Президент ресми сапармен Қырғызстанға барды Избранное

Пятница, 29 Ноябрь 2019 04:11 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 228 раз

Екі ел Президенттері кездесу барысында екіжақты стратегиялық серіктестік бойынша, оның ішінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттағы, сондай-ақ, халықаралық құрылымдар аясындағы көптеген мәселелерді қарастырды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков келіссөздер жүргізіп, одан кейін Мемлекетаралық кеңестің бесінші отырысын өткізді.

Қазақстан Президенті Қырғызстанға жасаған сапарының ерекше маңыздылығын атап өтіп, туыстас елді ежелден тығыз достық байланыс, терең тамыр, тіл мен мәдениет біріктіретінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде одақтастық әрі стратегиялық серіктестік деңгейіне жеткен екіжақты байланыстарды дамытуға Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Сооронбай Жээнбековтің қосқан үлесіне тоқталды.

– Нұрсұлтан Назарбаев пен Сооронбай Жээнбеков 2017 жылы саяси ерік-жігер танытып, екі ел үшін де маңызды саналатын мемлекеттік шекараның құқықтық мәртебесін бекітті. Бұл Қазақстан мен Қырғызстанның бүкіл әлем қоғамдастығына тату көршілік рухының жарқын үлгісін көрсетті, – деді Қ.Тоқаев.

Ол Қазақстанның Президенті ретінде көпжақты қазақ-қырғыз ықпалдастығын дамыта беруге ниетті екеніне назар аударды. Оның айтуынша, бүгінгі келіссөздер қорытындысы бойынша қол қойылған Бірлескен декларация соның айқын дәлелі. Қ.Тоқаев келіссөздер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарға баса назар аударылғанын мәлімдеді.

– 2015-2018 жылдары екіжақты тауар айналымы 30 пайызға артып, 900 миллион долларға жуықтады. Соның нәтижесінде еліміз Қырғызстанның жетекші сауда серіктесіне айналды және Ресей мен Қытайдан кейінгі үшінші орынды берік иеленіп отыр. Өз кезегінде Орталық Азия елдері ішінде Қырғызстан – Қазақстанның екінші сауда серіктесі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте, Қазақстан Президенті тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізу міндетіне айрықша тоқталды және өзара сауда-саттықтың шамамен 50 пайызын құрайтын шекара маңы ынтымақтастығының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Келіссөздер барысында екі ел басшылары мәдени-гуманитарлық саланы одан әрі дамытудың перспективаларын жеке мәселе ретінде қарастырды. Атап айтқанда, алдағы уақытта өзара Мәдени күндерін ұйымдастыру ұсынылды. Соңғы рет мұндай шара алты жыл бұрын өткізілген болатын.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.