Көктем келді гүл алып...

Пятница, 05 Март 2021 05:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2686 раз

gul-3–Қараңызшы!
Тұп-тұнық таң атуда,
Кең далама
Шұғыласын таратуда.
Көктем көшіп келеді
Көктем көшіп,
Қайта оралған
құстардың қанатында.

Сырбаз ақын Сырбай Мәуленов көгілдір көктемнің келуін осындай өлең шумағымен өрген екен. Ерте көктемнің жаймашуағымен бірге көңілдерге қуаныш сыйлайтын 8 наурыз мерекесі де келіп қалды. Гүл көктемнің алғашқы мейрамында гүл сатушылардың саудасы қызатыны белгілі. Пандемия барлық салаға әсер етіп, гүл шаруашылығына да салқынын тигізді. Гүлдің бағасы былтырғыдан 10 %-ға қымбаттаған. Аналар мерекесіне орай қандай гүл көп сатылады? Оны сатып алу үшін орташа есеппен қалтаға қанша қаржы салып бару қажет?

Осы сауалдардың жетегінде Шымкенттегі гүл сататын ең ірі «Акация» сауда орнына қарай тарттық. Мереке қарсаңы болса да халықтың қарасы көп. Кіре берісінен гүлдердің қанық түсі көздің жауын алып, хош иісі майдай жағып барады. Сауда қатарларын асықпай аралай бастадым. Дина Пірімқұлова есімді ашаң жүзді әпкеміз күлімдей қарсы алды.

–Келіңіз, қалаған гүліңізді алыңыз! Қызғалдақ – 500 тг, бақытгүл (хризантема) – 800 тг, альстромерия – 500 тг, жергілікті раушан – 500 тг, голландиялық раушан – 500 тг, құтыдағы орхидея – 7 мың, ең арзан бөлме гүлі – 2 мың теңге, - деп гүлдерінің бағасын айта жөнелді.

–Қымбат емес пе?
–Мерекелік баға қымбат болады. Голландық хризантеманың үшеуі – 2400 теңге болады, раушанның үшеуі – 3000 теңге. Қызғалдақтың 11-і –
7 мың теңге болады. Жыл сайын қызғалдақ пен голландық раушан жақсы өтеді. Аналар мен мұғалімдерге көбіне хризантема гүлін алады.

gul-1–1001 дана раушан алатын романтиктер бар ма қазір?
– Бірнеше жыл бұрын 1001 дана раушан сатқанбыз. Бірақ ол кезде гүлдің бағасы арзандау еді. Қазір 51,101 дана раушан гүліне тапсырыс береді. Жақында ғана Алматыда қонаққа барып қайттым. Сонда бір бойжеткенге жігіті 1 миллионға гүл алғанын көрдім.

– Бұл гүлдердің бәрі Голландиядан келе ме? Жергілікті гүлдер де бар ма арасында?
–Раушангүл, хризантема, орхидея, бөлме гүлдері Голландиядан, альстромерия Ташкенттен келеді. Гузмания («Ана жүрегі»), «Әйел бақыты», жергілікті раушандар Ташкентте және өзіміздің Сарыағаш ауданындағы Тұрбат, Жібек жолы ауылдарының, қызғалдақтар – Сайрамның жылыжайларында өседі.
Гүл алушылардың ішінде түсіне мән беретіндер де бар екен. Гүл сатушы Дина апай: «Ақ – сыйластық, алқызыл – нәзіктік, қызыл – махаббат, сары – денсаулық пен байлықтың белгісі. Бірақ сары гүлді Шымкентте онша ала бермейді. Арасында сыйлыққа беретін алтын әшекейлердің жанына сары гүл алатын жағдайлар кездеседі», - дейді.

