Даму мен жаңғырудың негізі

Пятница, 27 Август 2021 00:00 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 451 раз

Ата заңымыз – еліміздің егемендігін  айқындайтын басты төлқұжаты. Ел тәуелсіздігінің 30 жылында Конституцияның мемлекет іргесін нығайтып, әлем елдерімен терезесін тең ұстаудағы беделін  бедерлеп, ұлтымызға сенімді серпін берген, тұрақтылыққа тегеурін болып келе жатқандығын айту керек. Сол үшін де Қазақстан Республикасының Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналады.

baglan-teleu

Тауқымет жылдар мен сындарлы сәттерді басынан өткерген еліміздің  тарих беттеріне үңілер болсақ,  хандық билік кезінде де Заңдар жинағы жарық көрген. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» - ел арасындағы түрлі мәселелерді заңмен реттеудің тиімділігін көрсеткен. Бұл жөнінде Елбасы «Қазақстандық жол» атты кітабында: «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда Конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің Негізгі Заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек», — деген болатын.

Біле білсек, заң салтанат құрған қоғамда тыныштық пен береке, мамыражай заман орнайды. Біздің басты міндет Конституцияда көрсетілгендей, Заңның орындалуын қадағалау, мемлекет мүддесін қорғау. Ел игілігінен жеке басының мүддесін биік көретін кейбір жандар ел тұрмақ мемлекетке қауіп төндіретін әрекеттерге барып жатады. Сол үшін өз қызметімізде қырағы, үздіксіз білім жетілдіруге ұмтылуымыз қажет. Ата заңға қызмет ету деген терең ұғым екенін әрбіріміз түсініп келеміз.

Ғасырлар тоғысында  түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегінде елдіктің арқасында  бір ел, бір халық болып топтастық. Мұның өзі біздің Ата Заңда барлық адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктің барлығы қамтылғанының көрсеткіші.

Бүгінгі уақыттағы  конституциялық нормалар -  Қазақстан халқы үшін сенімді болашақты қамтамасыз ететін даму мен жаңғырудың негізі. Конституция күнімен барша қазақстандықтарды құттықтаймын!

Бағлан ТЕЛЕУ,
Шымкент гарнизонының әскери прокуроры, әділет полковнигі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.