«Ән салшы бір бала....» Избранное

Пятница, 02 Октябрь 2020 03:50 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2549 раз

adesivi-microfono-su-sfondo-astratto-musicale.jpg

НЕМЕСЕ ФОНОГРАММАНЫҢ ДӘУРЕНІ ӨТСЕ, "ЖҰЛДЫЗДАР" ЖЕРГЕ ҚҰЛАЙМА?

Әуезді әуен құлақтан кетпей тұр.

«Талдан таяқ жас бала таянбайды,
Бала бүркіт түлкіден аянбайды.
Угай-ай
Ән салшы-ай
Бір бала-ай
Қос етек бұраң бел
Қуалай соғар қоңыр жел»

Осындай тамаша әндер туғызған қазақтай талантты ұлттың бүгінгі ұландары әлемдік сахналарда саф алтындай сол өнерді паш етіп жүргені көңіл қуантады. Мұндайда тілге тиек етіп Димаш
Құдайбергеновтың есімін алдымен айтатынымыз рас. Тума талантты қадірлейтін, құрметтейтін тыңдарман халық шынайы өнерді сағынып-ақ қалғанын Димашқа көрсетіліп жатқан ілтипаттардан аңғаруға болады.
Себебі шын талант пен «өтірік» әншілерді ажырата білетін тыңдарман өнерлінің өрісін өзі-ақ кеңейтіп беріп отырған. Әңгімеміздің әлқисасынан аңғарып отырған шығарсыз, оқырман. Айтайын дегеніміз соңғы кезде әншілерге қойылып отырған қатаң талап – фонограммаға тыйым салу мәселесі.
Қоғамда қызу талқыға түскен тақырыптың аражігін біз де тарқатып көрсек. Сіз де ой қосып, пікіріңізді ортаға салсаңыз.
Қош, сонымен, ҚР Мәдениет және спорт министрілгі Парламентке ұсынған Мәдениет туралы заңнамаға «фонограмманы қолдануға тыйым салу туралы» бапты қосты. Ал, фонограмма дегеніңіздің өзі түр-түрге бөлінеді. Қоғамда қызу талқыға түскені де осы жайт. Талантты әнші, жанды дауыста ән айтудан қорықпайды. Десек те, «концерт болатын күні ауырып қалсақ, температура көтеріліп, тамақ жыбырлап, түрлі жағдайлар болып қалатыны бар. Сондай кезде, көрерменге алдын ала хабарланып қойылған концертті өзгерте алмаймыз. Мұндай жағдайда фонограммамен ән айтуға болатынын көрерменге хабарлап, рұқсатын алып қолдануға болатын ету керек» дегенді алға тартатындары бар.
Талғампаз тыңдарман жоғарыда айтып өткеніміздей фонограммамен ән салатын әншілерден мезі болғанын айтады. «Шын талант қандай жағдайда да ән айта алады» дейді. Тағы бір топ «талантты бұлай тұқыртудың қажеті жоқ» деген уәж айтады. Шынын айтқанда министр Ақтоты Райымқұлованың өзі де бұл тақырып қоғамның қызу талқысына түскен мәселе болғанын айтты.
«...ашық концерттерде фонограммаға тыйым салу ұсынылып отыр. Ал теледидар мен радиода қолдана беруге болады. Сонымен қатар біз заң жобасына фонограмманы қолдану туралы халыққа алдын ала ескерту нормасын енгізіп отырмыз» деген министр бұл жаңалықты кәсіби әншілер қолдайтынын жеткізді.
Парламент Мәжілісінде мақұлданып, Сенат депутаттарының қарауына ұсынылған заң жобасында әлі де болса әншілерге жеңілдік беріліп отыр. Әнші көрерменге міндетті түрде фонограммамен ән салатынын ескертуі керектігі, арғы жағын көрермен өзі таңдайтыны айтылған.
Қазақстандық сахна саңлақтары бұл талап шетелдік әншілерге де қатаң қолданылуы керектігін, олардың гастрөлдік концерттеріне сүзгіден өткізіп барып рұқсат беруді айтады. «Себебі, көп ретте шетелдік әншілердің концерттерін кіру құны қымбат бола тұра олар көбіне фонограмманы қолданады. Мұны көрген отандық әншілер «біз кімнен кембіз» дейтіні содан» дейді.
Жалпы фонограммаға қазақтың тойы кең жол ашқаны анық. Бір тойдан шығып екінші тойға үлгеру, ентігіп тұрып ән салу мәселесін оңай шешкен көп әншілер фонограмманың көмегімен талай тойдың көркін қыздырып жүр. Хит әндерін аузын жыбырлатып қана орындап шығып, қалтасына қомақты қаржыны салып алып кету кім-кімге де болса оңай олжаның көзі. Содан болса керек, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай триолар көбейіп шыға келді. Көбі бірінің «плюсовкасын» алып, 5-6 тойда қатарынан ән шырқап жүре беретін әнші қыздар «үштігі».

