Адамның емес, Алланың алғысын алғысы келеді Избранное

Среда, 10 Июнь 2020 03:41 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2956 раз

78

Жүрегінде иманы бар азаматтар ортамызда әлі де көп. Бүгінгі күнді ақша билеген, құлқынға құл болған заман деп сөгіп жатамыз кейде. Бірақ мәселеге терең үңілсек, қоғам соншалықты бүлініп кетпегенін, қарапайым жұрт ішінде жақсылық жасауға асығып тұратын адамдар аз еместігін көреміз.

Әлібек Таласбековтің батырлығымен көзге түскен қаһармандық ерлігі жоқ. Өнерімен, талантымен де елге танымал жан емес. Оны даралап тұрған бір қасиет – жанының қайырымдылық пен ізгілікке жақындығы. Жанашыр азамат әр аптаның жұмасында адамдарға тегін нан таратады. Өзінің ашқан шағын маркетінде жұма сайын клиенттерге ыстық нан үлестіреді. Осы істеген жақсылығы, халыққа көрсеткен қызметі ерлік, қаһармандық емей немене?!
Өмірде көп адамның сөзі көп те, ісі аз болады, мақтағанды, мақтанғанды жақсы көреді. Ал, Әлібектей үндемей-ақ жақсылық жасайтын, оң қолы берген садақаны сол қолы көрмейтін кісілер өте сирек. Қайырымдылық ісі жайлы газетке жазғанымызға ол қарсы болды. «Бұл ізгілікті ісіңіз өзгелерге насихат болсын» деп біз қолқа салып қоймағандығымыздан ғана келісті.
— Қалада туып-өстік, осы Тассай шағынауданындағы аграрлық колледже оқып, М.Сапарбаев атындағы жоғары оқу орнында денешынықтыру пәнінің мұғалімі деген мамандық алып шықтым. Бірақ бизнеске көңілім ауып, үйімнен дүкен аштым. Қазір осы кәсіппен жан бағып отырмын. Осыдан бірнеше ай бұрын Алланың жолында бір жақсылық жасағым келді. Ойлана келе, жұма сайын келушілерге тегін нан таратуды ұйғардым. Жұма күні екі рет нанға тапсырыс берем. Таңертең алдырған ыстық нан түске қарай таусылады. Сосын түсте тағы да нан әкеледі. Бас-аяғы 300 бөлке нан тегін таратылады. Мен бұл жақсылығымды ешкімге бұлдамаймын. Жұрт алғыс та айтпай-ақ қойсын. Маған ең бастысы Алланың разылығы керек. Осы қайырымдылығым қияметте өзіме, бала-шағама қайыр боп қайтын деп тілеймін, - дейді Әлібек.
Әсіресе, карантинде адамдардың көпшілігі табыссыз үйде отырып қалған кезде, жанашыр жанның көмегі халыққа қандай жәрдемін тигізді десеңізші! Құдай қазақты пейлінен айырмаса, ұлтымыздың бойында бар жомарттық мінез ешқашан жоғалмайды. Ал, Әлібекке ісің оңға бассын, еңбегіңнің жемісін көр, дегіміз келеді.
Иә, жақсының жақсылығын айтайық, нұры тасысын. Білгенге, біздің Шымкент нағыз қайырымды қала ғой.

 

Ә.НҰРЖІГІТҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.