Премьер-Министр мегаполиске жұмыс сапарымен келді Избранное

Среда, 26 Июнь 2019 05:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1912 раз

Үкімет басшысы Асқар Мамин Шымкенттегі нысандар мен көліктік инфрақұрылымның жұмысымен танысты.

Мамин 2

Премьер-Министр алдымен қаладағы кәріз-тазарту жүйелерінің аумағында болып, қалдық суды тазарту жүйесінің жұмысымен танысты. Қалдықтан электр энергиясын алатын биогаз қондырғысының жұмысын көрді.
Жауапты мамандардың Үкімет басшысына баяндауынша, 2016 жылы тазарту құрылғыларына жаңарту жұмыстары жүргізіліп, тиімді технологияның көмегімен өндірістік қуаттылығы тәулігіне 150 мың т.м. жетіп отыр.

Мұнда биогаз өндіретін станция орнатылған. Жалпы, қала бойынша қалдық су ағу жүйесінің ұзындығы – 838 шақырым.

Қалдық су және кәріз жүйесінің жұмысын одан әрі дамыту үшін қала аумағында алдағы уақытта қуаттылығы тәулігіне 150 мың және 60 мың т.м. болатын 2 кәріз тазарту қондырғысын салу жоспарлануда. Құрылыс бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады.

ҚР Премьер-Министрі мегаполистегі жұмыс сапары барысында жаңадан ашылған «Shymkent bus» автопаркіне де барып, ондағы автобустарға мініп көрді. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Үкімет басшысына жолаушыларды қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету барысын баяндады.

Паркте жанармай бекеті, сервистік орталық, автожуу қызметінен бөлек, қызметкерлер үшін жатақхана, медпункт және жүргізушілерге арналған асхана да қарастырылған.
Жобаның операторы «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы», ал әріптестері «БРК-Лизинг» АҚ мен «СарыарқаАвтоПром» АҚ белгіленген.

Айта кетейік, Шымкентте Қала күні қарсаңында жаңадан «Shymkent bus» муниципалды автопаркі ашылған болатын. Онда жоспарланған 300 автобустан 160-ы әкелінген еді. 40-қа жуық автобус жаңа бағыттармен жолаушылар тасымалдауға шығып кетті.

Қалған 140 автобус шілде айында жеткізілмек. Жалпы 2020 жылдың наурыз айына дейін тағы 700 автобус келеді деп күтілуде. Қала әкімі осылайша алдағы уақытта қаладағы қоғамдық көлікке қатысты барлық мәселелер шешілетінін айтады.

«Анкай» маркалы жаңа автобустар Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» АҚ зауытында құрастырылады. Жалпы сыйымдылығы - 56 адам, ұзындығы - 8,5 метр.

Олар салқындатқыштармен, пандустармен, бейнекамералармен, жолаушылар ағынының датчиктерімен, GPS-трекерлермен жабдықталған. Сондай-ақ, жоба аясында жол ақысын төлеудің «Оңай» электрондық жүйесін орнату жоспарлануда.

Арман СӘДУӘЛІ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.