Рухани жаңғыру әрқайсымыздан басталады

Пятница, 26 Апрель 2019 08:41 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3390 раз

Шымкент қаласындағы «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Орталық жобалық офисінің менеджері, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президентінің кеңесшісі Болат Атыбай білім саласының мамандарына арнайы лекция оқыды.

 

– Рухани жаңғырудың негізі – халықтың, жеке адамның тұлғаға айналуы. Әр заманның өз міндеті, ұрпаққа қояр талабы бар дегендей, мемлекеттің дамуы ұрпақтың уақыт талабына сай бейімделіп, мәдени ортаға қалыптасуға деген ұмтылысына байланысты, - деп бастады Болат Қожанұлы өз лекциясын.

– Рухани жаңғырудың бірнеше бағыттары бар екені баршамызға белгілі.

І. Ұлттық бірегейілікті сақтау. Ұлттық жаңғыру - ұлттық сананың кемелденуі. Елбасымыз айтқандай, «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтай білу». Текті халқымыз жеті атаға дейін, яғни 350 жыл қыз алыспаған. Бұл да бір ұлтымызды ұлықтайтын ерекше салт. Ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі - ұлттық болмыстың өзегін сақтау, өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту. Бұл орайда қабылданған «Туған жер» бағдарламасы ұлттық бірегейлікті сақтауға бағытталған.

ІІ. Бәсекелік қабілет. Ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықтағы бағасы, өзгелерден сапасымен ұтымды дүние ұсынуға қабілеті. Заман талабына сай тұтас халық қана емес,жеке адамның өзі бәсекелік қабілетін арттырып, табысқа жетуге мүмкіндік алады. Әр ата-ана баласын ұшқыр ойлы, жобалық менеджментті түсінетіндей тәрбиелесе, ұлт ретінде биіктерді бағындырарымыз хақ. Білім және ғылым министрлігінің стартаптарды енгізуі де осы бәсекелік қабілетті арттыруға ынтасы деп білеміз.

ІІІ. Прагматизм. Өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, сол байлықты үнемдей отыра қолдана білу. Болашақты жоспарлай отырып, ысырапшылдық пен даңғойлық қасиеттерге жол бермеу. Білім алуға, мақсатқа жетуге, кәсіби тұрғыдан жетілуге деген ынта ықылас, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану мінездің прагматизмі. Заманауи әлемдегі бірден-бір үлгі.

ІV. Білімнің салтанат құруы. Біздің қанымызда бар қасиет - білімді болуға ұмтылу. Табысты болудың басты факторы - білім. Жыл өткен сайын біз жүрісі жылдам дамыған дәуірге аяқ басып келеміз. Сондықтан, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт БИІК ТАБЫСТАРҒА ЖЕТЕДІ. «100 оқулық», «Латын қарпіне көшу», «Жаһандық мәдениет» бағдарламалары өскелең ұрпаққа білім беруге таптырмас құрал.

Қорыта айтқанда, бұл – Елбасымыздың ұтымды қағидасы, халқына деген асыл үндеу өсиеті. Рухани жаңғыру - адам баласының ішкі әлемінің жаңаруы, сана-сезімі өзгерісті қабылдай білуі. Тарлан тарихтың, жасампаз бүгіні мен жарқын болашағын үйлесімді үйлестіретін ұлт жадының тұғырнамасы. Осы тұғырнамадан ауытқымай, Елбасымыз ұрпаққа мензеген дара жолымен биік-биік шыңдарды бағындыратынымызға сенімдімін! - деді Б.Атыбай.

Іс-шараны қорытындылаған Шымкент қаласындағы «Рухани жаңғыру» бөлімінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева «Рухани жаңғырудың негізі тек науқандық іс-шаралар болмауы тиіс. Қоғамның барлық саласындағы жаңғыру мәселесін сананың ашықтығы ұстанымымен көпшілікке жария етіп отыру керек. Яғни, рухани жаңғыруды әр адам өзінен бастауы керек», - деді.

Айта кету керек, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі Қазақстан бойынша әзірге екі қалада ашылған. Оның бірі – Алматы болса, екіншісі – үшінші мегаполис Шымкент қаласында. Кеңсенің жоспарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 77 іс-шара өткізу бекітілген.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.