім марқайып қалды. Қор өкілдері алдағы уақытта да көмектесетінін айтты, - дейді Тоғжанның анасы.

«Көмек көрсетуде жасқа бөлмейміз»

Біз осы орайда көшеде науқас баланың емі үшін ақша жинап жүрген тағы бір қордың жұмысымен таныстық. «Алтын ұя» деп аталатын бұл қайырымдылық қорының да ашылғанына көп болмаған. Бүгінде 6 жеткіншек қаржы жинайтын қайырымдылық қоры осы ауқытқа дейін жезқазғандық 10 айлық сәби Қанат Азиза Алмасқызының еміне қаржы жинап келеді. Қор төрағасының орынбасары Нүркен Өтегеновтың айтуынша, мұндай қайырымдылық істі бастау ойы ауруханаға барғанда келген екен.
– Ауруханаға барғанымда денсаулығы нашар, әлеуметтік жағдайы төмен адамдарды көрдім, содан оларға көмек қолын созуды ұйғардым, - дейді Нүркен Мұқанұлы. - Бірақ өзімде жеткілікті қаржы болмағандықтан, досым Айдос Мейрамов (қазір қордың төрағасы – ред.) екеуміз ақылдаса келіп, осы қайырымдылық қордың негізін қаладық. Бүгінде 6 бала жұмыс істеуде. Жұмысқа 14 жастан асқан жеткіншектерді ата-аналардың нотариалды сенімхаты арқылы қабылдаймыз. Күнделікті жиналған қаржының 30 пайызын балалардың өзіне төлейміз. Бүгінге дейін 130 мың теңгені Азиза қызымыздың есеп-шотына салып жібердік. Он айлық сәби тумасынан бауыр циррозы ауырады. Әкесі донор болмақ. Жалпы, көмек көрсетуде үлкен-кіші деп бөлмейміз. Қолдан келгенше зәру адамның бәріне қол ұшын беруге тырысамыз.
Осы орайда көшеде қайырымдылыққа қаржы жинап жүрген жеткіншектердің әрекетіне жауапты мекемелер қалай қарайды? Біз
Шымкент қалалық білім бөліміне хабарласып, еріктілер жайлы пікірін сұрадық.
– Аталған жағдайды зерделеу барысында ауыр науқасқа шалдыққан балаларға және мұқтаж жандарға қол ұшын беретін, қызмет көрсетуді ерікті негізде жүзеге асыратын қайырымдылық қорлар ҚР әділет министрлігінде тіркелген қоғамдық ұйым болса, қордың қызметі мен көмекке мұқтаж тұлғалардың тиісті құжаттарын жинақтау және келісім шарт түзу арқылы жүргізіліп, ата-аналарының рұқсатымен жүзеге асырылып жатқаны анықталды. Егер мұндай қорда балалардың жұмысы арнайы келісім-шартпен жүзеге асатын болса, ол заңға қайшы емес,- деді қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Айгүл
Текебаева.

Жастарға қайырымды  болуды үйрету керек

Ақша табудың мұндай «жолына» дініміз қалай қарайтынын анықтау үшін облыстық орталық мешіт бас имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміровтің пікірін тыңдадық.
– Шымкент жақында республика деңгейіндегі миллионды қала атанды. Бұл дегеніміз - бұдан былай қалада туризм әлеуеті артады. Әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтар келе бастайды. Мегополиске келген қонақ қолында құты ұстап, науқас балалар үшін қайыр сұрап жүрген жеткіншектерді көрсе, «қайыршылар қаласы» деген атқа қалмас па екенбіз?! Осындай мәселелерді тиісті органдар жіті бақыласа екен деймін, - дейді дін өкілі. - Бұл біздің қазақы болмысымыз бен тәрбиемізге жат қылық. Дұрыс, баланы жастайынан нан табуға үйрету керек. Бірақ қайыршылық жолымен емес, білім алып, еңбектенуді ұқтыру қажет.

«Бұл - нағыз бизнес дер едім»

– Бүгін құты көтеріп, ақша жинап жүрген балалар ертең осы жолды тұрақты кәсіп етіп алмасына кім кепіл? Балаларды қайыр сұрауға емес, қайырымдылық жасауға үйретуіміз керек, - деп жалғады сөзін Мұхамеджан Естеміров. - Көшеде балаларға құты көтергізіп қойған қайырымдылық қорлары жайлы айтар болсам, ол нағыз бизнес дер ем. Жиналған қаржының белгілі мөлшерін жинаушы балаға төлеп, одан қалса қалған қызметкерлерін де сол ақшаның есебінен қаржыландырып, одан қалғанын ғана мұқтаж жандарға үлестірмесіне кім кепіл? Мұндайды қайырымдылық деп айта алмаймын.
Имамның айтуынша, науқас балалардың емі мен үй-күйі жоқ жандарға көмек қолын созуда мешіттер де қалыс қалып жатқан жоқ. Биылдың өзінде мешіт тарапынан 6 500 отбасыға қайырымдылық жасалыпты. Оның ішінде шетелде және еліміздегі озық техикамен жарақталғанклиникаларда ем алатын науқас балалар да бар. Ал зекет қорына жиналған қаржының қайда жұмсалғаны жайлы әр тоқсан сайын халыққа есеп беріп отырамыз дейді.
– Қайыр жасағысы келген азаматтар балалардың қолына қорапша ұстатып, көшеге шығарғанша, мешітке берсін. Біріншіден сауап болса, екіншіден, баласына үлкен тәрбие болады. Мешіттің де беделі артып, көмек сұрап келген жандарға бірге көмектесер едік, - дейді Мұхамеджан Естеміров.

Последнее изменение Среда, 25 Июль 2018 06:18