Еріктілік – қайырымдылықтың бір қанаты

Среда, 22 Январь 2020 04:10 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 376 раз

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
«2016 жылы еріктілердің мәртебесін, құқығы мен міндеттерін және мемлекеттік қолдау шараларын бекітетін «Волонтерлік қызмет туралы» заң қабылдадық. 2017 жылы «ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесі жастарды жаппай волонтерлік қозғалысқа тарту ісін бастап берді. Биыл Қазақстандағы волонтерлікті дамытудың жаңа кезеңіне қадам басамыз.»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2020 жыл –  «Жастар жылының» жалғасы ретінде «Еріктілер жылы» болатынын, жастарымызды белсенді волонтерлік жұмысқа тарту қажеттігін атап өтті. Жыл ішінде денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету, мәдениет және басқа да салаларда  жалпыұлттық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Жалпы «волонтер жылы» адами капиталды дамытуға бағытталады.

Беріке-Бекжанов

Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Қайырымдылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз» - деп атап өткен болатын. 

Ерікті (волонтер) – латынның «voluntaries» сөзінен шыққан. Өз еркімен, өзінің есебінен қоғамдық жұмыстарға белсене араласушы деген мағынаны білдіреді. Бұл термин әлемде ең алғаш 1600 жылы қолданылды. Соғыс кезінде майданға өз еркімен сұранып барғандарды солай атаған көрінеді. Кейін келе барлық салаға өз бетімен, ешбір қайтарым күтпей жұмыс істеуді қалайтындарға осы теңеу таңылды. Қазіргі қоғамда түрлі діни көзқарастардың белең алуы, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің арасында қылмыстың өсуі, маскүнемдік, шылым шегу, нашақорлық, өз-өзіне қол жұмсау, жас отбасылардың ажырасуы жағдайларының көбеюі өзекті мәселе болып тұр. Осы түйткілді мәселелерді шешуде де еріктілердің кіршіксіз таза жүрекпен жасаған ізгілікті қызметтері керек-ақ. 

Еріктілер көне дәстүрімізде «асаршылар», Кеңес одағы кезінде «тимуршылар» деген атпен белгілі болса, бүгінде бұл игі іспен әлем бойынша миллиондаған адам айналысады. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда еріктілер қызметі 1991 жылдан бастау алады. Ал Еуропа елдерінде бұрынырақ, яғни ХІХ ғасырдың 20 жылдарынан пайда бола бастаған. 

Еріктілер қызметі бұл – көмекті қажет етушілерге білдірілетін сүйіспеншілік пен нақты жәрдем. Қайырымдылық адамзаттың асыл қасиеттерінің бірі және ізгіліктің анық көрінісі болып есептеледі. Волонтерлік қызмет – өз еркіңмен баратын қайырымды шара. Дегенмен, бұл жүрек қалауының қызметі қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік өмірінде ежелден келе жатқан – жылу жинау немесе асар жасау дәстүрлерінің тарихи жалғасы. Табиғат апатынан немесе өзге де бақытсыздық салдарынан баспанасынан, мал-мүлкінен айырылған отбасыға ауыл болып көмектесуді қазақта «жылу жинау» деп те айтады. Сондықтан, «ерікті» сөзі кейін пайда болған немесе жаңа заманның термині деп қабылдаудың қажеті жоқ. Өйткені бұл сөздің түбірі біздің халықтың дәстүрінде әу бастан қайырымдылықпен қанаттасып жатыр.

волонтер

«Абай жолы» роман-эпопеясында Мұхтар Әуезов ұлы ақын Абай Құнанбаевтың жеке өмірін, күресін ғана суреттеп қоймайды, сонымен бірге ақын өмір сүрген қоғамның қоғамдық-әлеуметтік өмірін, оның ішінде асарлату, жылу жинау дәстүрін де жан-жақты бейнелейді. Жұт деген жоқшылық, қысталаң, апат деген қақ қасына келгенде, Абай ел тірлігінің барлық қайғылы сорын көрді. Өз ойының ауыртпалығы Абайға барлық тірлікті соншалық татымсыз, жалған етіп көрсетті. Әрбір ауылдың үлкендеріне соғып: 

– Тоңғандарың мына тұс-тұсындағы ауылдарға барып, жылынып қайтыңдар. Бір-бір мезгіл ыстық ішіңдер. Осы қорықтарда отырғандардың бәрі ағайын ғой. Мынау апатпен алысып жатқан ағайынға қайырым етіңдер! Ауылда қанша қазан болса, сонша ыстық істеп, күніне бір-бір рет қорек етіңдер. Қумайды. Жасқанбаңдар! – деген сөздерінен данышпан Абайдың апатпен алысып жатқан ағайынды бірлікке, бірлесе қиындықтан шығу жолдарын іздегенінің көрінісі. Сондай-ақ «Абай жолында» қасына Дәркембай келгенде, Абай Қаражанға түйіле қарап: 

– Міне, сенің ауылыңнан ас ішетін кісілерді мына Дәркембай бастап кеп тұрады. Жалғыз өз үйің емес, осы ауылда неше түтін, неше қазан бар, соның бәрін асқызып отыр. Бар ауылың қызмет етсін! – дейді. Абай Қаражанға өз пайдасын ойлау қазақ халқының қанында жоқ қылық екенін түсіндіргісі келеді. Бұл жолдардан ұлы Абайдың халықтың бірігіп, бір-біріне көмек қолын созып, жылу жинауға шақырады. 

