Шымкент қалалық №4 емханада патронаж жұмысы жолға қойылған. Оның аясында медициналық ұйымның педиатрлары мейірбикемен бірге ана мен сәбиі перзентханадан шыққан соң үйлеріне барып, сәбидің денсаулығын тексереді. Сәбиді емізу ережелері, емізулі аналардың тамақтануы сияқты қажет кеңестерді береді.
– Аймақтық балалар дәрігерлері жаңа босанған аналарға кіндік күтімі, көз күтімі, сәби терісінің сарғыштығы, ішінің кебуі, үлкен дәретінің шығуы сияқты мәселелерге қатысты кеңестерін түсіндіреді. Патронажға барған мамандар қорғаныш ережелерін ұстанады. Педиатрлар, сонымен қатар, ата-аналарға нәрестеге жеке төсек-орын дайындауды, бала қауіпсіз жағдайда өсуін қамтамасыз етуді ескертеді. Қайғылы жағдайлардың алдын алу, сәбидің дұрыс өсіп-жетілуі үшін жүктілік кезінде ата-аналарға баланың дамуын бақылау кабинетінде түсіндірме жұмыстары жүргізіледі, - дейді №4 емхананың педиатрия бөлімінің меңгерушісі Райхан Зиябекқызы.
Жалпы, дәрігерлер биыл демографиялық көрсеткіш өскенін айтады. Мысалы, 2020 жылы емхана аймағында жалпы 905 нәресте дүниеге келсе, биылғы қаңтар айында 70-ке жуық сәби дүние есігін ашты. Олардың барлығына патронаж қызметі көрсетіліп, емханаға тіркелді. Осылайша педиатрлар мен аналар үнемі байланыста.