 

Құралай СәтмұхамбетоваҚұралай СӘТМҰХАМБЕТОВА, композитор:

– Фонограмманың екі түрі бар. «Минус» дегеніміз – дауыс (вокал) қосылмаған тек қана сүйемелдеу әуені. Ал, «Плюс» – сүйемелдеу әуеніне дауыс қосылып жазылған ән.
Жалпы жұрттың фонограммамен ән айтуға қарсылық білдіріп отырғаны осы екінші түріне қатысты болса керек. Ілгері уақытта қазақтың айтулы әншілері – Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегеновалар әнді табиғи дауыспен, табиғи сүйемелдеумен айтқан. Ол кездерде фонограмма тек радио-телевидениеде, фильмдерде ғана қолданылған.
Ал, қазір сол фонограмманың арқасында әнші де көп, ән де көп. Дауыстарын компьютермен жөндетіп алып, кім болса сол сахнаға шыға беретін болды. Тыңдарманның кейбір әннен, әншіден көңілі қалып жүргені де содан.
Жақында теледидардан Роза Рымбаеваның концертін көрдім. Сол концертте «жұлдыз» болып жүрген бір әнші минуспен айтамын деп әуеннен ауытқып тұрғаны білініп қалды. Осылайша оның музыкалық есту қабілеті нашар, «фанерщиктердің» бірі екенін кәсіби музыканттар тағы бір рет аңғарды деп ойлаймын.
Міне, осы тұрғыдан келгенде фонограммаға тыйым салу шын талантты таныта түседі деп ойлаймын. Ермек Серкебаев пен Бибігүл Төлегенова сынды дүлдүлдеріміз бен бұлбұлдарымыздың сүйіспеншілігін шын талантымен жаулап алған әншілер. Өнеріне ел құрметпен қарайтыны да содан.
Түсінемін, фонограмманы үлкен стадиондарда, далада болатын концерттерде ғана пайдалануға болады. Себебі далада жел, жаңбыр сияқты табиғи бөгеттер туындап, дауысты таза естіртпеуі мүмкін. Ал, радиода, телетүсірілімдерде, дыбыс таза шығу үшін плюс қолданылады.
Әрине, әнді акустикасы жоқ жерде де, отырыс-тойларда, далада да айтуға болады. Ауыл арасында әр ән айтушы шамасына қарай, дауысының күші, орындау шеберлігі жеткенше айтады. Дегенмен, оның бәрі кәсіби әнші емес қой. Ән айту үшін музыкалық есту қабілеті жоғары, айнымас табиғи дауысы бар, дауыс тембрі жағымды адам айтса естуші де риза болары сөзсіз.
«Құр айқай бақырған,
Құлаққа ән бе екен?» деген өлең жолдары осыны түсіндіріп тұрған жоқ па?

 

28Наркенже СЕРІКБАЕВА, дәстүрлі әнші:

– Фонограммаға тыйым салу арқылы сахна тазалығы сақталады. Сахнадан нағыз әншілер өнер көрсетсе, таланттар танылса, өнерді бағалау да артады деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, фонограммамен ән айтып «жұлдыз» болғандар аз емес. Тіпті әуені жағымды болғанымен сөзінде мағына жоқ әндердің де көбейіп кеткені тыңдарман қауымның талғамын төмендетіп жіберді. Тойларда дуэт, трио, квартеттен құралған топтар өте көп. Өкініштісі сол көбі басқа әншілердің даусымен орындалған әндерді ұялмай орындайтындар. Түсінген адамға бұл қылмыспен тең іс.
Дегенмен, өнерді шынайы түсінетін көрермен, тыңдарман нағыз әншіні таниды, бағалайды деп ойлаймын. Фонограмма сәнге дендеп еніп кеткені рас. Бірақ, оның да күні біртіндеп өшіп келеді. Мақтанғаным емес, елге дәстүрлі әнші ретінде, домбыраммен танылсам да той-томалағына, қуанышына шақыратындар аз емес. Себебі, шынайы шеберлікті бағалаушы қауым нағыз, кәсіби әншінің өнерін қош көреді. Тойда терме, халық әндерін тыңдағысы келеді. Жанды дауыста айтатын әншілерді ұнатады. Осы үрдістің өрісі біртіндеп кеңейіп келеді. Алла кез келген нәрсенің қайырын береді дейміз ғой. Бұл күндер де өтпелі. Өтпелісі сол – кеше үндемеген тыңдарман бүгін «фонограммасыз ән сал» деуде. Орынды. Қабылданғалы жатқан заң талаптарын қуана құптаймын. Фонограмманың кесірінен шын таланттар тасада қалып көрінбей келген болса, енді солардың таңы атады деп ойлаймын. Себебі бүгінгі заман бір клиппен жұлдыз атанатын емес, табиғи дарынымен дараланатын кезең. Себебі қазір тыңдарманның да талғамы мен талабы биік.

