Ұлттық санақ мемлекеттің даму бағытын айқындайды Избранное

Пятница, 06 Август 2021 04:07 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1181 раз

Апта басында сүйіншілеген хабар елге лезде тарады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды құттықтай отырып, республикада халық саны 19 миллион болғанын ресми жариялады. Алматы облысында дүниеге келген сәби Жәния Азаматқызы Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны болып тіркелуі елге үлкен қуаныш сыйлады.

654

 

Сүйіншілеген хабармен қат-қабат «енді ұлттық санақ болмай ма?» деген сұрақтар да көбейе бастады. Әсіресе, әлеуметтік желіде «халық саны белгілі болды ғой, ұлттық санақты өткізіп не керегі бар?!» деген сыңаржақ пікірлер бас көтеруде.
Ұлттық санақ тек халық санын ғана емес, ұлттық құрамын, жас мөлшерін, халықтың әлеуметтік жағдайын, ауыл, қала халқының санын анықтауда басты рөл атқаратын іс-шара. Бұл өз кезегінде елдің экономикалық, әлеуметтік даму жоспарына негіз болатын нәтиже. Бір мемлекеттің ішкі тыныс-тіршілігін таразылап, болмысын байқайтын шара.
Еліміз өз Тәуелсіздігін алғалы Ұлттық санақ Қазақстанда үшінші рет өткелі отыр. Отыз жылдың әр ондығында бір-бірімен салыстырып қарайтын, бағамдап бақылайтын тұстар аз емес. Қай салада жетістікке жеттік, қай сала ақсап тұр, кімге есе жіберіп алдық? Бұл сұрақтардың да жауабын ұлттық санақ береді. Олай болса, кейбіреулер айтып жүргендей «халық саны анықталған соң санақты өткізудің түк те қажеттілігі жоқ» деу орынсыз.
Қазақстанда ұлттық халық санағы әр 10 жыл сайын өтуі тиіс. Айта кету керек, елдегі соңғы санақ 2009 жылы өтті де келесі науқан 2019-ға белгіленген болатын. Алайда сала мамандарының біліктілігін арттыру, есепке алу критерилерін бекіту, дайындық мәселелерінде пысықтаулар болып, кезекті ұлттық санақ Қазақстанда 2020 жылы өтеді деп белгіленеді.
Дегенмен, әлемді алаңдатқан тәжтажал вирусының кең таралып кетуі салдарынан бұл науқан тағы да бір жылға шегеріледі.
Осылайша, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы №419 қаулысына сәйкес биыл 1 қыркүйектен 30 қазанға дейінгі кезең аралығында елімізде ұлттық санақ өтетін болып бекітілді.
Өткенді бағамдап, болашаққа жоспар түзуге негіз болатын биылғы санақ жалпыұлттық статистиканы сараптауға мүмкіндік береді.
– Себебі санақтың қорытындысы есеп-қисап үшін ғана емес, ең алдымен мемлекеттің алдағы даму бағытын айқындау, басқарушылық шешімдерге негіз болу үшін қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев реформалар жөніндегі жоғары кеңестің үшінші отырысында Ұлттық санақты ұйымдастыру мәселесін тиісті сала мамандарына тапсыра отырып, халық санағы тұрғындардың нақты санын, оның жас және гендерлік құрамын, урбанизация деңгейін, табыс көлемі мен басқа да маңызды талдау деректерін анықтап, тексерілген әрі дәйекті басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретінін айтты, - дейді Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Меруерт Жаңабаева.
Олай болса мәнге де, мазмұнға да бай болғалы тұрған ұлттық санақтың маңызы үлкен.
Биылғы Ұлттық халық санағы шартты түрде екі кезеңнен тұрады.
– Дайындық кезеңі маусым айында өтті. Интервьюерлер планшетті қолдану арқылы Шымкенттегі барлық елді мекендерді аралап, тұрғын үйлердің, адам тұруы мүмкін ғимараттар мен тұрғын емес үй-жайлардың тізімін жасады. Аталған жұмыстарға 227 санақ персоналы тартылды. Оның 29-ы нұсқаушы-бақылаушы (1,5 айға) және 198 интервьюер (1 айға). Қала бойынша 235 мыңнан астам нысанды (тұруға арналған және адам тұруы мүмкін үй-жайлар) аралады. Ондағы тұратын адам саны 1 миллионан асатыны анықталды, - дейді Меруерт Жаңабаева.
Осы орайда «дайындық кезеңі не үшін қажет?» деген сауал туындайды. Мамандардың айтуынша, дайындық кезең аудандастыру үшін қажет болған. Яғни, Шымкенттегі аудандардың аумағын анықтау арқылы санақтың негізгі кезеңі үшін нұсқаушылық және есептік учаскелерге бөлуге қажет болған.
