Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңіруде TEDx жобасы арқылы айрықша үлес қосуда.
Үшінші мыңжылдықтағы білім берудің басты мақсаты – адамның рухани-адамгершілік құндылығын арттыра отырып іске асыру болып табылады.
TEDх жобасы аясында оқушыларға ашық талқылаулар, қызықты, сыпайылық пен әдептілік ережелеріне сай тақырыптар ұсынылады. Клубта оқушылар сұрақ қоюға, қарсыластарының сұрақтарына жауап беруге, жауаптарды талдауға, қойылған мәселе бойынша өз пікірлерін жеткізуге үйренеді.
Абайдың 23-қарасөзі. «Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбанышы бар...», «...Жаманға салысып жақсы бола ма?..», Әрине біз өзімізден биік тұрған адамдармен, елмен салысамыз. Шынында да, мен соңынан санағанда екінші тұрмын деп өзімізге баға бере аламыз ба? «...Ғылым көпке келіп пе? Біреуден тарап па?...», «...Хикмет көптен тарай ма? Бірден тарай ма?» Әлемнің екінші ұстазы біреу ғана, үшінші ұстазы бар ма? Бір сыныпта бірнеше бала ғана үздік оқиды, неге бәрі үздік емес? Абайды осындай терең ойдың түбіне бойлатқан қандай құдірет? Абай тәлім алған бұлақ бастауы қайда? Әрине халық ауыз әдебиетінде, халық педагогикасында. Абайға ұлылық ананың сүтімен, әженің өсиетімен, әкенің қасиетімен дарыды. Ана тілінен нәр алды.
Ал, біз саф алтындай сақталған ана тілімізге құрмет көрсетіп жүрміз бе? Айналамызда тілден басқа айтатыны жоқ деп ойлайтындар да табылады. Ал тілге сүйенбесек, асыл қасиеттеріміздің бастауын іздемесек, қолымыз жетпей жүрген ұлттық құндылықтарымыз қалай қалыптасады?
Халел Досмұхамедов: «Мектептің тілі бола алмаған тіл, ұлттың да тілі бола алмайды», – дейді. Тіл білу дегеніміз – ана тілін шұбарлау емес! Сол білген тіліңде таза сөйлеу. Қазіргі ұрпақ кейінгі буынға қандай тіл қалдырады? Не мәні жоқ, не сәні жоқ шалдыр-шатпақ тілін қалдырмақ па? Онда елдігімізден, ерлігімізден не пайда? Ана тілін ардақтай алмаған адам қиын-қыстау күн туғанда кімге қорған болады? Тілге құрметке, рухани құндылықтарға бей-жай қарауға болмайды. Озық елдердің осындай TEDx немесе басқа да жобалары арқылы баланың сыни ойлауын дамыта беруіміз қажет. Баланың ойына ой, санасына қозғау сала отырып, Қазақстанның намысты тұлғасын тәрбиелеуіміз керек.
TEDx жобасы мұғалімдер мен оқушыларға таратуға лайықты идеяларын ортаға салуға мүмкіндік береді.
Г. Жаппарқұл,
Шымкент қаласы химия-биология
бағытындағы Назарбаев Зияткерлік
мектебінің мұғалімі.