Президент сайлауы: Шымкентте қалай өтті? Избранное

Среда, 12 Июнь 2019 05:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 383 раз

Бар жағдай – сайлаушыларға

DSC 4038

Жалпы, Шымкентте Президент сайлауы республикалық қала дәрежесінде алғаш рет өтті. Үшінші мегаполистегі сайлау комиссиялары саяси науқанға тыңғылықты дайындықпен келді. Президент сайлауы күні қалада 260 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Оның ішінде 25 учаске жаңадан ашылған. Бұған қоса әскери бөлімдер, тергеу абақтылары мен медициналық мекемелер аумағындағы 19 жабық сайлау учаскесі болды.

Шымкентте 569 мың 375 сайлаушы тіркелген. 2016 жылға қарағанда сайлаушылар саны 200 мың адамға көбейген. Сайлау барысын саяси партиялар, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, журналистерден құралған 800-ден аса бақылаушы бақылады. Оның ішінде 26 шетелдік бақылаушы болды.

Сайлаушылардың ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар да дауыс берді. Олардың өз өтініштері бойынша арнайы техникамен жабдықталған инватакси алып жүрді, сайлау учаскелері қажетіне орай арнайы кабинкалар, тактильді тақташалар, құлаққаптар, ұлғайтқыш әйнектер, аудио және видеобағдарламалармен жабдықталды.

Миллионды қаланың тарихында алғаш рет сайлау күні қоғамдық көлік тегін қатынап, тек сайлаушылар ғана емес, жолаушыларға да қызмет көрсетті.

Сайлау – азаматтық парыз

Аким

ҚР Президентінің сайлауы күнінде Шымкент қаласындағы сайлау учаскелері сағат 7:00-де ашылып, дауыс беру басталды. Алғашқылардың бірі болып қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов А.Пушкин атындағы N1 мектеп-гимназиясындағы 92 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.

– Бұл саяси іс-шара - еліміз үшін өте маңызды. Сол үшін ең бірінші болып, әріптестеріммен бірге келіп дауыс беруді ұйғардым. Бұл – болашағымды таңдау. Баршамыздың өз таңдау құқығымыз бар, - деді қала әкімі.
Сонымен қатар Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев та тіркелген сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.

Дауыс беруге барды жасың да, кәрің де...

Шымкенттегі сайлау барысы бірқалыпты, тыныш өтті. Бұл күні ерекше оқиғалар да тіркелді. Қалада жас жұбайлар мен жаңа түскен келіншек те азаматтық парызын орындап, дауыс берді.

Шаңырақ көтерген жас жұбайлар Мақсат Қабылбаев пен Камила Жауылбаевалар өздері тіркелген №37 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. Олар той күнін осыдан 3 ай бұрын белгілеп қойғандарын айтады. Өмірлерінің ең бақытты сәттерінің бірінде сайлау учаскесіне ат басын бұрып, дауыс беруді шешіпті.

Ал тағы бір жаңа түскен келін сайлау учаскесіне ақ жаулығымен барған. Әлеуметтік желіде тараған келіннің суретін Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Инстаграм аккаунтында жариялап, «Бұл – Шымкент! Жас отау құрған жастар және беті ашылмаған келіншек», деген жазба қалдырды. Желі қолданушыларының мәліметінше, жас келін Қайтпас шағынауданындағы сайлау учаскелерінің бірінде дауыс берген.

Айта кетейік, сайлау күні Шымкентте 53 сәби өмір есігін ашты. Ақ халаттылар саяси дода күні дүниеге келгендердің басым бөлігі қыз балалар екенін айтады. Сайлау күні дүниеге сәби әкелген келіншектер де дауыс беріп, олар үшін перзентханаларда сайлау учаскелері жұмыс істеді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.