Ұстаздардың мерейi тасыған күн

Понедельник, 12 Октябрь 2015 11:18 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 5129 раз
 MG 5178Хан да, қара да, ақын да, әкім де ұстаздың тәлімін алып, қияға қанат қаққаны белгілі. Жылына бір рет келетін «Ұстаздар күнінде» оларға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Шымкенттік ұстаздар «Түркістан» сарайында бас қосып, қазанның алғашқы жексенбісінде аталып өтілетін төл мерекелерін тойлады.

Салтанатты шарада қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, «Нұр Отан» партиясы филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов, облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбіл, қалалық білім бөлімінің басшысы Ынтымақ Мәдиев құттықтау сөз сөйлеп, ұстаздарға қажымас-қайрат тіледі.

Ұстаз – ұлы ұғым. Бүгінде қаламызда 13 мыңнан астам мұғалім мектептерде қызмет етеді. Бүгінгі мерекелік кеште 80-нен астам ұстаз арнайы марапатталып отыр, – дейді Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Ынтымақ Мәдиев.

Білім саласындағы ерен еңбектері үшін бірқатар ұстазға облыс әкімінің, Шымкент қаласы әкімінің, «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының, Шымкент қалалық филиалының, қалалық мәслихаттың, облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының, қалалық білім бөлімінің арнайы «Алғыс хаттары» табыс етілді. Ал №46 мектеп-лицейінің ардагер ұстазы Нұржамал Жаманқараева ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы. Алтынсарин» төсбелгісін кеудесіне тақты.  Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
 
Последнее изменение Понедельник, 12 Октябрь 2015 11:21
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.