 

23Мамадияр ТӘУКЕЕВ, эстрада әншісі:

– Шынымды айтсам фонограммамен ән салуға жасалып отырған тыйым өте орынды талап болды. Бұл жаңалықты қуана қабылдағандардың бірімін. Сондықтан да заң талаптарын әлі де болса қатаңдату керек деп санаймын. Тек сахнада, концертте ғана емес, әншінің жүрген жерінің бәрінде фонограммасыз ән салуын талап еткен жөн. Әнші тек жанды дауыста ән салу керек. Тыңдарман, көрерменге де осы түсінік мықтап қалыптасқаны дұрыс. Ол үшін аймақтарда көркемдік кеңестер құрылып сол арқылы әншінің әніне, сөзіне жалпы сахналық образына дейін сүзгіден өткізіп отырса. Сонда ғана біз сахна, ән өнерінің деңгейін жоғарылататын боламыз. Тағы бір мәселе әншінің әнін авторлық қоғам мықтап бақылауға алып, қорғаса екен. Себебі кез келген әнші бір хит әнді жарыққа шығарады, шамалы уақыт өтпей жатып сол әнді тойда жүретін барлық әнші өз репертуарына қосып алады. Бұл, сахнаға ең алдымен алып шыққан әншінің нанын тартып алу немесе соның табысына таласу. Ал, егер той әншісі әннің алғашқы орындаушысына да ақша төлейтін болса әңгіме бөлек. Дайын асқа тік қасық болудың қажеті жоқ. Пәленбай мың қаржы жұмсап жаздырып шығарған әніне екінші біреу орта жолдан ие болып кетуге жол бермеу қажет.
Жалпы сахна деген киелі ұғым. Оның қадірін тек шын талант қана біледі. Әлі де болса әншілерге әртіс деген лицензия беру керек. Лицензиясы бар әншіге барлық жерде сахна, той томалақ жиындарға барып өнер көрсетуіне толық мүмкіндік беретін төлқұжат іспеттес болса. Ал, мұндай лицензиясы жоқтар біраз нәрседен шектеліп, ақырында саны бар да сапасы жоқ әншілерден сахна тазаратын еді. Сахнада жанды дауыспен айту әншінің қаншалықты деңгейдегі кәсіби шебер екенін айқындап береді. Тойханаларда, жабық залдарда да жанды дауыста айтса нұр үстіне нұр болмақ. Сонда әрбір әнші әрқашан дайындық жұмыстарын жасап қалыбын сақтап жүретін болады.
Бұл орайда байқау мәселесіне де көңіл бөлу керек. Мәселен Бауыржан Исаев «Азия дауысы» байқауының Қазақстандағы жалғыз жеңімпазы. Шын талант нағыз әнші қазір неге көрінбей қалды? Б.Қажымұқанов, В Ступин, А.Жорабаева, Г.Қаспақова сынды даусы керемет әншілер сондай байқауларда танылып, жарқырап шығып жатты. Ән байқауларын қайта қалыптастыру керек. Әнші үшін нағыз бәйге сол. Біздің елде байқаулардың қадірі қалмады. Көптеген конкурстар ұйымдастырылса да ешкім көріп білмейтін дәрежеге жетті. Димаштың да бағын ашқан Қытайдағы халықаралық ән байқауы емес пе? Неге біздің талантты әншілер өзге елге барып бағын сынауда? Себебі біздің елде байқаудың ұйымдастырылу дәрежесі төмен, жарнамасы жоқ. Америка, Қытай, Украина елдеріне асып, жеңімпаз болып келгенде ғана әншілеріміздің бағасына жетіп жатамыз. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген осы болса керек.

25Мөлдір ИЗЕНОВА, дәстүрлі әнші:

– Нағыз әнші фонограмманы қажет етпейді деп ойлаймын. Бұл заң талаптары орындалатын болса сахнада нағыз бұлбұлдар сайрайтын болады. Шыны керек өнер, өнерпаздар бағалаусыз қалып келе жатыр еді. Бәрі де осы фонограмманың кесірінен. Әншілер жанды дауыспен ән шырқаса халықтың өнерге деген қөзқарасы өзгеріп, мәдени тұрғыда жоғарылай түседі. Құдай қаласа нағыз әншілер талант иелері жарқырап өнер көрсететін болады.
Шынын айту керек, соңғы кездері той-томалағында, қуанышты кештерінде ән шырқауымды қалайтын тапсырыс иелерінің де талғамы өзгерген. Олар халық әндерін, терме орындауымды қалап жатады. Осыған қарап-ақ, дәстүрлі әнге деген сұраныс артқанын байқайсыз. Себебі дәстүрлі әншілер фонограммасыз ән салады. Эстраданың өзін жанды дауыста орындайды. Бәрі де сол қазақтың қара домбырасының құдіреті деп білемін. Нағыз талант тас жарып шығатынына сенемін.

Последнее изменение Пятница, 02 Октябрь 2020 05:12