Наурыз – қасиетті бұлақ басынан басталған Избранное

Среда, 20 Март 2019 04:04 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3296 раз

Шымкентте Қошқар ата сейілі мерекесі 2016 жылы алғаш тойлаған-ды. Бұл мерекенің мән-маңызы зор. Әрі тарихы тереңде. Ертеректе жыл басы Наурыз мерекесін атап өту осы жерден басталғанын бүгінде екінің бірі біле бермейді. Ілгеріде қыстан аман-есен малын жұтатпай шыққан қала тұрғындары шүкірлік ретінде Қошқар ата өзенінің бойына жиналып, қошқарды құрбандыққа шалған. Тарих осылай дейді.

Кошкар ата 4

Бір ғасырдан кейін жаңғырған мереке

Қошқар ата өзені сан ғасырлар бойы Шымкент тұрғындары үшін тазалықтың бастауы болған мекен. Бұл үрдіс әліге дейін үздіксіз жалғасып келеді.

Қаланың тарихшылары, белсенді азаматтары бастама көтеріп, қала басшыларына әз-Наурызды атап өтудің көне нұсқасын ұсынған болатын. Осылайша 100 жылдан кейін ескі дәстүр жаңғырып, қалалық әкімдіктің қолдауымен 2016 жылы Қошқар ата сейілі мерекесі қайта тойланды.

Ұлыстың ұлы күніне орай өтетін мереке қала тұрғындарының көңілін көтеріп, жанын жадыратты. Тарихымыз жаңғырды. Өзен маңына жиналғандар қазақтың ұлттық бұйымдар көрмесі мен мерекелік бағдарламаны тамашалап, қазақша күрес, кір тасын көтеру, асық ойыны, қол күресі сынды спорттық іс-шараларға куә болады.

Одан бөлек, аудан-ауылдардан шаруалар алып келген асыл тұқымды қошқарлар да іс-шараның әрін кіргізеді-ақ.
Жалпы, бұл мереке туризм мен салт-дәстүрді насихаттап, дамытуды көздейді.

Айта кетсек, ең алғаш рет бұл мерекеде қошқар көтеруден Біржан Қосалиев, асыл тұқымды қошқарлар көрмесінде «Сералы» шаруа қожалығы жеңімпаз атанған. Жақсы дәстүрдің өміршең болғанына тілекшіміз.

Алаш қайраткерлерінің аманаты

Тарих не дейді? Осыдан бір ғасыр бұрын қала тұрғындары көктем мерекесі – Қошқар ата сейілін тойлағаны тарихи деректерде жазулы тұр. Дәстүрге айналған мейрам туралы ертеректе қазақ басылымдарында көптеген мақала жарияланған.

Мәселен, дінтанушы Үсен Арыстанов облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайында қызмет атқарып жүргенде тың деректерге қаныққан. Ғылыми қызметкер 1923 жылы 22 наурыз күні жарық көрген «Ақ жол» газетінің №287 санында төте-араб әріптерімен жазылған мақаланы аударып, жұртшылыққа ұсынған-ды.

Тарихи деректе былай деп жазылған: «Шымкент уезінен. Осы март айының 25 күнінен бастап, Шымкент қаласында Наурыз мейрамы жасалмақшы. Әр жылы уез һәм Сыр халқының дағдысы бойынша апрель айының басында Қошқар ата сейілі болмақ керек еді. Сол екі мейрамды бір қылып, биыл сейілді 25 марттан бастап отыр.

Бұл Қошқар ата сейіліне Шымкент, Ташкент һәм Әулиеата уездерінің адамдары жиналады. Сейіл болатын орын Шымкент стансиясының жанындағы «Қошқар ата» бұлағының басындағы тегіс жерде болып, һәр жылы 200-300-дей қазақ үйлері тігіліп, бір аптаға дейін һәр үйде жиналған халық топ-топ болып тамаша қылып жатады.

DSC 9153

Сол бір аптаның ішінде жергілікті халықтың әр түрлі тамаша ойындарының бәрі де істелмек. Осы март айының 20-нан басталмақ болып тұрған оқу апталығында осы айтылған қос мейрамменен бірге қылып өткізіп, жиналған халықтан әртүрлі жолмен оқу істеріне бірталай жәрдем жинаймыз деген үміттеміз.

