350 шақырым жол жаңарады

Пятница, 15 Июль 2022 05:31 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 819 раз

zhol

Ақпараттық-коммуникациялық орталықта Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов брифинг беріп, саладағы жұмыстарға тоқталып өтті.

Баяндамада Ержан Жақсылықұлы биыл 350 шақырым жолды жөндеу жоспарланып жатқанын жеткізді. Оның 67 шақырымы жол құрылысы мен қайта құру жұмыстарына тиесілі. Оған қаладағы 2 жолайрық, Оңтүстік, Шығыс айналма жолдары және А2 айналма жолының құрылысы кіреді.

Спикер өз сөзінде биыл тамыздың соңына дейін қаладағы барлық жолдың орташа және күрделі жөндеу жұмыстары аяқталатынын атап өтті. Ал, жол құрылыстары келесі жылға өтпелі. Ол жоғарыда айтылған айналма жолдар мен жолайрық құрылысы.

– Алдағы уақытта 178 аялдама қою жоспарда бар. Қалада 444 аялдама жетіспейді. Жоспар бойынша 2025 жылға дейін аялдамасы бар көшелер санын 80 пайыздан асыруымыз керек. 65 аялдамаға демонтаж жасалып, басқа орындарға қойылады. Сонымен бірге, Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы жолайрықта құрылыс жұмыстары қарқынды. Үш деңгейлі жолайрық құрылысы қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асып жатыр. Нәтижесінде аталған көшелерден өтетін көлік сыйымдылығы екі есеге артпақ. Жолайрық құрылысы Бәйдібек би даңғылының 700 метр, Арғынбеков көшесінің 921 метр аумағын алып жатыр. Жоба бойынша ені 80 метр төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек. Қазіргі уақытта аталмыш құрылыс нысанында Арғынбеков көшесі бойымен тіреу қабырғалары, ал Бәйдібек би даңғылында көпір өткелі конструкциялары орнатылуда, - деді Ержан Жақсылықұлы.

Ә.НҰРЖІГІТҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.