Тәуке ханның тұсында қабылданған «Жеті жарғы» заң жинағында жылу жинау дәстүрі туралы «Бұл – Тәңірі ісі» деп айтылған. Заңда: «Әртүрлі табиғи апат (жұт, өрт, т.б.) салдарынан мал мен дүниесінен айырылып, күнкөруі қиындап кеткен адамдар қазақ баласынан жылу жинауға хақылы. Жылуды ел болып та, жеке адам болып та жинайды, қандай да түрі болмасын жылу жинау туралы шешімде ел басшылары мен билердің келісімін алады» - делінген. 

 Халқымыз: «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» – дейді. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 272-аятында: Қайыр – садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздіккке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)» – делінген. Шариғатпен астасып жатқан бұл қайрымды қызметтің ұлт болашағының рухани жаңғыру жолында берері мол. 

Асар – ертеден келе жатқан халқымыздың озық әдет-ғұрпы, бір-біріне ақысыз көмек көрсету, көпшіліктің көмегін пайдалану дәстүрі. «Хошар» немесе «Асар» сөздері тұрғын үй салу сияқты, қиын және көлемді жұмыс болған кездері адамдардың көмекке жабылуын білдіреді. «Асар» – туған-туыстар, достар немесе көршілер қиындықтарға тап болған адамға немесе отбасыға қайтарымсыз көмек көрсету. Қырғыз, қазақ, өзбек, тәжік, түркімен халықтарына ортақ бұл дәстүрдің өте ертеде пайда болғандығы жайында деректер бар. Басына іс түскен адамға ауыл тұрғындары, көрші-қолаңы, туған-туыстары мал, дүние береді немесе қаржылай көмек көрсетеді. Асар – дүние, мүлік жағынан емес, қол еңбегімен көрсетілетін жәрдем.

Егін ору, пішен, үй салу тәрізді науқан кезінде жалғыз шамасы келмей, жұмысы өнбей жатқан адамға ағайын-туыс, дос-жарандар келіп, жұмысты бірігіп бітіріп тастауға тырысады. Сонау атам заманнан жалғасып келе жатқан бұл игі дәстүрдің бүгінгі жаһандану заманында көрініс тауып келе жатқанын біз дәстүр сабақтастығы деп түсінеміз. Өткен жылдың 24 маусымында Түркістан облысы Арыс қаласының жанында орналасқан ҚР ҚК-нің қару-жарақ қоймасының бірінде оқ-дәрілер жарылып, арты өртке ұласқаны мәлім. Жарылыстан кейін Арыс тұрғындарының көрші елдімекендерге уақытша орналасып, жоғалған балалардың табылуына көмектескен еріктілердің қайырлы істерін қоғам жоғары бағалайды. 

Дегенмен бүгінгі күні азаматтарды ерікті болуға ынталандыратын жүйе жоқтың қасы. Сондықтан еріктілердің мәртебесін көтеруді қоғам болып қолға алуымыз керек. Өйткені, еріктілер туралы өте аз ақпараттандырылған, үгіт-насихат жұмыстары жетіспейді. Қайтарымсыз жұмыстың жемісін бағаламау да, оларды қолдаусыз қалдыру да осы насихаттың жоқтығынан туындап тұр. Осыдан келіп волонтерлердің ел дамуындағы рөлі, еріктілікке ынталандыру, волонтерлік мәдениет туралы таным, түсінік қалыптаспаған.

Ерікті болу – жаңа әлемді ашып, білмегенді үйрену. Әлемде өз еркімен, риясыз жақсылық жасау жолында жүрген адамдардың бар екенін дәлелдейді. Ерікті болудың арқасында әрбір азамат еліне көмектесіп қана қоймай, өзіне мүдделес серік табады. 

Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде. Ерекше қызмет қоғамның өз ішінде дамып, кейін келе кең өріс тапты, сондықтан оның одан әрі де қанат жаюы сол қоғамның өзіне тікелей байланысты болмақ. Десе де мемлекет тарапынан еңбектің ақшалай ғана емес, моральдық тұрғыдан да бағаланғаны абзал. 

Ерікті болу – күндіз-түні жұмыс істеу деп түсінетіндер бар. Бұл пікір дұрыс емес. Әрбір азамат, әрбір маман иесі өз жүрек қалауымен жақсылық нұрын шашуға ниетті болса, ол ерікті болып табылады. Өз еркімен өтеусіз, қоғамға пайдалы іспен шұғылдануға барша жастарды шақырамын. 

 

Берік БЕКЖАНОВ, 
«Шымкент қаласы 
кәсіподақтар орталығы»
аумақтық 
кәсіподақтар 
бірлестігінің төрағасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2020 жыл –  «Жастар жылының» жалғасы ретінде «Еріктілер жылы» болатынын, жастарымызды белсенді волонтерлік жұмысқа тарту қажеттігін атап өтті. Жыл ішінде денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету, мәдениет және басқа да салаларда  жалпыұлттық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Жалпы «волонтер жылы» адами капиталды дамытуға бағытталады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.