Осы күнгі шаруашылық істері һәм басқа түрлі ел ішінде екпінді ретте істелмек болып жатқан жұмыстар турасында елді түсіндіріп, ел шаруасының аяққа басып оңдалуына себепкер болмақ. Авторы - Жарменов» делініпті мақалада.

Ү.Арыстановтың айтуынша, газетте Алаш қайраткерлерінің де Наурыз жайындағы мақалалары, құттықтаулары бар екен. Ол кезде Наурыз мерекесі наурыз айының 20-25-і аралығында тойланған.

Одан беріде Кеңес үкіметі құрылып, Наурыз мейрамын тойлауға тыйым салынғаны белгілі. Әз-Наурызбен бірге Қошқар ата сейілі де ұмыт қалған. Береке мен бірлікке толы мерекені қайта тойлау 2016 жылы ғана қолға алынды.

Қошқар ата кім болған?

Суы мөлдір әрі шипалы Қошқар ата бұлағы – Шымкенттің мақтанышы. Қазір өзен бастауында тұрғындар сейіл құрады. Саялы орын. Өзен маңын одан әрі абаттандыру жұмыстары да қолға алынып, бірқатар жобалар жасалуда.

– Біле білсек, Қошқар ата – Жаратқанның бізге берген сыйы. Оны қаперден шығармаған жөн. Бұрынырақ бұлақтың басынан есептегенде Ордабасы алаңына дейін 102 бұлақ көзі болған. Өз тарихымызды танып білуіміз керек.

Соның ішінде қасиетті орындарға барып, ата-баба рухына Құран бағыштаймыз. Бұл – имандылықтың белгісі. Рухани жаңғыру демекші, Қошқар ата бұлағының басында бұрыннан келе жатқан шырақшының Құран оқитын үйі болған.

Шырақшы бұлақ басын таза ұстауға, ластамауға шақыратын және Құран оқып, жастарға үгіт-насихат айтып отыратын. Абаттандыру кезінде бұл имандылық орны бұзылған. Жауаптылар оны кейін талапқа сай істеп беруге де уәде берген.

Осы бұлақ басын тазалауға үлес қосқан шырақшы Әмірбек ақсақал дүниеден өтерде кесененің орнын бізге көрсетіп кетті. Бұл орынды да келешек ұрпаққа сақтауымыз керек. Бұны да қаперден шығармаған жөн, – дейді «Қошқар ата бұлағы» қорының төрағасы Есенгелді Лесбаев. Оның айтуынша, бұлақ басында жақсы бастамалар одан әрі жалғасын табуы тиіс.

Расында адамдар жыл он екі ай осы бұлақтың суына түсіп, дертіне шипа табады. Ал енді бірі шынығып, қуатына қуат қосуда. Тіпті басқа өңірлерден келетіндер бар. Әсіресе, жаз маусымында бұлақтың суына бір күнде 5-6 мың адам келіп түседі екен.

Елімізде қаланы ортасынан кесіп өтетін өзендер санаулы-ақ. Соның бірі де бірегейі – осы Қошқар ата.
Жер-жерде Қошқар ата деп аталатын ауыл, өзен, су аттары көп. Елімізде мұндай атауды иеленген 10-нан астам мекен бар дейді.

Деректерге сүйенсек, Қошқарата XI ғасырда өмір сүрген. Қаратау өңірінде дүниеге келген деседі. Жастайынан зеректігімен көзге түскен оны ата-анасы Бұқараға жеті жасында оқуға жіберіп, сонда оншақты жыл оқиды.

Көзі ашық, ілімді Қошқар ата осы өңірге қайтып келіп, шәкірт тәрбиелеп, мешіт, медресе ашады. Қошқар атаның шын аты Қылыш болған екен. Төртінші атасы Арқар деген ержүрек, батыр.

Сол атасы «Сен Арқардай бола алмассың, қошқардай бол» деп батасын берген. Содан бері Қошқар ата атаныпты дейді аңыз. Жерленген жері осында. Алланың берген қасиетімен көптеген бұлақтардың көзін ашып, суландырумен айналысқан деседі.

Қошқар ата өзенінің айналасында бұлақ көп болған. Сондықтан да Мыңбұлақ деп те аталған екен. Бұл өзен бастауын Қазығұрт тауының төменгі тұсынан алады. Екпінді ауылына келіп су жерге сіңіп кетіп, қайтып осы Шымкенттегі қазіргі Қошқар ата өзенінің бастауынан шығады.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.