Адвокаттар тегін қызмет көрсетеді

Среда, 05 Сентябрь 2018 04:46 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 46 раз

Елімізде «Адвокаттық қызмет туралы» заң 1997 жылы қабылданғаны белгілі. Дегенмен, қазіргі заман талабы ескеріле отырып Мемлекет басшысы 2018 жылдың 5 шілдесінде «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңға қол қойған болатын. Сонымен, жаңа заң адвокатура саласының дамуына қандай серпін береді?

Адвокаттар алқасы 4

Шымкент қаласы мен Түркістан облысында 3 миллионға жуық тұрғын бар. Осыншама тұрғындарға облыстық адвокаттар алқасының 446 адвокаты қызмет етеді. Бұл 7 мың тұрғынға 1 адвокат келетінін білдіреді. Ал жаңа заң бойынша адвокат болу мүмкіндіктері жеңілдетілді және аз қамтылған отбасылар үшін адвокаттар тегін қызмет көрсетеді. Облыстық адвокаттар алқасының төрағасы Серік Баймұратовтың айтуынша, аталған заң бойынша адвокаттар алқасына мүше болуы үшін енді үміткерлер бастапқы бір реттік жарна төленбейді.
– Бұрын адвокаттар алқасына мүше болу үшін 481 мың теңге көлеміндегі бастапқы бір реттік жарна төленетін. Қазір ол жарна алынып тасталды. Осы өзгерістен кейін бізге қазіргі таңда 15 адам мүше болды,- дейді облыстық адвокаттар алқасының төрағасы. – Халықтың аз қамтылған осал топтары үшін де кешенді әлеуметтік көмек көрсету институты енгізілді. Сот процесі барысында өзіне қорғаушы жалдауға мүмкіндігі жоқ азаматтар әділет департаментіне адвокаттар алқасынан тегін қорғаушы беруіне өтініш жасай алады.
Еліміздің Ата Заңында көрсетілгендей, әрбір қазақстандық мемлекет қорғауында болады. Сондықтан, басына іс түскен азаматтар адвокат қызметін тегін алуға құқылы. Ал жаңа заңда халықтың аз қамтамасыз етілген тобына әрбір адвокат тегін қызмет көрсетуге міндетті деп көрсетілген. Тегін қызмет алатын топтарға ҰОС ардагерлері мен І, ІІ топ мүгедектері және әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар жатады.
– Әрбір адвокат, мейлі ол жоғары ақы алатын кәсіби адвокат болса да, халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына тегін қызмет көрсетуге міндетті делінген. Дегенмен, іс Жоғарғы сотқа дейін баратын жағдай болса, қызмет мемлекет тарапынан төленеді.
Жаңа заңның бұдан басқа да жаңалықтары жетерлік. Мысалы, енді адвокат қызметінің сапасы екі дәрежелі комиссия бақылауында болады. Біріншісі - облыстық адвокаттар алқасы жанынан құрылған комиссия болса, екіншісі - республикалық адвокаттар коллегиясына қарасты комиссия. Бұдан былай азаматтардың адвокаттарға қатысты шағымдары мықтап қадағаланады. Бұрынғы жүйе бойынша шағым аумақтық адвокаттар алқасында қаралып, олар тәртіптік шарамен ғана шектелуші еді. Енді тұрғындардан түскен арыз дереу республикалық адвокаттар алқасына жолданады. Нәтижесінде тәртіптік іс қозғау туралы құзыреттілік кеңейтіліп, адвокаттардың жұмысы қатаң бақылауға алынады. Азаматтар тарапынан жолданған шағымды комиссия негізді деп тапса, өз қызметіне салғырт қараған немесе біліктілігі төмен болған адвокат қызметімен қош айтысады. Жаңа заңның негізгі талаптардың бірі - осы.