Бұл жұмыстың жауапкершілігі учаскелік дәрігерлерге жүктелген. Рахат Қалменова №2 емхананың жалпы тәжірибелі дәрігері. Абай ауданындағы Тургенов, Қорғасын, Домалақ ана, Қалметов көшесінің ой-шұқырын да жақсы білетін маманның учаскесінде 1700-ге жуық тұрғын болса, оның 350-і балалар.
– Бағдарламаның созылмалы дертпен ауыратын науқастардың денсаулығын жақсартудағы тиімділігін уақыт көрсетуде. Мұнда науқасты медициналық күтудің жеке жоспары түзіліп, жалпы тәжірибелі дәрігермен бірге психолог, социолог, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары бірлесе жұмыс істейді. Науқас үш ай сайын медициналық тексерістен өтіп, олардың дәрігерге қаралуынан бастап, дәрі-дәрмек қабылдауы секілді процедураның барлығын қадағалап отырамыз. Бүгінде негізгі үш ауру бойынша 73 азаматтың денсаулығы жіті бақылауда. Бұл науқастар өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарауға деген көзқарасын өзгертті. Қазір аумаққа қарасты тұрғындардың дәрігерді шақыртуы және жедел жәрдем көмегіне жүгіну көрсеткіші азайды, – дейді Рахат Қалменова.
Бұл – елімізде артериалды гипертензия, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі және қант диабетінен өлім-жітім көбейгендіктен пилоттық жоба ретінде енгізілген бағдарлама-тын. Бұдан бөлек, Елбасы кезекті Жолдауында созылмалы ауруларды басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген медициналық қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен көтеруді тапсырды. Ал №2 қалалық емхана мамандары жаңа жүйені тиянақты іске асырып, нәтижелі көрсеткішімен қаладағы емдеу мекемелері арасында үштікке ілінген. Қала тұрғыны Садыбек Пазылбеков аталған емханада екі жылдан бері қант диабетімен есепте тұрады. Учаскелік дәрігер «Қант диабеті» мектебінде науқастарға дерт жайында толық мағлұмат беріліп, дәрмектерді уақытында қабылдау, денсаулығына күтім жасау, дұрыс тамақтану туралы түсіндірілетінін айтады.
– Айналаңдағы адамдардың қамқорлығының өзі көңіл-күйді жақсартады. Мамандар тоқсан сайын денсаулығымызды тексеріп, қадағалап отырады. Учаскелік дәрігеріміз Рахат Қалменова мен оның командасындағы қызметкерлерге алғысымыз зор, – дейді С.Пазылбеков.
Медицина қызметкерлері бағдарлама негізіндегі үш назалогияға жаңа жылдан бастап бронхит дертінің қосылатынын жеткізді. Мамандар ауруды басқарса, «дерттің ауылын алыстату» мүмкіндігі жоғары дегенді алға тартып отыр.