Шымкент қаласы əкімдігінің кезекті мəжілісі өтті. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен жиынның күн тəртібінде үш мəселе қаралды. Атап айтар болсақ, қаладағы білім саласының дамуы жəне мектептердегі тəрбие жұмыстарының жағдайы, “Су ресурстары-Маркетинг” ЖШС-нің қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жəне кəріз жүйелерінің жай-күйі, сонымен қатар бөлімдер тарапынан дайындалған қала əкімдігінің қаулыларын талқылау жəне бекіту мәселелері сөз болды.
Мәжілісте алдымен қалалық білім бөлімінің басшысы Ынтымақ Мәдиев баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі таңда Шымкент қаласында орналасқан 124 білім беру мекемелерінде 156 мың 143 оқушы білім алуда.
– Бүгінде 13 298 педагогтың 1394-і арнайы курстан өтіп, білімі мен біліктілігін оқушылардың жаңа технология бойынша білім алуына пайдалануда. Биыл оқушылар арасында өткен пәндік Олимпиада қорытындысы бойынша 25-і облыстық, 11-і республикалық жарыстардың бас жүлдесін жеңіп алса, 2133 оқушы түрлі тақырыптағы халық-аралық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді, – деді Ы. Мәдиев.
Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мәжіліс барысында білім бөлімінің басшысына кемшіліктер бойынша қатаң шаралар қолданылып, жұмыстың сапасына баса мән беру керектігін айтты.
– Оқушылардың өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша былтыр қалада 8, ал биыл 4 оқиға тіркелген. Мұның себебіне терең үңіліп көрдік пе? Бұл ретте ең алдымен мектептегі психолог пен инспекторға артылған жауапкершілік жоғары. Олардың тәртіпсіз оқушымен жүйелі жұмыс жүргізгені жөн. Сонымен қатар, ата-аналар мен мұғалімдердің арасында тығыз байланыс орнату қажет, – деді Ғ. Әбдірахымов.
Қала әкімі білім бөлімінің басшысына бір ай ішінде кешенді іс-шаралар жоспарын жасау керектігін тапсырды. Әкімнің
айтуынша, алдағы уақытта оқушылар арасындағы қылмыстың алдын алу үшін мектептерде Қамқоршылық кеңестері құрылмақ.
– Бұл кеңесте баланың немен айналысып жүргені айтылып, олардың қандай іспен шұғылданатыны қадағаланады. Меніңше, әр сабақ кезінде мұғалімде арнайы планшет болуы тиіс. Егер оқушы сабаққа қатыспаса компьютерлік жүйе арқылы ата-анаға хабарлама келіп түседі. Бұл шетелдерде оң жемісін берген бағдарлама. Осы жүйені алдағы 1-2 айда тәжірибеге енгіземіз, – деді қала әкімі.
Күн тәртібінде талқыланған өзекті мәселелер бойынша қала әкімі Ғ.Әбдірахымов сала мамандарына бірқатар тапсырмалар мен міндеттер жүктеді.
Сәбит ТАСТАНБЕК