НӘПСІ ТЫНСА, ПЕЙІЛ КЕҢІР Избранное

Пятница, 10 Июль 2020 03:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 376 раз

11429371

Пейіл... Осы бір ауыз сөзде қазақтың жаны жатыр екен ғой. Кеңге – кең дүние, тарға–тар дүние деген рас па дерсің!?.

Шынын айту керек, басында біздің көбіміз бұл індеттің зауалына сенімсіздік таныттық. «Қайсы, кім бар ауырып жатқан, көрсетіңдерші, атын атап, түсін түстеңдерші, кәні?» деп күпіршілікке ұрындық. Енді міне, «көрсет!» деген ауруымыз көзімізді шығарып барады. Дерт ел арасын кезіп бастағанда тағы біріміз «Жүдә, жақсы болды. Той деген тоқтады, жиын-той болмаса, ысыраптан арыламыз» деп астамшыл әңгімені арындаттық. Япырай, бұл сөзіміз де артық айтылып кетпеді ме осы? Сол пейілімізден тауып алған жоқпыз ба мына жамандықты деген де ой келеді. Той-тойламақ түгілі көршінің үйіне кіріп, емен-жарқын қауқылдасып,бір-біріміздің дастарханымыздан бір шынаяқ шәй ішудің өзі арман болып қалған жоқ па?!
Ал карантинді қу құлқынының кәдесіне асырып, қымбатшылықты қолдан туғызғандардың құлқын айтсаңызшы?.. Кімге керек?! Әрине, елдің еңсесі езіліп, онсыз да халық қиналып жатқанда алыпсатарлар дейтін айлакештердің айы оңынан туа қалатыны бар. Карантин басталмай жатып-ақ бір күннің ішінде базарларда адыраспан, імбір мен лимон, чесноктан бастап барлық азық-түліктің бағасы аспандап шыға келді. Бір бумасы 100-150 теңгенің адыраспанын 500-700 теңгеге, бір келісі 500-600 теңге тұратын імбірді 5-6 мың теңгеге саудалағандардың жүзі тіпті шімірікпеді. Бұл баға қайдан шықты демеді, бір күнде-ақ сауданың сатысын космостық жылдамдықпен аспанға бір-ақ шығарды.
Ал дәрі-дәрмек ше? Ол туралы айтсақ, еңірегенде етегі жасқа толатындар аз емес. Аурудың жақсысы жоқ, дәрінің тәттісі жоқ. Мұқтаж болған соң, амалсыздан «Дексаметазонның» 2300 теңге тұратын қорабын 25 000 теңгеге, яғни, он есе қымбат бағаға сатып алғандар бар. Дәті қатты, нәпсісі ащы кейбір дәріханашылар аузына сыйған бағаны айылын жимай айтып тұрып алды. Оларды аз десеңіз, дәрі тапшылығын қолдан жасап, қолайлы сәтті тиімді пайдаланып қалуға қам жасаған тоғышарлар тобы да туындай қалды. «Керек боп қалар» деген пасық пиғылмен сұранысқа түскен дәрі-дәрмекті үйіп сатып алып, үйіне тығып қою да пейілдің тарлығынан емес пе?!
Президент Қ.Тоқаев халқымызға үндеу жасады. Ел ішіндегі жөнсіздіктерді сөз етті. «Сол сияқты дәрі-дәрмектің бағасын бірнеше есе өсіріп, қалыптасқан жағдайды өз мақсатына пайдаланғысы келген алыпсатарларды да құқық қорғау органдары менің тапсырмама сәйкес жауапқа тарта бастады. Қазір мемлекеттік органдар елдімекендерді қажетті дәрі дәрмекпен толық қамтамасыз етуде. Осыған орай, тиісті қор жасақталған. Төсек орындары да, медициналық қызмет көрсету ісі де толығымен қамтамасыз етіледі», - деді.
Иә, қалада арнайы құрылған мониторингтік топ екі күннің ішінде дәрі-дәрмектерді заңсыз сатудың 50-ден астам жағдайын анықтапты. Бұл екі күннің ішіндегі жағдай. Оған дейінгі және кейінгі орын алып жатқан заңсыздықтар, удай қымбат дәрі-дәрмек, базардағы бетімен кеткен баға айналайын кеңқолтық қазақтың пейілін неге сонша тарылтып барады деп налуымызға негіз болып тұр.
Қазір бар ғой, құдай сақтасын, мәйітті жерлейтін жердің бағасы да удай қымбат дейді. Көр қазушылар да қолыңнан келсе, қонышыңнан бас дегендей, иманын жұтып, тәубесінен жаңылып, әдеттегі «қызметін» тым қымбатқа бағалауға арланбайтын болыпты деседі. Адамдардың о дүниелік болғаны олар үшін өкініш емес, керісінше қып-қызыл ақшаға айналып тұр. Күніне қазатын көр көбейгеніне алақандарын ысқылап, күректерін сайлап отырғандардың қураған құлқынынан қорқынышты не бар? Осындай-осындай жаман ниет-пейілден құдайдың қаһарына ұшырап жатқан жоқпыз ба осы?
Қазақ қайтыс болған адамды соңғы сапарға қастерлеп шығарып салатын халық еді. Ал қазір ше? Мынадай жұрттың жылап-сықтауы көбейген тұста өлген адамның денесін саудалайтын сұмдықты да көз көріп, көңіл күңіреніп тұр. Олай дейтініміз, қайтыс болған адамның денесін мәйітханадан алып кетудің өзін базарға айналдырған құдайдан қайтқандардың қылығын немен түсіндіресіз?? Бір мәйітті алып шығуға – 25 000 теңге төлем сұрап, біреудің қайғысынан қайыр тілеп тұрғандардың тәзірін тартып жатырмыз ба?
Журналист Жанат Бақыт фэйсбук әлеуметтік желісінде былай деп жазады: «Бірнеше ай жұмыссыз отырған, дәріге ақша таппай жүргенде жақыны өлген ел қалай жерлерін білмей мәйітхана алдында сансырап жүр. Егер 5-10 теңге жинаған ақшаңыз болса, ұстап отырыңыз. «Әппақ ақшаң қаралы күнге қажет болады» деуші еді ғой баяғыда, міне, сол күн жетті...».
Қазақтың пейілі неге мұнша тарылды? Қазақы даналық «пейіліңе қарай – пейішің», «пейілі кең кемімес, пейілі тар кеңімес», «нәпсі тынса, пейіл кеңір» демеуші ме еді?!
Уақыттың жаманы кетіп, жақсысы келер. Мына күннің де қиыны өтіп, қызығы жетер. Тек қазағымның пейілін алмашы. Пейілі жаманға пәле жолығар деп атам қазақ бекер айтпаған болар. Пейіліңді тарылтпа, арыңды жоғалтпа, айналайын адамдар!

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.