ИГІ ДӘСТҮР – тұрақтылық дәнекері Избранное

Вторник, 30 Апрель 2019 04:36 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3557 раз

Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздегі этносаралық келісімді нығайтудағы маңызды қоғамдық бірлестік. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1995 жылдың 1 наурызда Мемлекет басшысы жанынан құрылған консультативті-кеңесші орган бүгінде көп этносты Қазақстан халқын топтастырушы институт ретінде қалыптасты. Татулықтың осынау қазақстандық моделі қазіргі таңда әлем қауымдастығына үлгі болуда.

Ассамблея 2

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұраәлі Қалмұратовтан өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы білген едік.

– Мұратәлі Оразалы-ұлы, 2018 жылы құрылған Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы осы уақыт аралығында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат аясында қандай жұмыстар жүргізді? Осы туралы қысқаша айтып өтсеңіз.

– Иә, Елбасының 2018 жылғы маусымдағы тарихи Жарлығынан кейін шілде айында республикалық деңгейдегі қалалардың санатына қосылған Шымкентте қала әкімі аппараты жанынан құрылымдық бөлім ретінде Ассамблея хатшылығы жұмысын бастады.

Бір сөзбен түйіндегенде біздің негізгі мақсатымыз жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты қала аумағында жүйелі іске асыруды көздейді. Сондықтан, жұмысты жүйелеу үшін алдымен этномәдени бірлестіктердің құжаттарын реттеп, оны әділет органдарына тіркетіп, қалалық Асссамблея қатарына енгіздік. Нәтижесінде бұрын облыстық деңгейде әрекет еткен 20 этномәдени бірлестіктің 16-сы қалалық бірлестік ретінде қайта тіркелді.

Қалалық ассамблеяның жұмысын қамтамасыз ететін «Қоғамдық келісім» мекемесі тамыз айында құрылып, жұмысқа кірісті. Жалпы, өткен жылы құқықтық-құрылымдық, ұйымдастыру, мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізу бағытында бірқатар жобаларды іске асырдық.

Қала әкімі аппараты жанынан құрылған мекеме Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамбеясының қызметін қамтамасыз ету бағытында тиісті мемлекеттік мекемелермен, салалық органдармен, этномәдени бірлестіктермен, ұйымдармен және БАҚ өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеуде.

Өткен жылы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға бюджеттен қаржы қаралмаса да этномәдени бірлестіктер мен Ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдардың әлеуетімен бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды.

Атап айтқанда Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында халықаралық «Қазақстан палауы» фестивалі және жастар контингентімен «Жастар – жаңғырудың жаршысы» лекториі, «PRодвигай себя», «Рухани келісімнің қазақстандық үлгісі» семинар-тренингтері мен «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз», «Мен қазақша сөйлеймін» акциялары өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының бастамаларын іске асыру үшін «Nur Otan» партиясының қалалық филиалымен, жастар тәрбиесі мен отбасылық құндылықтарды ілгерілету үшін қалалық салалық басқармалармен, жоғары оқу орындарымен әріптестік меморандум түзілді.

58381314 189015578748247 2925552235351900160 n

Сондай-ақ, этнос өкілдері жинақы тұратын тұрғын алабтарда ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жүйелеу және этносаралық кикілжіңдердің алдын алу мақсатында тиісті құрылымдармен бірлескен іс-шаралар жоспары қабылданды.

Этносаралық ахуалды талдау және Шымкент қаласының этнокартасын әзірлеу үшін тиісті мемлекеттік органдармен, аудан әкімдіктерімен ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстар атқарылды.

Шымкент қаласының әкімі, қалалық ҚХА төрағасы Ғ.Әбдірахымовтың жетекшілігімен өткен қалалық Ассамблея кеңесінің отырысында Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі, Ғылыми-сарапшылық топ, Журналистер мен блогерлер клубы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, Ақпараттық-түсіндіру тобы мен «Қазақтану» жобасын іске асыру жөніндегі жұмыс тобының құрамы жасақталып, бұл құрылымдардың ережелері және 2019 жылға арналған жұмыс жоспарлары бекітілді. Жыл басынан бері жоғарыда аталған бағыттарда жұмыстар жүргізілуде.

– Өзіңіз айтқан Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы туралы ұсынысты Ассамблеяның XXVI сессиясында Шымкент қаласынан қатысқан делегат айтқан еді. Осы жоба бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?

– «Қазақтану» жобасы қазақ халқының рухани және мәдени құндылықтарының біріктіруші әлеуетін Қазақстан халқының қоғамдық санасына сіңіруге бағытталған. Жоба Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында Қазақстан халқын топтастырушы ортақ құндылықтарды қалыптастыру міндетін көздейді.

