ШАҒЫН КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІН ЭЛЕКТРОНДЫҚ ТІРКЕУ ТӘРТІБІ

Четверг, 31 Август 2017 10:39 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 3939 раз

2013 жылдың 9 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2012 жылдың 29 желтоқсанында қабылданған Қазақстан Республикасы Заңымен еліміздегі заңды тұлғаларды тіркеу мәселелеріне қатысты бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.    Енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты, шағын кәсіпкерлік субъектілерін электрондық тіркеу тәртіптері нақтыланды.

Мәселен, Қазақстан Республикасының «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңының 6-1-бабымен шағын кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу тәртібі белгіленді.

Атап атқанда, шағын кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу үшін құрылтайшы (құрылтайшылар) тіркеуші органға Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша электрондық құжат нысанында толтыру арқылы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы хабарлама береді және оны «электрондық үкіметтің» веб-порталында толтырады.

Ал, тіркеу алымын төлеу «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы жүзеге асырылады немесе кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы хабарламаға заңды тұлғаны мемлекеттік тіркегені үшін бюджетке тіркеу алымы төленгенін растайтын түбіртектің немесе өзге де құжаттың электрондық көшірмесі қоса беріледі.

Сонымен қатар, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғалардың, олардың филиалдары мен өкілдіктерінің жарғылары (ережелері) мемлекеттік тіркеу процесінде ұсынылмайды.

Сондай-ақ, Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы анықтаманы беру кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың басталғаны жөнінде хабарламаны қабылдау туралы растау болып табылады және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы хабарлама берілген күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылады.

Бұдан бөлек, шетелдік қатысатын шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларын тіркеу үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

 Жалпы, 2011 жылдың желтоқсан айынан бастау алған электрондық үкімет порталында заңды тұлғаларды тіркеуге өтініш беру тәртібі еліміздегі кәсіпкерлердің уақытын үнемдеуге жасалған жағдай деп айтуға толықтай негіз болып табылады. 


                                               Б.НҰРПЕЙІСОВ,

ОҚО Әділет департаментінің

                                                        заңды тұлғаларды тіркеу жұмысын

         ұйымдастыру бөлімінің бас маманы 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.