Өз тілің – бірлік үшін, Өзге тілің – тірлік үшін Избранное

Пятница, 13 Сентябрь 2019 03:27 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2910 раз

«Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесі аясында шаһарымызда өткен шаралар «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты қалалық форумға жалғасты. Шымкент қаласы тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы мен «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі ұйымдастырған шарада қала әкімі Ерлан Айтаханов жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтады.

 DSC8791

«Жазушы Мұхтар Шаханов ағамыз «Тіл - әр ұлттың ең ұлы анасы» - деп бекер айтқан жоқ. Мемлекетімізде жүргізіліп жатқан саясаттың негізінде барлық ұлт өкілдеріне өзінің тілін дамытуға, салт-дәстүрін нығайтуға жағдай жасалған. Бізде мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Күні кеше Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында мемлекеттік тіл ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керектігін баса айтты.

Сондықтан біз осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі мерекені тек қана бір күндік іс-шара ретінде қарамай, оған тұрақты мән беріп, қаланың іс-шаралар жоспарына енгізуіміз қажет», – деді қала әкімі.

Ал «Шымкент келбеті» газеті бас редакторының орынбасары, «Қазақстанның құрметті журналисі» Асхан Майлыбаева мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру тұрғысында әлі де шешімін күткен шаруалар бар екенін айтты. «Көшелердегі кейбір жартыкеш жарнамалар мен сақау баланың тіліндей түсініксіз аудармаларды көргенде қынжылатынымыз рас.

Өкінішке орай, өз тілін өгейсініп, қазақша сөйлеуге арланатын жастар да кездеседі. Әрине, басқа тілді меңгеруге ешқандай шектеу жоқ. Бірақ, «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деп Қадыр ақын айтқандай, ұлттық рухымызды аласартпасақ, тіліміздің тұғыры да, қадірі де ешқашан төмендемейді, - деді тіл жанашыры.

Форум аясында мемлекеттік тілдің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген қаламыздағы тіл жанашырлары марапатталды. Солардың ішінде Корей этномәдени орталығының мүшесі, Шымкент қалалық №88 мектеп мұғалімі Тимур Пак сахнаға шығып, қазақша ағыла сөйлеп, Абайдың «Сегіз аяқ», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін қиюын келтіріп орындағанда көпшілік сүйсіне қол соқты.

Ал Шымкент қаласы №3 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау капитаны Вячаслав Письменский бала кезінде домбыра аспабын үйрене алмағанын, енді қос бүлдіршін қызын қазақтың ұлттық аспабын меңгеруге баулығысы келетінін айтты. Оның бұл ойын осы форумға дайындық барысында білген Асхан Майлыбаева Вячеславқа ұлттық нақышпен өрнектелген домбыра сыйға тартты.

 DSC8945

Сонымен қатар жиналғандар Шымшаһардың белсенді де патриот жастарының орындауында Абай шығармаларының негізінде құрылған композиция тыңдады. №18 мектептің оқушысы Назмина халқымыздың қазыналы мұрасына айналған «Қобыланды батыр» жырынан жатқа үзінді оқыды. Талабы таудай оқушы алдағы маусымда өтетін батырлар жырын оқудан республикалық сайыста Шымкенттің даңқын шығармақ. 

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.