Ол жалпыға ортақ құндылықтар ретінде қазақ халқының ұлттық тарихын, мәдениетін, философиясын, этикасын белгілеп, олардың біртұтас Қазақстан халқы арасында танымалдылығын арттыруды мақсат тұтады.

Жобаны қала аумағында іске асыруда қалалық Ассамблея жанынан құрамына ғалымдар, қоғам белсенділері, өлкетанушылар, мәдениет қайраткерлері, мемлекеттік орган өкілдері, белсенді жастар кіретін жұмысшы тобы құрылып, қазақ халқының рухани және мәдени құндылықтарының біріктіруші әлеуетін қоғамдық санаға сіңірудің бірыңғай жүйесін әзірледі.

Жобаның тұжырымдамасы мен іс-шаралар жоспары түзіліп, салалық мекемелер мен оқу орындарына таратылды. Бұл жоба ғылыми және шығармашыл зиялы қауым, жастар, этностық топтар өкілдері арасында жағымды қоғамдық көзқарас қалыптастырып, кең қолдауға ие болды.

Кешенді іс-шаралар тізбегіне сай биыл Шымкентте наурыз мерекесі ерекше аталып өтті. Ұлттық нақышта көмкерілген Наурыз керуені қала көшелерін аралап, тұрғындар мен қонақтарға ұлттық ерекшелігімізді паш еттік. Ұлыстың ұлы күнін өзге қырынан дәріптедік.

Алдағы кезеңдерде кітапханаларда қазақ тарихының айтулы күндеріне арналған «Күнтізбені парақтағанда» тақырыбымен көрме ұйымдастыру, жас буын өкілдерін ұлттық қолөнерге баулу, «Қуатты елдің қуатты азаматтары» жобасын іске асыру жоспарлануда. Осы жоба аясында ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр туралы кітапша әзірлеуді жоспарлап отырмыз.

Биыл «Қазақтану» жобасы негізінде «Берекелі Шымкент», «Қазақ дастарханы», «Ұлттық домбыраны сыйға тарту», «Тілге құрмет – елге құрмет» жобалары жүзеге асырылады. Мұндағы басты мақсат – мемлекет құраушы қазақ ұлтының маңайына этнос өкілдерін шоғырландырып, өзара сыйластық пен ішкі бірлікті бекемдеуге бағыттау.

– Биыл Шымкентте Алғыс айту күні айрықша ұйымдастырылды. Әрине, мұндағы меже ән салып, би билеу емес екенін қалың бұқара ұғынды. Алғыс айту күніне орай апталық ұйымдастыру арқылы Сіздер нені көздедіңіздер?

– Жалпыхалықтық сипатқа ие болып, ұлтымыздың байырғы меймандостық, кеңпейілділік қасиеттерін паш ететін бұл мереке жаңа статус алған Шымкент қаласында биыл ерекше ұйымдастырылды. Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен жаңа сипатта өткізілген мазмұнды іс-шаралар Шымкентте 22 ақпаннан басталып, 1 наурызға дейін, 8 күн бойы жалғасты.

Мерекені жер-жерде ұйымдастыру мен өткізудің арнайы тұжырымдамасы әзірленіп, әр күнге тұрғындарды берекелі бірлікке үндейтін айрықша атаулар берілді. Іс-шаралар ауқымы мен оның аудиториясы мақсатқа сай белгіленді.

«Сыбаға» үлестіруден (қайырымдылықтан) басталған атаулы күндер «Тазалық», «Көршіге ізет», «Ұстазға құрмет», «Тарихқа тағзым», «Ықылас», «Ұрпақтар сабақтастығы», «Алғыс айту» күндерімен үйлесімді үндесті.

DSC 4844

Әр күні тақырыпқа сай қала аумағында қоғамдық келісім мен ынтымаққа бастайтын іс-шаралар өтті. Апталық аясында ұйымдастырылатын іс-шараларға қалалық Ассамблея жанындағы құрылымдарының мүшелері мен белсенді өкілдері жүйелі жұмылдырылды.

Мәселен, 22 ақпан – «Қайырымдылық күні» Қазақстан халқы Асссамблеясының қайырымдылық керуені шеңберінде «Сыбаға» іс-шарасы өткізіп, ұлттық дәстүрімізді қайта жаңғыртып, 40 азаматқа, оның ішінде қадірлі қарияларға, абзал аналарымызға, жас отау иелеріне құрмет көрсеттік.

Мұндай шаралар қаланың барлық аудандарында, тұрғын алабтарда ұйымдастырылып, қазақтың игі дәстүрі елді топтастыруға қызмет етті.

