Болашақтың маңызды мақсаты – жемқорлықсыз қоғам

Суббота, 29 Декабрь 2018 10:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3651 раз

Сыбайлас жемқорлықпен күресу әр мемлекеттің ең өзекті мәселесіне айналған. «Іштен шыққан жау жаман» деген халық даналығындай, сыбайлас жемқорлық та мемлекетті ішінен жойып, заман ағынымен бірге өсіп-өркендеп, қандай да болсын бір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, мол қаражат қайда болса, сол жерден тереңге тамыр жайып, тұтас бір мемлекеттің жетістіктерін жоққа шығаратын, бүгінгі күнге дейін жойылмай келе жатқан індеттің бірі.

Әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресуді күшейту жұмысы үздіксіз жүргізіліп, әрдайым жетілдірілу үстінде және сыбайлас жемқорлықпен күресу механизмінің барлық елдерге тиімді болатын бірегей жинағы жоқ. Дегенмен, әр мемлекет қолданатын сыбайлас жемқорлықпен күресу әдіс-тәсілдерінің жиынтығы өзгеше, ол елдің саяси және экономикалық тұрақтылығына ғана емес, сонымен қатар әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлеріне, діни ерекшелігі мен құқықтық мәдениет деңгейіне және аумағы бойынша алатын жеріне, халқының саны мен орналасу тығыздығына да байланысты.
Қазақстан Республикасы ТМД мемлекеттерінің ішінен алғашқылардың бірі болып 1998 жылдың 2 шілдесінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы заңын қабылдады. Бұл заң барлық мемлекеттік органдардың мақсаты және міндеттерімен қатар, олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын айқындады. 2011 жылдың 31 наурызында № 308 Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарламасын іске асыру бес жылдық мерзімге есептелген және іс-шараларды бір кезеңде жүзеге асыруды көздеді. Бағдарламаның мақсаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру болып табылды. Сондай-ақ, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ұлттық заңнаманы жетілдіру. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл,сыбайлас жемқорлық қауіптерін азайту жөніндегі мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру көзделді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты жоғарылату және көлеңкелі экономика деңгейін төмендету назарда болды.
Осыған байланысты, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылдың 26 желтоқсанындағы №986 жарлығымен Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы жария етілді. Елбасы «Мемлекет пен қоғам біртұтас майдан құрып жемқорлыққа қарсы шығуы тиіс. Жемқорлық - жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып табылады» деген болатын. Осы қатердің алдын алу аясында біздің мемлекетіміз де сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Осыған байланысты елімізде көптеген іс-шаралар өткізілуде, оның ішінде Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімінің аппараты да өз үлесін қосуда.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қызметіндегі тәртіп пен реттілікті нығайту жөніндегі шаралар туралы» № 1550 Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы қабылданды. Бұл заңның ерекшеліктерінің бірі – билік басындағы лауазым иелерінің қызмет бабын жеке басының мақсаттарына пайдалануына, заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қою болып табылады. Лауазым иесінің қызметтік міндетіне жатпайтын әрекеттер, мысалы, жеке тұлғаның немесе заңды тұлғаның, үшінші бір адамның пайдасына бағытталған іс-әрекеттері қылмыстық белгі құрамауы мүмкін. Сондай жағдайда заңсыз әрекеті әшкере болған лауазым иесі аталған заң негізінде жауап береді. Мемлекеттің мүддесіне, халықтың мемлекетке деген сеніміне нұқсан келтіретін лауазым иесінің теріс әрекеті жазасыз қалмау керек.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілермен сыбайлас жемқорлық заңнамасы және мемлекеттік қызмет заңнамасының сақталуы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылықтарды жасаған тұлғалардың мемлекеттік қызметке түсуіне тиым салынғаны жөнінде нормалардың сақталуы қамтамасыз етіледі.
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратында да құқық бұзушылықты болдырмау, қылмыстың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы жылдық іс-шара жоспары жасалып, жұмыстар атқарылып жатыр. Барлық бөлімдерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы және мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы сақтау бойынша іс-шаралар көзделген: кірістер және мүлік туралы декларацияларды жыл сайынғы тапсыруы, мемлекеттік қызметке түсу кезінде шектеулерді қабылдауы, әкімшілік мемлекеттік лауазымының бос орнына конкурстардың өткізілуі, азаматтарды жеке қабылдауы, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін уақытылы қарауы, құқықтық жалпы оқу бойынша сабақтар мен семинарлардың өткізілуі өз деңгейінде жүргізілуде. Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының әкімшілік ғимаратының баршаға көрінетін жерлерінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауы жөніндегі, мемлекеттік қызметшілердің Ар намыс Кодексінің, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы заңнамасы бойынша стендтер бар. Сонымен бірге мемлекеттік органдарымен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер көрсету туралы ақпараттарымен стендтер де орналасқан.
Сыбайлас жемқорлықпен күрестің басты бағыттарының бірі - оның алдын алу. Осы мақсатта Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметкерлері аудан аумағының тұрғындарының қатысуымен құқықтық сабақтар мен жиналыстар өткізіп отырады және әр тұрғынды мұқият тыңдап, мәселелерін тиімді жолмен шешуге ықпал жасап бағыт-бағдар беріп және ол тұрғынмен қарым-қатынаста мәдениеттілік таныту, әдептілік сақтау әр қызметкердің тікелей жауапкершілігі мен міндеті болып табылады.
Елбасымыз өз Жолдауында «Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру», «Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болады» деп атап өткен. Ашықтық пен жариялылықтың сипатын қолға алып, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жоба аясында Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары (Facebook,Instagram) арқылы аудан аумағындағы кез келген тұрғын жүгініп, ауданға қарасты кем-кетістіктерді немесе жетістіктерді, мемлекеттік қызметкерлердің әдеп сақтамауы, тағы да басқа құқық бұзушылықтар орын алса, дер кезінде тиісті іс-шара қабылдап, әрекет етуге мүмкіндік беріп халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға оң әсерін тигізеді. Бұл да бір сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың басты механизмі. Себебі, жемқорлықсыз қоғам – жарқын болашақ кепілі.

Ғ.Мәуленқұлов,
Шымкент қаласының
Әл-Фараби ауданы әкімі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Хабарландыру Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ »