«ҚР Мемлекеттік рәміздері»

Вторник, 05 Июнь 2018 04:17 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 70 раз

Әрбір мемлекет үшін отаншылдық рухта тәрбие беру әрбір азаматтың мемлекетімізге, оның даңқты да қиын тарихына, алдағы болашағына өзінің қатысты екендігін сезініп, еліміздің мұң-мұқтаждарын ойлануынан басталады. 

Бұл міндеттің күрделілігін Елбасы нақты пайымдап, «...бұл міндет білім берудің, мәдениет органдарының, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық жүйесіне, әрбір отбасына қатысты. Ал, оны елдің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуден, заңды өкіметті құрметтеуге тәрбиелеуден бастау керек. Әрбір адам бала кезінен: Қазақстан - менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей еткен жөн» - дейді.

Өз тәуелсіздігімізге аяқ басқан кезеңде төл рәміздер дуниеге келді.
Тәуелсіз ҚР рәміздерін жасау бүкілхалықтық сипат алып, көптің ісіне айналуы да кездейсоқ емес. Халық жүрегін желпіген еркіндік самалы ғажайып шығармашылық белсенділікке жол ашты.
Елбасымыз жаңа мемлекеттік рәміздерді қабылдауға зор мән берді.
Мемлекеттік рәміздеріміздің ресми хатталуының да өз тарихы бар. Президент Н.Ә.Назарбаев 1992 жылғы 4 маусым күні «ҚР Мемлекеттік туы туралы», «ҚР Мемлекеттік елтаңбасы туралы», «ҚР Мемлекеттік әнүранының музыкалық редакциясы туралы» тарихи заңдарға қол қойды.
Егеменді елдің әрбір азаматы құрметтеуге, мақтаныш етуге тиісті ресми рәміздері бар. Біздің мемлекетіміздің рәміздері - Ту, Елтаңба, Әнұран. Бұл рәміздер 1992 жылы 4 маусымда қабылданды. Біздің мемлекеттік туымыздың түсі – көк. Көк түс аспанның белгісі. Бұл киелі тұс - бірлік пен ынтымаққа шақырып, барлық халықтар үшін әрдайым тыныштық, бейбітшілік пен береке символына айналған.
         Көк түс қазақ халқының ұлттық реңі деп саналады. Кезінде Түркі қағанаты (552-630 ж, 682-743 ж), Хазар қағанаты (651-983 жж.), Ұлы Селжұқ қағанаты (1040-1157 жж.), Ақсақ Темір мемлекеті, Қазақ хандығының (1465-1737 жж.) бірқатар хандары мен батырлары көк асаба көтерген. Қазақ КСР-нің (1920 - 1991 жж.) мемлекеттік жалауында да шағын көк жолақ республиканың төл болмысының нышандық белгісі ретінде пайдаланылады. «Көк» сөзінің көне түркі тіліндегі бір мағынасы «шығыс», «шығыстық» деген ұғымға сәйкес келеді. Яғни, тудың түсінен белгілі бір нақты географиялық ақпарат алуға болады. Ол геральдика тілінде бүкіл әлемге Қазақстан жер шарының шығысында орналасқандығын, Ұлы дала өркениетінен бастау алатын, тамыры тереңде жатқан шығыс мәдениетінің өкілі екендігін баян етіп тұрғандай.
       Ал, күн бейнесі - байлық пен береке белгісі. Күн бейнесін салу арқылы қазақ елі өзінің жалпы адамзаттық құндылықтарға ортақтастығын және халықаралық қауымдастықтың бір бөлігі екендігін аңғартып тұр.
Қыран бүркіт образы қазақ халқының ұлттық дүниетанымында еркіндік, бостандық сүйгіштік, ерлік, жоғары аңсар, жан дуниесінің кеңдігі, асыл мұрат, жүрек тазалығы сияқты адамгершілік асыл ұғымдармен астасып жатады.
       Ал, енді саяси тұрғыдан келсек ол – мемлекеттік тұтастық идеясын білдіреді.
Рәміздер саяси төуелсіздік пен мемлекеттік егемендіктің бірегей белгілері болып табылады. Демек, мемлекеттік рәміздер - белгілі бір елдің өмір салтын, бүкіл болмыс - ерекшелігін, айрықша арман - аңсарын, басқалармен байланыс мұратын білдіретін белгі. Әр елдің мемлекеттік рәміздері географиялық, мәдени-тарихи және геосаяси жағдайларына байланысты қалыптасады. Қазіргі Қазақстан аумағында ерте дәуірден бері талай мемлекеттік құрылымдар дүниеге келген. Орта ғасырдан осы мерзімге дейінгі қазақ мемлекеттілігінің сыртқы белгілері мен жаңа заманға сай рәміздері Қазақстанның әлеуметтік-саяси тарихының негізгі белгісін құрайды. Қазақ мемлекеттілігінің үш кезеңін қамтитын рәміздер тарихына тоқталсақ, олар: Қазақ хандығы, Кеңес одағы құрамындағы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы және Қазақстан Республикасы. Әр тарихи кезеңнің мемлекеттілік билігіне тән белгілерінің өзіндік ерекшелігі бар. Қазақстан Республикасының бас рәмізтанушысы Е.Шәймерденнің пікірінше, елтаңбаның қарапайым пішінінен күрделі түріне дейінгі дамуы бірнеше кезеңнен тұрады екен. Бірінші кезең, ерте әлеуметтік белгілердің пайда болуымен сипатталады. Қазақ қоғамында көнеден келе жатқан белгінің бірі - малға ен салу. Екінші кезең, таңба белгілерінің қолданылуымен ерекшеленеді. Бұл деңгейге дала мәдениетіңің айрықша белгісі болып табылатын тайпалық таңбалар сәйкес келеді. Үшінші кезең, мөрлердің пайда болуы, тертінші - рулық таңба, бесінші – аймақтық және қалалық герб, алтыншы, ең жоғарғы деңгей – ресми бекітілген мемлекеттік елтаңбаның болуы. Ол белгілер әр түрлі салт-жораларда пайдаланылып, ру-тайпалардың басын біріктіруге ықпал етті. Ол кезде қоғамды көсемдер мен ақсақалдардың басқаруына байланысты биліктің жеке белгілері қолданыла бастады.
Қазақ халқы мен мемлекеттілігінің дамуында қазақ жүздерінің тарихын бірге қарастыру қажет. Бұл үш категория (халық, мемлекет, жүз) тарихи даму толқынында қатар дамыды. Олардың әрқайсысының өз таңбасы болды.

Ж.Ауелтаева
 Шымкент қаласы Еңбекші аудандық

әділет басқармасының іс-қағаздарын
жүргізу жөніндегі инспекторы 

«Қазақстан Заңгерлер Одағы»

РҚБ-ң ОҚО филиалының мүшесі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.