Шымкент қаласының тұрғыны А.Бакиев шетелден әкелген көлігін уақытша тіркеуге қойып, арнайы нөмір алды. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының Шымкент қалалық филиалының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Осылайша бұл азамат үшінші мегаполисте көлігін алғаш болып уақытша тіркеуге қойып отыр.
Автоәуесқой 2018 жылы Армениядан Тойота Камри көлігін әкелген.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев шетелдік көліктерді уақытша тіркеу шарттарын түсіндірген болатын.
– Шетелден жеткізілген автокөліктерге арнайы сериялы және типтік нөмірлер беріліп, техникалық паспортқа көлікті тіркеу шарттары туралы сәйкес белгі қойылады. Ішкі істер министрлігі 18 цифрымен сары фондағы нөмір үлгісін шығарды. Сонымен қатар, техникалық паспортта 2021 жылдың 1 наурызына дейінгі жарамдылық мерзімі көрсетіледі, - деген еді М.Қожаев.