Мен білетін Елбасының жеті қыры

Вторник, 19 Март 2019 16:43 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2085 раз

WhatsApp Image 2019-03-19 at 22.42.03

Біріншіден. Шекараңды шегендеп тұрып бекітті ма - бекітті. Біз түгілі алпауыт империялар - Қытай мен Ресейдің арасындағы шекаралар толық бекімегенін ескерсек, Елбасымыздың бұл еңбегінің өлшемі жоқ деуге болады.

Екіншіден. Абылай армандаған Астанаңды салды ма - салды. Салғанда қандай ғып салды десеңізші?.. Сегіз соттық жеріміздің қай жеріне не саларымызды білмей, ретін келтіріп игере алмай басымыз қатып жүргенде, Сарыарқаның қақ төрінен бес құрлыққа ұялмай көрсете алатындай ғажайып шаһар салып берді.

Үшіншіден. Қазақ-қазақ болғалы бесінші парызын (қажылығын) өтеген алғашқы ханымыз осы кісі. Керей мен Жəнібектен бері қарай 550 жылымызда ел билеген қырыққа жуық хандарымыз бен бектеріміздің бірде-бірі қажылық парызын өтей алмапты. Өтемейін деген жоқ, аласапыран замандарда елді тастап кететіндей мүмкіншіліктері болмады. Сол хандар мен сұлтандарымыздың арманына Нұрсұлтан жетті.

Төртіншіден. Отыз жыл билік құрып, елін соғыссыз басқарған жалғыз патша да осы кісі екен. Тағы да тарихқа қараңыздар. Отыз-қырық жыл ел билеген Хақназар, Əз Тəуке сынды айбарлы хандарымыз болмады емес, болды. Бірақ олардың замандары жаугершілікпен, кең байтақ даламызды қалай қорғап қалсақ деген аласапыран қан майдандармен өтті. Алла Тағала қалай дегенде де Нұрсұлтанның патшалық дəуірін соғыстан ада, бейбіт те берекелі етті.

Бесіншіден. Қазақ даласындағы Исламның туы, иманның нұры болған мешіттерімізді көбейтті. Тəуелсіздік алған тұста еліміз бойынша небəрі 40 шақты мешіт қана жұмыс істеп тұрған болса, 25 жылда сол мешіттеріміздің саны 2500-ге жуықтады. Бұл дегеніміз рекордтық көрсеткіш. Тіпті патшалық дəуірінің ең соңғы ісі де ТМД мен орталық Азиядағы теңдесі жоқ мешіттің іргетасын қалау болды.

Алтыншыдан. Қазақтың қара домалық балаларын əлемнің ең озық деген оқу орындарында білім алғызып, оза шапқандарын ел ісіне араластырып кетті. Бұл түсінген адамға тəуелсіздіктің ең тəтті жемістерінің бірі десе де болады.

Жетіншіден. Қазақ тарихындағы хан тағын өз еркімен босатқан алғашқы ханымыз да осы Нұрсұлтан. Тарихта ешбір хан-сұлтандарымыз ажалы жетпейінше тағынан кетпегені бəрімізге аян. Ендеше ел үшін туған есіл ердің жасаған шешімін Алла Тағала екі дүниеміз үшін қайырлы қылғай, əмин!


Біржан Байтуов,
ақын, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.