Сонымен «Акациядағы» ең арзан гүл – қалампыр (гвоздика). Бағасы – 200-300 теңге. Мереке қарсаңында голландиялық раушанның бойына қарап әр данасының бағасы 1500 теңгеге дейін көтеріледі. Ең қымбатқа түсетіні – бөлме гүлдері мен қорапқа салынып жасалатын гүлдер. Ал биылғы жылдың жаңалығы – «Сабынды раушан» болып тұр. Бағасы – 8-10 мың теңге аралығында. Әдетте біз гүл сатушыларын көл-көсір пайдаға кенеледі деп ойлаймыз ғой. Әсілі, олардың табысының жартысынан көбі сауда орнының жалдау ақысы, коммуналдық төлемдерімен шығып кететінге ұқсайды.

gul-2Қалада гүл сататын екінші ірі сауда дүкені Бәйдібек би даңғылының бойындағы «GUL MARKET»-тің ашылғанына екі жыл ғана болған. Салыстыру үшін бұл дүкенге де бас сұқтық. Білесіз бе, дүкеннің аурасы ерекше. Өзгеше стиль. Гүлдердің безендірілуі мен қызметкерлерінің құрақ ұшқаны ұнады. Аға флорист Айғаным Ниязбек аққудың көгілдіріндей үлпілдеген, көркімен көз тартатын сұлу қыз екен. Бұл дүкен Голландиядан келген гүлдің 200 түрі, бөлме гүлінің 3 түрінен бөлек осы Айғаныммен тартымды болып тұрғандай.

А.Ниязбек ОҚУ-дың заңгер мамандығының 4-курсында оқиды. 2017 жылы «Шымкент Аруы», 2018 жылы «Мисс Қазақстан» байқауына қатысып, ТОП-10-ға кірген бойжеткен. Қазір де «Sulu models» сән агенттігінде қосымша істейді.

– Флористика шығармашылық жұмыс болғаннан соң мені баурап алды.
Шымкентке Ресейден Андрей Фламенко, Өзбекстаннан Робен Соокиян сияқты мықты флористер келіп шеберлік сағатын өтті. Екі рет біліктілікті арттыру курсынан өттім. Монохромды гүлшоқтарын жасауды үйрендік. Басқа дүкендерге қарағанда ерекше болып көрінетін себебіміз, біздің гүлдерді әрлеу, сыртқы гүлшоғына орау тәсіліміз айрықша. Гүлдеріміздің бәрі Голландиядан тікелей ұшақпен жеткізіледі, - дейді Айғаным.

Жақсы әрі ұзақ уақытқа сақталу үшін гүлдердің түбін кесіп, салқын жерде ұстау қажет. «GUL MARKET»-те -4°С салқындықтағы арнайы мұздатқыш бөлме бар екен. Мұндағы гүлдердің бәрі экзотикалық болғандықтан, бағасы да қымбат келеді. Нақтырақ жазу үшін олардың бағасына үңілдім. Бұл дүкеннен гүл алу үшін қалтаңызға орта есеппен 15 мың теңге салып барыңыз. Ең қымбаты 200 мың теңгеге дейін саудалануда. Ең көп өтетін қызғалдақ – 299 теңге, раушан – 399 теңге.

P.S. Гүл – қымбат дейміз. Солайы солай ғой. Себебі, бізде сатылып жатқан гүлдер Голландиядан ұшақпен тасымалданатындықтан бағасы жоғары. Былтырлары жүк көлігімен тасымалданып жүріпті. Бірақ, ол кезде шетелден жүк көлігімен жеткенше 2 аптадай уақыт жоғалтады. Одан соң гүлдер бүлініп, сапасына әсер етпей қоймайды. Орайтын сыртқы қағазы да Алматы мен Мәскеуден жеткізіледі. 
Шетелде гүл өсіру жақсы дамыған. Осыдан-ақ біздің елімізде гүл шаруашылығының кенжелеп тұрғанын бағамдау қиын емес. Яғни, гүлді арзандатқымыз келсе, өз елімізде гүл егуді жүйелі түрде қолға алуымыз керек. Бірақ, көңілден қымбат ешнәрсе жоқ қой. Сондықтан, гүл көктемде гүл қыздарға қандай бағада гүл сыйласақ та артықтық етпес, иә?!

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.