Шағын және орта бизнес: Дағдарысқа қарсы шаралар жобасы бекітілді Избранное

Среда, 19 Август 2020 06:39 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 528 раз

54107c42-5f80-4b87-a022-98c0dec3bb8b

Қала аумағында биыл 28 инвест жоба іске асырылуда. Оның негізінде 2000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, шетелдік инвесторлардың қатысуымен 25,9 млрд теңгеге 5 инвестициялық жоба іске қосылды. Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков 2020 жылы қаңтар-маусым айларында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарларымен таныстырды.

Биыл 28 инвест жоба іске асырылуда

Қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 2020 жылғы қаңтар-маусым айларында 304,1 млрд теңгені құрады. Береке Талғатұлының айтуынша, негізінен өнеркәсіпті дамытуға басымдық берілуде. Кәсіпорындардың негізгі мәселелеріне талдау жасау, инфрақұрылымның қолжетімділігі, жаңа инвестор тарту жұмыстарына назар аударылуда.
–Инвестиция тарту негізгі басымдықтардың бірі. Бұл дегеніңіз жаңа жұмыс орындары және жаңа кәсіпорын. Бүгінгі таңда қалада қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша 129,5 млрд теңгеге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 125,1% құрады (2019 ж. қаңтар-шілде – 103,5 млрд. теңге), - деді басқарма басшысы.
Қала аумағында бүгінге дейін 2 индустриялық аймақ және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы жұмыс атқарып жатқаны мәлім. Биылдан бастап үшінші жаңа индустриалды аймақ құру жұмыстары басталды. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, қазіргі кезде қалаға инвесторларды тарту мақсатында аумағы 306 гектарды құрайтын жаңа «Жұлдыз» индустриалды аймағы құрылуда. Жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, келесі жылдың екінші жарты жылдығында іске қосу көзделуде. Бірінші кезеңде 2021 жылы 110 гектар жерін пайдалануға беру жоспарлануда. Бірқатар әлеуетті инвесторлар өздерінің зауыттарын салуға дайын отыр.

Шағын және орта бизнес секторы тұрақты жұмыс істей бастады

Шымкентте пандемияға байланысты қабылдаған шектеу шараларынан зардап шеккен шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында 19,5 млрд теңге қаржы қарастырылып, дағдарысқа қарсы шаралар жобасы бекітілді. Бүгінде ШОБ секторы тұрақты жұмыс істеп келеді.
Береке Талғатұлы брифингте «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, кәсіпорындардың шағымдары мен мәселелеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Өздеріңіз білесіздер, төтенше жағдай кезінде арнайы экономикалық аймақтағы кәсіпорындар жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған еді. Қазір барлық кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеп жатыр. Төтенше жағдай кезінде дағдарысқа қарсы іс-шаралар жоспарын құрдық. Мемлекеттік бағдарламалардың бәрін жинақтап, кәсіпкерлердің назарына жеткіздік. Ең қажетті мамандары келмей қалған кәсіпорындардарға көмектестік.
Негізінен зардап шеккен – қызмет көрсету саласы болды. Яғни, базарлардың жұмысына уақытша шектеу қойылды. Бүгінде кәсіпкерліктің бұл саласы жұмысын қайта бастады. Біздің негізгі басымдығымыз – экономикалық әлеуметтік жағдай. Экономикалық әлеуетімізді құлдыратып алмауымыз керек. Сол себепті кәсіпорындар санитарлық нормаларды сақтап жұмыс істейтін болса, жағдайды толық тұрақтандыруға болады, – деді басқарма басшысы.
Айта кетсек, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша Шымкент қаласында 2020 жылы мамыр айында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік (ШОК) субъектілерінің саны 71 010 бірлікті құрады. Бұл көрсеткіш 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,1 пайызға артты.
2020 жылдың қаңтар-наурыз айларында шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен белсенді қамтылғандар саны – 153,1 мың адам. Бұл көрсеткіш 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 110,6% құрады (2019 ж. – 138,5 мың адам).

 

db35574f-997e-4b5a-8197-3f5a2c6ff8d4

 

«Мен кәсіпкер боламын» : 10 жоба қаржыландырылды

Шымкентте жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламасы белсенді іске асуда. Бағдарлама қатысушыларына 1 пайыздық несие бойынша 10 миллион теңгеге дейін қаражат беріледі. Жалпы, несие мерзімі бес жыл.
– Жобаға «Даму» қоры мен қала әкімдігі қаражат бөлді. Қазір бұл бағдарлама бойынша 10-ға жуық жоба қаржыландырылды. 50-ден астам жоба банктердің қарауында жатыр. Егер кәсіпкерлерге тиімді болып жатса, келесі жылы қаржының көлемі тағы артады. Бұл бағытта екі банк жұмыс істеуде, – деді Береке Талғатұлы.
Бүгінгі таңда кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасында «Бизнестің жол картасы-2025», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламалары іске асырылуда.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.