Тіл – ұлттық қазынамыз

Четверг, 15 Февраль 2018 05:50 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 2963 раз

Әр ұлтқа тілінен артық қазына жоқ. Еліміздің егемендігін, тәуелсіз мемлекет екендігін айқындайтын конституциялық құқықтық белгілерінің бірі – мемлекеттік тілі. Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдар аралығында  тілдің қасиеті, болашағы жайы жиі айтылды. Ана тілімізге құрметпен қарап, барлық салада тілдің қадірін арттыру мәселесі күні бүгінге дейін де көтеріліп келеді. 

Елбасы Н. Назарбаев: «Дағдарыс өтеді де кетеді. Ал, мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгілік қалады», деп атап өтті.  Сол секілді, ана тіліміз - асыл мұрамыз, халықтың жаны, діні, рухы, елдік қасиеті, ұлттық болмысы. Асыл мұраны аялап, оны қорғай білу және өскелең ұрпаққа жеткізу барша жанның тікелей борышы екендігі даусыз.

Мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты Президент Нұрсұлтан Әбішұлы тағы бір сөзінде «Мемлекет өз тарапынан тиісті нәрсенің бәрін жасап жатыр, бүгінгі күні қазақ тілінің тиісті мемлекеттік мәртебесі бар. Тиісті заң бар. Ол іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге мүмкіндік береді. Ол заң кез келген жерде мемлекеттік тілде сөйлеуге, кез келген қағазда мемлекеттік тілде жазуға, қажет жерінде сол тілде жауап алуға жағдай жасайды. Әлі-ақ, қазақ тілі тіршілігіміздің барлық саласында кеңінен қолданылатын болады, тек оны насихаттай білуіміз керек. Ана тілін білмеу қазақ азаматы үшін ұят саналуы тиіс», - деді.

Ел тәуелсіздікке қол жеткізген 28 жыл ішінде тілдің мәртебесі көтеріліп келеді. Бүгінгі таңда, мемлекеттік тіл – қоғамдық қатынастардың  барлық саласында яғни, мемлекеттік басқару, заң шығару,  сот ісін жүргізуде қолданылады.  Мәселен, енді Қазақстанда биліктегі лауазымды тұлғалар тіл білмеймін деген сылтаумен өтініштерді немесе шағымдарды қабылдаудан бас тарта алмайды. Сот ісінде әрбір азамат істі өзінің ана тілінде немесе өзі білетін басқа тілде жүргізуді талап етуге құқылы. Бұдан бөлек, қазақ тілінің тағдыры мемлекеттік органдарда ғана емес, кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелердің басшылары аудармашыларға немесе мемлекеттік тілге жауапты қызметкерлерге жүктеп қоюда.

Бұл жәйттерге қарап, Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде екендігін ұғынуға болады. Туған тіліміз  2025 жылға қарай өңірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналары сөзсіз. Тек оның мерейін үстем етіп, қадір-қасиетін өшірмей келесі ұрпаққа жеткізуде әрқайсымыз өз үлесімізді қоса білгеніміз жөн.


Ж. ТОЙЛЫБАЙ,
Абай аудандық әділет басқармасының инспектор- тіркеушісі, «Қазақстан Заңгерлер одағы» РҚБ-нің мүшесі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.