БІЛІМ: саннан сапаға қарай... Избранное

Среда, 27 Июль 2022 06:04 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 950 раз

Елімізде 11 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйымда 1 миллионға жуық бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Мұндағы 500 мыңға жуық бала 5834 мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымға тіркелсе, 450 мың бала 5205 жекеменшік балабақшаға барып жүр. Алайда, білім саласында атқарылар іс көп. Ең әуелі, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, араға 10 жылдан астам уақыт салып, балабақшаларды лицензиялау тетігі қарастырылып жатыр. Яғни, білім саласы саннан сапаға қарай бағыт алды. Жаңа оқу жылына дайындық барысы мен саладағы бірқатар өзгерістер жайлы айтар болсақ...

57

 

«Лицензиялау жеке бизнестің дамуына кедергі келтірмейді»

«Мектепке дейінгі білім ұйымдарын лицензиялау жұмыстары тиісті құжаттар қабылданған соң, 2024 жылы бастау алуы мүмкін. Лицензиялау ешқандай кәсіпкерліктің, яғни меншік иесінің құқығын шектемейді. Бұл — балаларды сапалы біліммен және жайлы ортамен қамту үшін жасалған қадам. Яғни, жекеменшік және мемлекеттік балабақшалар толығымен лицензиялаудан өтеді». Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұргүл Шәмшиева Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифинг барысында осылай деді.

58

Бүгінде әлеуметтік желілерде балабақшаларды лицензиялау мәселесі белсенді талқыланып жатыр. Бірі балабақшаларды лицензиялау сапаны арттырады десе, енді бірі ол мектепке дейінгі білім берумен айналысатын жеке бизнестің дамуына кедергі келтіреді деп санайды.
— Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында балабақшаларды лицензиялауды тапсырған-ды. Демография мен республикаішілік урбанизацияға байланысты елімізде бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету мүмкіндігі азайған кезеңде, яғни 2011 жылы «Балапан» бағдарламасы бастау алып, жекеменшік балабақшаларды дамытуға мүмкіндік берілді. Алдағы уақытта балалардың қауіпсіздігі үшін лицензиялау жұмысы қолға алынып отыр. Мұндай іс-шара мемлекеттік құжатқа негізделіп жүргізіледі. Ол үшін, әуелі, лицензиялаудың негізгі талаптары айқындалады. Екінші, қоғамдық талқылау өтеді. Сонан соң ғана тиісті шешім негізінде жұмыс басталады. Яғни, лицензиялау жұмыстары шамамен 2024 жылы бастау алуы мүмкін, - деді Н.Шәмшиева.
Мамандардың айтуынша, лицензиялау жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылады. Бірінші кезекте жаңадан ашылған ұйымдар қамтылса, екінші алғашқы мемлекеттік аттестациялаудан өтпеген мектепке дейінгі ұйымдар, үшінші жұмыс істеп тұрған барлық балабақшалар осы рәсімдеуден өтеді.

60


— Балабақшаларды лицензиялау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда, балаға қауіпсіз орта қалыптастыру үшін жертөледе немесе жарықсыз ғимаратта балабақша ашып отырғандардың жұмысын шектеп, сапаны арттыру көзделіп отыр. Әрбір ата-ана баласын тамағы дәмді, тәрбиешісі білікті, бейнебақылау жүйесі іске қосылған, өрт қауіпсіздігі сақталған, жайлы балабақшаға беруді қалайды, - деді Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева.

59


Яғни, мамандардың айтуынша, лицензиялау жұмысы басталған тұста, рәсімдеуге қатысатын нысан иесі электронды портал арқылы өтінім білдіреді.
— Өтінім қабылданған соң, жергілікті мамандардан құралған комиссия ұйымның құжаттарына алдын-ала зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Ол кезде мемлекеттік стандарт талаптарының сақталуы, педагогтардың біліктілігі, материалдық-техникалық базасы, ұйым орналасқан ғимараттың жалдау немесе меншік құжаты қаралады. Жергілікті комиссия реттеуге келетін кем-кетігі анықталған жағдайда ескертіп, мемлекеттік лицензиялау комиссиясына дейін оны реттеуге мүмкіндік береді. Яғни, мектепке дейінгі ұйымдардың минималды базалық қамтамасыз етілуі ескеріледі, - дейді Нұргүл Ақылбекқызы.