Санақтың 1-кезеңін өткізу барысында бірқатар мәселелер де туындаған.
– Санақ персоналдарының біршамасы әсіресе қала шетінде тұрғын алаптарға баруға қиналды. Осылайша ақылы жұмысқа уақытша қабылданғандардың көбі санақ жүргізуден бас тартты. Тұрғындар тарапынан да интервьюерлердің сауалдарына жауап беруден бас тартушылар, түсіндіргенге көнбей дөрекі мінез көрсеткендер де кездескен. «Санақ күзде өтеді ғой, сендер алаяқ емессіңдер ме?!» деп күдіктенгендер де болған. Әрине интервьюерлер бұл негізгі санаққа дайындық барысы екенін, яғни тұрғын үй-жайдың мекенжайын және тұратын адам санын нақтылау жүргізіліп жатқанын, бұл деректер санақтық аудандастыру барысында қаланы есептік учаскілеріне бөлу үшін қажет екендігі түсіндірген, - дейді Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары.
Қиындыққа қарамастан сала мамандары қазір санақтың негізгі кезеңіне дайындықты күшейте түскен. Депертаменттегі халық санағына дайындық және өткізу бөлімінің мамандары, нұсқаушылар (уәкілеттілер) тарапынан қаланы есептік учаскелер мен нұсқаушылық учаскелерге бөлу жұмыстары қарқын алған.
Халық арасында жаппай түсіндіру жұмыстары да бәсеңдеген жоқ. Халық санағы туралы ақпарат беретін 54 билборд қала көшелеріне орнатылды. Мамандар 5000-ға жуық ақпараттық парақшаларды адам көп шоғырланатын жерде және қоғамдық көліктерде іліп, таратып жүр.
Ұлттық санақтың негізгі кезеңі 1 қыркүйектен басталып 30 қазанға дейін жалғасады. Ал 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында, яғни халық санағының алғашқы 45 күнінде қала тұрғындары мен қонақтары, респонденттер өзі және отбасы мүшелері үшін интернет желісі арқылы онлайн-режимде арнайы sanaq.gov.kz сайтында санақ парақтарын өз бетінше толтырып, санақтың барлық сұрақтарына жауап бере алады.
– Бұл жүйе тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады. Әр респондент санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы кез келген уақытты таңдай алады, сондай-ақ сайтта бланкты толтыруды уақытша тоқтату және оны толтыруды кейін өзіне ыңғайлы уақытта қайта жалғастыруға мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар, egov.kz электронды үкімет платформасында sanaq.gov.kz сайтының қосымша парағы орналастырылады. Ол арқылы электронды цифрлы қолтаңбаны (ЭЦҚ) қолданып, санаққа қатысуға болады,- дейді М. Жаңабаева.
Бұдан бөлек, Шымкенттегі ірі сауда орталықтарында, ірі өнеркәсіп орындарында, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ғимаратында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО) санақтан онлайн өту бұрыштары ашылады. Санақ бұрыштарында интернетке қосылған компьютерлер орнатылады. Осылайша кез келген тұрғын сол санақ бұрыштарынан онлайн түрде өзі және отбасы мүшелерін санақтан өткізу мүмкіндігіне ие болады.
Ал дәстүрлі үй-үйді аралау 1-30 қазан аралығында жүргізіледі. Дәстүрлі кезеңнің жаңашылдығы – интервьюерлер кезінде дайындық кезеңіндегідей электронды планшеттерді пайдаланады. Бұл санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығынын төмендетуге, мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН-ін енгізе отырып, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңселік құралдарды айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді, дейді мамандар.
Ұлттық санақ кезінде арнайы call-орталығы жұмыс істейді. «1446» нөмірлі бірыңғай call-орталығы елдің барлық аумағындағы мобильді және стационар телефондар үшін қоңырау шалу мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ, 8 8000 800 878 нөміріне де қоңырау шалу тегін болмақ.
Егер респонденттер тарапынан арыз-шағым, өтініш туындап жатса немесе кеңес алу үшін Бюроның stat.gov.kz интернет-ресурсына, Бюро басшысының блогына, сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы (YouTube, Facebook, Instagram, Telegram) жүгіне алады.