Бала құқығы: еңбек пен есеп Избранное

Среда, 05 Июнь 2019 04:03 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 678 раз

Қазіргі уақыт сананы тұрмыс пен ақша билеу басым болып тұрғаны жасырын емес. Қолына диплом алып жұмыс іздеген жастарға қарағанда көше-көше жағалап гүл саудалап, шар ұстаған балақайларды соңғы кезде жиі көзге түсіп жүр. Ол аз емес-ау, тойда салған әнімен танылған балғындардың уыс-уыс ақшаны қысып билеген бейнероликтері де желі қолданушыларының талқысына іліккен өткір әлеуметтік мәселеге айналды.

11

Мейлі, табыс тауып ата-анасына ауыртпалық түсірмей, қажетін алуға жәрдемдескені де дұрыс шығар. Бірақ олардың қатары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптамаса, азамай тұр. Тиын мен тыйым, еңбек пен есептің өлшемін айырып алу үшін осы бір тақырыпқа оралуды жөн көрдік.

Тәрбие – тал бесіктен

Әлемнің әр мемлекетінде баланы тәрбиелеудің жолдары бөлек. Жапондар бала тәрбиесіне баса мән беретін ұлттың бірі. Олар «Балаңды бес жасқа дейiн патшаңдай күт, он бес жасқа дейiн құлыңдай жұмса, ал он бестен кейiн досыңдай сырлас» деген тәрбие негізін берік ұстанады. Кәрістер үшін бала тәрбиесі - сөз бен істегі адалдық, мақсатқа жетудегі табандылық пен төзімділікке баулу.

Қытайлықтар балаларын кішкентайынан төзімді, сабырлы және қанағатшыл болуға тәрбиелейді. Аспан асты елінде тәрбиенің дәстүрлі стильдері еуропалық тәрбиеден мүлде өзгеше. Бала тәрбиесі мемлекеттік маңызы бар шаруа саналады.

Ал АҚШ-та бала тәрбиесі «Әр бала өз бетінше өмір сүріп үйрене алу керек» деген ұстанымға негізделген. Көбіне ата-аналар балаларының талап-тілегін бірінші орынға қояды. Жылдам орындауға тырысады. Бұзықтық жасаған балаларын екі түрлі тәсіл арқылы жазалайды. Біріншісі – ойыншықтарын алып қойып, теледидар көруден шектеу, екіншісі – орындыққа отырып өзінің қате жасаған іс-әрекеті жайында ойлану.

Отбасында баланы ұру қатаң түрде заңмен қудаланады.

Қазақ – тәлім-тәрбиеге ерекше мән беретін ұлт. Баланың дүниеге келгенінен бастап жасалатын жоралғылары көп. Бұл балақайлардың дұрыс өсіп-жетілуіне пайдасын тигізеді.
Әуелгі тақырыптан ауыспай, негізгі мәселеге қайта оралайық. Міне, әлем елдерінде бала тәрбиелеу ерекше маңызға ие екенін осы мысалдардан көруге болады.

Арбатта гүл сатып, базарларда арба сүйреп, қала берді тойларда өнер көрсетіп жүрген балалардың тағдыр тауқыметін көріп, күнкөріс қамына ерте жастан салынып кеткені дұрыс емес екенін психологтар да айтады.
– Баланы еңбекке баулу оны кішкентай кезінен қолынан келетін жұмыстарға жұмсау арқылы қалыптасады. Отбасы мен өзінің туыстарына пайдалы нәрсе істеп, көмектескенін түсіну үшін оған алғыс айтуды ұмытпау қажет.

Сонда балақайлар еңбекқор әрі отбасына қамқоршы болып өседі. Бала психикасына кері әсерін тигізбеу үшін бір затқа қол жеткізуге ұмтылдыру мақсатында жұмсауға болмайды. Мысалы, бір нәрсе сатсаң, мынаны әперем дегендей еңбекке баулу - үлкен қате. Өсе келе оның бойын осыған ұқсас ойлар жаулап, қылмысқа итермелеуі де мүмкін.

Сондықтан маман кеңесіне жүгіне отырып, баланың тілін табу керек, - дейді психолог Жанна Арынбаева.

Жанна Маратқызының айтуынша, балаларды мүлдем үй шаруасына немесе басқа да істерге жұмсамау жалқаулыққа алып келеді. Мұндай жеткіншектер есейгенде жауапкершілікті сезіне алмайды. Балалармен жұмыс істей отырып, ата-аналар олармен үнемі әңгімелесіп, ойға алған істерін жүзеге асуына ықпал етуі керек дегенді алға тартты психолог.

Бұл баланы еркіне жіберіп қоя беру деген сөз емес. Керісінше, қадағалауға алып, оның әр ісін мұқият ой елегінен өткізу, дейді маман.

Қылмыстан аулақ болсын десеңіз...

Ешкім қылмысқа біле тұра бармайды. Бірі жазатайым жағдайдан орын алса, енді бірі мұқтаждықтан сол әрекетке барады. Бұл қылмыскерлерді ақтау емес. Керісінше балаларды жастайынан бақылауға алмаса, сол қылмыскерлердің нақ өзі болып өспесіне кім кепіл?! Ата-анасы күйбең тіршілікке салынып, кейде перзенттерін түгендеуден қалатындай. Бірақ, ол дегеніңіз балаларын мүлдем бетін қақпай, еркіне жіберу емес шығар.