Ваучерлік жүйе енгізілмек

ҚР Оқу-ағарту министр-лігінің шешімімен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба жүргізіліп жатыр. Бұл қаржының дұрыс игерілуін ғана қамтамасыз етпей, әр ата-анаға сапалы балабақша таңдау құқығын бермек. Бүгінге дейін ата-ана баласын балабақшаға беру үшін оны мемлекеттік кезекке қойып, кезегі келгенде жергілікті білім басқармасы берген жолдамаға сәйкес мектепке дейінгі ұйымға тапсыратын.
— Биыл елордада балабақшаларды ваучерлік жүйе арқылы қаржыландыру бойынша пилоттық жоба енгізілді. Мұнда ата-аналарға сапалы білім беретін балабақша таңдау құқығы беріліп отыр. Яғни, бұған дейін мектепке дейінгі ұйымдарға жан басына қаралған қаржы конкурс арқылы берілетін. Алайда, кейде базасы жақсы балабақшаларға аз қаржы қаралып, кейбір балалар мемлекеттік қолдауға ілінбей қалатын. Жан басына қаржыландыру бойынша 2022 жылы әр балаға айына 41 197 теңге белгіленіп, бюджеттен
35 млрд 665 млн теңге қаралып отыр. Ал, ваучерлік жүйе іске қосылған кезде ата-ана баласын өзі қалаған балабақшаға бере алады. Сондай-ақ, жан басына қаржыландыру жүйесінен бөлінген қаражат ай сайын ата-ананың есеп шотына түсіп, олар қаржыны баланың барған күніне сәйкес ұйымның шотына аударады. Ата-анаға балабақша таңдау құқығы берілген кезде меншік нысанына қарамастан ұйымдарда бәсеке пайда болып, сапаға жұмыс істейтіні анық. Пилоттық жоба аясында Шымкентте қыркүйек айынан бастап 10 балабақшаға ваучерлік қызметті енгізу жоспарланған, - деді Жанат Арысбекқызы.
Айта кетейік, Шымкентте қазіргі таңда 577 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 72-сі мемлекеттік, ал 505-і жекеменшік. Кезекте тұрған
88 429 баланың 78 356-сы балабақшамен қамтылған. Ол 88,6 пайызды құрап отыр. 3-6 жас аралығында бүлдіршіндердің балабақшамен қамтылуы 100 пайызды құрағанымен,
2-6 жас аралығындағы көрсеткіш 89,3 пайызға жеткен. Бұл мәселені шешу үшін жыл соңына дейін тағы 28 балабақша ашу жоспарланған.

Жаңа оқу жылында жаңалық көп

Брифингте Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы мәлімдеді. Биыл 27 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттамақ.
— Өткен жылында 25 мектеп жаңадан ашылып, Шымкенттегі білім ұясының саны 203-ке жеткен еді. Ал, биыл жыл соңына дейін 24 мектеп ашу жоспарланып отыр. Оның 4-уі мемлекеттік. Сонымен қатар, 2021 жылы 25 мың бала 1-сыныпқа қабылданған болатын. Жаңа оқу жылында 27 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттамақ. Оның 98 пайызға жуығы бүгінде құжатын тапсырып үлгерді, - дейді Жанат Арысбекқызы.
Жаңа оқу жылының басты жаңалығының бірі — мектеп формасының нақтылануы. Яғни, бұған дейін мектеп формасының түсін әр білім беру мекемесі өзі таңдауға құқылы болса, биыл әр өңірге біртүсті форма белгіленіп отыр.

61


— Жыл сайын оқу жылы қарсаңында көп талқыланатын тақырыптың бірі — мектеп формасы. Мектеп формасының түсін биыл әр мектеп емес, өңір таңдайтын болды. Жаңа оқу жылында шымкенттік оқушылар ақ жейде, қанық көк түсті форма киеді. Бұл мектеп ауыстыратын оқушылар үшін де тиімді. Енді ата-ана баласы мектеп ауыстырғаны үшін жаңа форма алуға мәжбүр болмайды. Мектеп формасына әр мектептің эмблемасын тағуға ғана рұқсат беріледі. Сонымен қатар, биыл 56 586 ата-анадан бір реттік мектеп формасымен қамтамасыз етуге өтініш түсті. Талапқа сәйкес, жергілікті бюджеттен әр балаға мектеп формасы үшін 35 мың теңгеден қаржы қаралып отыр, - деді қаланың бас ұстазы.
Сонымен қатар, Ұлттық жоспарға сәйкес 179 343 оқушы қосымша біліммен қамтылған. Оның ішінде жан басына қаржыландыру есебінен 32 000 бала спорттық және өнер үйірмелеріне барып жүр.
— Білім басқармасы тарапынан балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысының қаржы көлемі белгіленіп, қазан айында қосымша 3000 баланы қамту жоспарланып отыр, - деді Ж.Тәжиева.

 

Ал, сол кезде...

Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева қала әкімі Мұрат Әйтеновке
6 айда атқарылған жұмыстар мен жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы есеп берді.
Жиын соңында қала әкімі М.Әйтенов сала басшысына бірқатар тапсырмалар берді:
– балабақшаларға қатысты кешенді жоспар дайындау;
– педагогтердің бейінділігін реттеу;
– медицина, спорт, білім саласы бірлесіп инвесторларды тарту мақсатында кәсіпкерлерге арналған ауқымды көрме ұйымдастыру;
– мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын жан-жақты зерделеп 20 тамызға дейін баяндау;
– оқулық жетіспеушілігінің алдын алу, турникеттердің жұмысын тексеру;
– эпидемиялогиялық жағдайға байланысты оқу түрлеріне дайын болу;
– білім беру ұйымдарындағы жылу қазандықтарының жаңа жылыту маусымына дайындығын пысықтау;
– межеленген индикаторлардың әрбірінің орындалуы бойынша талдау жүргізіп, өзекті мәселені үнемі бақылауға ұстау.