Қала тазалығына тікелей жауапты «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-і Ресей және Беларусь елдерінен жеткізілген жаңа техникалармен толықты.
Қыр астында тұрған қыс маусымына дайындық жұмыстарымен осылайша қамданған тазалық мекемесінің басшылары әзірге, осы техникалардың күшімен бірқатар қажеттіліктерді өтеуге мүмкіндік алғанын айтады. Мәселен, Ресей елінде құрастырылған 10 «КамАЗ» автокөлігі 4 бірдей операцияны жүзеге асыруға қабілетті көрінеді. Яғни, бұл техниканың күшімен қарды күреп, асфальт жолдарды арнайы сыпырғыш құралымен тазалап, тіпті, су шашып, жуып та шыға алады. Сонымен қатар, мұз-тайғақтарда қажетті көлемде инертті материалды да сеуіп шығуға септігі мол. Айта кетейік, бұл үшін қажетті қаражат облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тікелей тапсырмасымен, бюджет есебінен қаралыпты. Бұдан бөлек, мекеме өз тарапынан Беларусь елінде құрастырылған 10 «МАЗ» автокөлігін алып отыр.
- Қазіргі таңда, біздегі мекеменің балансында барлығы 144 техника бар, - дейді «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-нің директоры Гүлнар Сапарымбет. – Оның бірқатарының тозығы жетіп, істен шығуына байланысты, бізде техникаға деген мұқтаждық байқала бастаған болатын. Енді міне, жергілікті басшылық тарапынан ұсынысымыз оң қолдау тауып, қажетті техникалар жеткізілуде.