«Көршіге ізет күні» Сайрам тұрғын алабында өзбек этномәдени бірлестігі көршілес Шапырашты, Өтеміс, Қызылсу, Тассай, Мәртөбе, Тоғыс, Бадам, Қарабастау тұрғын алаптарының абзал қарияларын, абыройлы азаматтарын сыйлы қонақ ретінде шақырып, көршіге ізет көрсетті.

Мұндағы мақсат – ас ішіп, табақ босату емес, елді берекелі бірлік пен ырысты ынтымаққа жетелейтін бұл іс-шара көршілер арасында өзара түсіністік пен құрметті қалыптастыруды көздеді.

26 ақпан – «Тарихқа тағзым күні» болып белгіленіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында депортация жылдары Қазақстанға қоныс аударған этностар туралы «Тағдыр тоғыстырған» атауымен кітап, фото, тарихи құжаттар көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеге оқушылар, студенттер, жалпы жастар буыны өкілдері қатысып, Қазақстанға күштеп қоныс аударылған этностардың бастан кешкендерін, мұнда жергілікті халық тарапынан қандай қолдауларға ие болғаны жөніндегі деректермен танысты.

Ал 27 ақпан – «Ықылас күні» саяси депортация қасіретін бастан өткізген этнос өкілдерінің бүгінгі буыны, қиын-қыстау жылдары пана берген, қолдау білдірген қазақ отбасыларының бүгінгі ұрпағымен кездесті. 28 ақпан – «Ұрпақтар сабақтастығы» атауын иеленіп, бұл күні қаладағы білім беру мекемелерінде «Қазақ еліне мың алғыс!» тақырыбында бірыңғай ашық сабағы өткізілді.

Апталық 1 наурыз – Алғыс айту күнімен қорытындыланып, қаладағы «Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары гүл шоқтарын қойды. Қала әкімінің қатысуымен салтанатты жиын өткізіліп, Қазақстан халқы Ассамблеясына мүше болған азаматтарға куәліктер табысталды.

– Бәрекелді. Ал 2019 жылы алға қойған негізі межелеріңіз қандай? Осы туралы қысқаша айтып өтсеңіз...

– Жалпы, 2019 жылы түрлі бағыттар бойынша 31 іс-шара жоспары қабылданды. Оның 16-сы мекемелермен, ұйымдар, ал 15 іс-шара этномәдени бірлестіктермен келісіліп, бекітілді.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің жанындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедраларымен байланыс орнатылып, қаладағы 29 колледж жанынан «Достық» клубтары құрылуда.

Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға жауапты тиісті органдардың жұмыс жоспарлары қайта нақтыланып, Ассамблеяның міндеттеріне сай бағытталды. Барлық бағыттағы жұмыс жоспарларына Ассамблея хатшылығы тарапынан жауапты мамандар бекітіліп, орындалуы бақылауға алынған.

Этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдеріне арналған мемлекеттік тілді оқыту курстарын аштық. Қазіргі таңда қаладағы Ассамблея ғимаратында этнос өкілдері аптасына екі рет мемлекеттік тілді оқып-үйренуде.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалымен бірлесе жастардың стартап жобаларын іздестіру, тұрғындарды бизнеске баулуда шеберлік дәрістерін тұрақты түрде өткізу қолға алынды.

Сәуір айынан бастап этнос өкілдері жинақы тұратын шағынаудандар мен тұрғын үй алаптарында түсіндіру жұмыстарын бастадық. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады.

Этнос өкілдері мен Ассамблея жанындағы құрылым мүшелерінің қатысуымен «Қайырымдылық керуені» (бір жыл бойы ай сайын), «Абай оқулары», «Қайырымдылық – қайырлы іс», «Үздік Қоғамдық келісім кеңесі», «Жастар шақырады», «Ұлы Дала елі – қасиетті мұра» жобалары сынды бастамаларды іске асыру жоспарлануда.

Қаладағы этносаралық ахуалды сараптау да күн тәртібінде тұр. Этнос өкілдері жинақы тұратын аудандарда, шағынаудандарда девиантты мінез-құлықты жастармен жұмыс жүргізілмек. Бұл шараларға этностардың белсенді жас буынын жұмылдыру көзделген.

Жалпы, алда әлі талай ауқымды міндеттер тұр. Ел бірлігін арттыру, қоғам тұрақтылығын сақтау сынды мақсаттарға қол жеткізуде енді ғана құрылып, аяғына тұрып келе жатқан Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуеті зор деп білемін.

Жоспарымыздың жүйелі, жұмысымыздың нәтижелі болуына білек сыбана кірісіп, толымды табыстарға қол жеткіземіз дегім келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

А.СӘДУӘЛІ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.