Мемлекет басшысының өкімімен құрылған Мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобы жұмысының нәтижелері бойынша Н.Ә.Назарбаев 2017 жылғы 25 қаңтарда Қазақстан халқына арнайы үндеу жасады, онда мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлудің негізгі бағыттарын айқындап берді.
Біріншіден, бұл Конституцияда белгіленген өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі. Ұсынылып отырған түзетулер ресми БАҚ-та бұрын жарияланған және олармен барлығы таныса алады және өз ұсыныстарын бере алады.
Екіншіден, бұл Республика Президентінің заңда белгіленген әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеу бойынша және Республика Президентінің Мемлекет басшысы ретіндегі конституциялық мәртебесін қозғамайтын өкілеттіктерін төменгі деңгейге беру мәселелері.
Республика Президенті Үкіметке тиісті заң жобасын әзірлеуді және Парламенттің ағымдағы сессиясының соңына дейін оны қабылдау үшін Парламенттің басым жоспарына енгізуді тапсырды.
Әділет министрлігі қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осындай заң жобасын әзірлеуде.
Бүгінде Мемлекет басшысы ретіндегі мәртебесін айқындайтын және Конституцияда көзделген Республика Президентінің өкілеттіктерімен қатар, әдетте, атқарушы билік тармағына тән мемлекеттік басқару саласына жататын заңнамалы түрде белгіленген көптеген ұйымдастырушылық-құқықтық және басқарушылық өкілеттіктер бар.
Осыған байланысты ел Президентінің бірқатар басқарушылық өкілеттіктері мемлекет пен қоғамға қауіп төндірмей басқарудың төмен тұрған деңгейіне берілуі және Үкімет пен өзге де атқарушы органдардың арасында қайта бөлінуі мүмкін.
Нәтижесінде, жұмыс тобы Мемлекет басшысының Үкімет пен кейбір атқарушы органдарға берілуі мүмкін өкілеттіктерінің қайта бөлінуі бойынша 40 шақты ұсыныс әзірледі.
Осы реформаның аясында Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлі күшейтіледі. Парламент сайлауында жеңген партия Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады. Осыны басшылыққа ала отырып, Үкіметтің өкілеттігін бұрынғыдай Президенттің емес, жаңадан сайланған Мәжілістің алдында тоқтатуы заңды болмақ. Үкімет мүшелеріне Парламент палаталары тарапынан сенімсіздік білдіру тәртібі оңайлатылады. Бұл министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырады. Үкімет толық жауапкершілікте болатындай, мемлекеттік бағдарламаларды бекіту тапсырылады.
Үкіметтің өзіне оның құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарды құру мен тарату құқығы беріледі. Президент Үкімет пен Премьер-Министрдің актілерінің іс-әрекетінің күшін жою болмаса тоқтату құқығынан бас тарта алады. Мұның бәрі атқарушы мемлекеттік органдар мен оның басшыларының жауапкершілігін арттырып, қажетті өкілеттіктер береді.
Қазақстан Республикасының Президентімен ұсынылып отырған шаралардың маңыздылығын ескере отырып, конституциялық реформалардың жобасы Президенттің 2017 жылғы 25 қаңтар №141 Жарлығымен жалпыхалықтық талқылауға ұсынылды.
Аталған Жарлыққа сәйкес «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңының жобасы бүкілхалықтық талқылауға шығарылып, ол 2017 жылғы 26 қаңтар – 2017 жылғы 26 ақпан аралығында өткізіледі.
Бұл Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың арнайы үндеуінде айқындалған бәсекеге қабілетті ұлттық экономиканы қалыптастыруда және дамытуда мемлекеттік саясаттың қисынды жалғасы болып табылады.
Шымкент қаласы Еңбекші аудандық
әділет басқармасының басшысы
БОТАН Дина Балтабекқызы
«Қазақстан Заңгерлер Одағы»
РҚБ-ң ОҚО филиалының мүшесі