Қараусыз қалған баладан үйдей жамандық шығуы бек мүмкін. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында биыл 3 айда атқарылған жұмыстармен бөліскен Шымкент қаласының полиция департаментінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Бауыржан Жұмабеков осылай дейді.

Оның айтуынша, түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын-жайдан тыс жерде жүрген 1195 жасөспірім анықталған. Нәтижесінде 250 бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Құқық бұзушылыққа бейім 113 жасөсіпірім және 50 қолайсыз отбасы ішкі істер органдарының есебіне алынған.

– Ішкі істер органының есебінде тұратын 222 жасөспірім және 541 қолайсыз отбасының тұрғылықты мекенжайы тұрақты тексерілді. Қолға алынған шаралар қорытындысы бойынша шымкенттік кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыста 1,6 пайызға немесе 60-қа төмендеді, - дейді Б.Жұмабеков.

Ал қалалық білім басқармасының бас маманы Әшірбек Әдеевтің айтуынша, кәмелетке толмағандар арасында баланың құқығын қорғау мақсатында тәрбие сағаттар, дөңгелек үстелдер, ақпараттық түсіндіру сабақтары үнемі жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, тәрбиелік мәні бар іс-шаралар өткізіледі.

Күйзеліске түскен, арнайы саулнамадан анықталған тәуекел тобынан табылған балалармен жеке жұмыс істелуде. Білім, тәрбиемен қатар олар жазғы сауықтыру шараларымен қамтылуда. Аз қамтылған отбасылардың балалары бір реттік ыстық тамақпен, мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтылуда.

– Мектеп оқушылары заңнамаға сәйкес, дене бітіміне зақым келмейтін (ауыр жұмыстар, цемент, құрылыс, мақта теру, т.б. жұмыстардан басқа) 4 сағаттық жұмыспен қамтылуға рұқсат беріледі. Алайда бізде бұл бойынша оқушылар тіркелмеген. Ауыр жұмыспен қамтылған жағдайда жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Білім туралы Заңның 49-бабының 2-тармағында көрсетілген шарттарды орындамаған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабының 2, 7-тармақтарына сәйкес әкімшілік шара көзделген, - дейді білім саласының маманы.

Құқығы тапталған жеткіншектер балалардың құқығын қорғау мақсатында іске қосылған 111 бірыңғай нөміріне, білім басқармасының cаll-орталығына хабарласып, шағымын айта алады. Сонымен қатар әр мектептен ашылған сенім телефондарына хабарласып, араша сұрауға болады.

Арбаттағы балалар

WhatsApp Image 2019-06-01 at 13.14.296

Шымкенттің шырайын ашып, қала тұрғындары мен қонақтарына керемет көңіл-күй сыйлайтын демалыс аймағы Арбат салынғанда көпшіліктің қуанғаны рас. Бір мезгіл бой жазып, жаныңа жақын жандармен серуендеуге таптырмас мекен. Дегенмен, бұл жердің де шырқын бұза жөнелетіндер табылды.

Олар – қолына гүл ұстап, шар саудалаған, қайыршыдай алдыңды кесіп, соңыңнан қалмай жүріп алатын балақайларды кешке жиі кездестіруге болады. Заң шеңберінде кәсібін дөңгелетіп, өнерін паш етуіне ешкім кедергісін келтірмес. Алайда нөлдік төзімділікке әкеліп соғатын әрекеттерін кейде айтпаудың өзі ұят.

Түйін сөз:

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халықтың болашақ ұрпағы еңбекқор, бәсекеге қабілетті болып өскені жақсы, әрине. Бірақ жастайынан балаларды ауыр еңбекке жегу заңға да қайшы әрекет. Балғындардың құқығын қорғау тек 1 маусым күні ғана емес, әрдайым басты назарда жүрсе деген тілек. Себебі, бала – отбасының бақыты және елдің болашағы.

АНЫҚТАМА:

Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы ҚР 2002 жылғы 8 тамыздағы N 45 Заңы.
16-бап. Баланың еңбек бостандығына құқығы
1. Әрбiр баланың еңбек бостандығына, қызмет және кәсiп түрлерiн еркiн таңдауға құқығы бар.

2. Балалар он төрт жастан бастап, ата-аналарының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсіп-жетiлуiне оңтайлы, баланың дене бiтiмiне, имандылығына және психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар. Бұл құқықты халықты еңбекпен қамту қызметi мен жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары қамтамасыз етедi.

3. Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлермен еңбек шартын жасасу және оны бұзу тәртiбi және олардың еңбегін реттеудің басқа да ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленедi.

4. Баланы оның денсаулығына қауіп төндіруі немесе білім алуына кедергі келтіруі не оның денсаулығына және дене бітімі, ақыл-ойы, рухани, моральдық және әлеуметтік жағынан дамуына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген жұмысты орындауға қабылдауға немесе тартуға тыйым салынады.