Сексенмен сырласқан актер Избранное

Среда, 01 Ноябрь 2023 03:45 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2801 раз

Уақытпен жарысқан өнер тұлпары жалынан мықтап ұстағанды ғана аударып тастамай, межелі жеріне жеткізетіні аян. Тақымы мықты дегеніне жететініне көз жеткенімен, нәтиже – адамына байланысты шешілетін мәселе. Маңыздысы, жалына жармасқанның уысына сүбелі дүние іліге ме, жоқ па, осында болса керек. Ауылдың шаңы көтерілген көшесінде ағаш ат мініп шапқан Сапар уақытпен жарысып жүріп «Шанин театрының туын желбірететін, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сапар Өтемісұлы боламын» деп сірә да ойламаса керек?! Оқырман назарына сексенмен сырласқан актермен арадағы сыр-сұхбатты ұсынбақпыз.

703

 

— Артист сөзін санаңызға қабылдауға не себеп болды?
– Бостандық ауданы Оңтүстік Қазақстан облысына қарайтын кез. Біздің ауыл Главасай деп аталатын. Әке-шешемнің жалғыз ұлымын. Ауыл мені «әнші бала» дейтін. 1956-57 жылдары ауылға Шымкенттен облыстық қазақ театры «Қыз Жібек» қойылымымен келді. Қыз Жібекті – Жұмабике Серікбаева, Төлегенді – Мұхтар Өтебаев, Бекежанды – Жүсіпбек Тұрсынов, Базарбайды – Әкіш Шанин, Шегені – Отызбай Жұмабеков, көпшілік сахнада Сейіт Досмағанбетов ойнады. Ауыл-ауылды аралап жүріп қояды. Бекежанның Төлегенді өлтіргені қатты әсер еткені сонша, еңіреп жылап, түнімен ұйықтамай шықтым. Ертеңіне көрші ауылға кеткен театрды артынан қуып барып, «бүгін Төлегенді өлтіртпеймін» деп шештім. Қойылым далада болады. Сахнасын ашық алаңға құрып, шымылдық жауып қояды. Бекежан Төлегенді өлтірмекке қанжарын шығара бергенде, сахнаға жүгіріп шығып, «Аға, өлтірмеңізші?!» деп, Төлегеннің үстіне жата кеттім. Жүсіпбек аға шошып кетті. Мұхтар аға «Айналайын, тұр... Әй, бала тұр, әйтпесе Бекежан сені де өлтіреді» дейді. Жылап көнбеймін. Амалы таусылып, шымылдықты жауып жіберді. Артистер жүгіріп қасыма жиналып қалды. Әкіш аға: «Әй, балам, тұр орныңнан, бұл – ойын ғой?!» деді. «Ойын болса да өлтірмеңіздерші?!» деп тоқтамай еңіреп тұрмын. «Жақсы, өлтірмейміз, орныңа бар» деді. Ақыры өлтіртпедім. Міне, сол сәттен бастап жүрегімде сахнаға деген сезім тұтанды.

704

– Театрдағы қадамыңыз бірден басты рөлден басталды ма?
–Алматыдағы Құрманғазы консерваториясын бітірген соң, анамның денсаулығына байланысты Шымкентке оралуға мәжбүр болдым. 1967 жылы Шымкент театрында Әубәкір Ордабаев көркемдік жетекші екен. М.Әуезовтің «Қаргөзі» гастрольге кеткелі жатқанда Наршаны ойнайтын Мұхтар Найманбаев ағамыз ауырып қалып, аяқ астынан мені кірістірді. Аз күнде Наршаны сомдап, ұжыммен бірге гастрольге шығып кеттім. Келген соң, Сырымның рөліне салды. Жалындаған жас Сырым оң жамбасыма түсіп, жанып ойнайтынмын. Басқа қалаларға гастрольге шыққанымызда «Талай Сырымды көріп едік, сенің Сырымың дауыл болды. Өрт боп өртеніп кете ме деп қорқып кетіп едік!» деген әріптестердің пікірі шеберлігіме дүмпу болды. «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» атағын алуыма үлкен себепкер болған Сырымның рөлі маған «Жұлдызды рөл» болды.

– Құбылысқа айналған рөліңіз қандай?
–1982 жылы театрда Жақып Омаров бас режиссер боп тұрғанда Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысын» қойды. Маған Ақанның рөлін берді. Ақанның күллі әндерін домбырамен шырқайтынмын. Шәкен Айманов пен Мұхтар Өтебаевтың Ақан серілерін көргенмін. Жақып аға «Маған сенің өз Ақаның керек» деді. Демек, ешқайсына ұқсатпай ойнауым керек. Сал-серінің бәрі жаны терең жандар ғой. Әсіресе, Ақанның жан-дүниесі тұнып тұрған лирика. «Күннің көзі, Айдың жарығы» болған Ақтоқтыға деген махаббатын жеткізу үшін қатты күйзелдім. Ақтоқтыны – Әнипа Қарабекова ойнады. Талай Ақтоқтымен ойнадым ғой, ішінде шоқтығы биік партнерім Әнипа болды. «Премьераға автор» келеді деп естідік. Басқалар секілді саспадым. Есіл-дертім Ақанда болды. «Ақтоқтыға деген махаббатын көрерменге жеткізе аламын ба?» деген ой ғана жанымды егеді. Премьера соңында Ғабит Мүсірепов ағамыз сахнаға шығып мені құшақтап, авансценаға жетелеп шығарып: «Шәкеннен соң Ақанымды көре алмай жүр едім, Ақаным тірілді ғой?!» дегенде, көрермен ду қол соқты. Ғабит аға: «Мына театр – үш жүздің баласы қызмет ететін киелі өлке Оңтүстіктің қарашаңырағы. Жеті атасын білмеген – жетесіз, тегін білмеген – тексіз ел емес, біз – жетпіс жеті атамызды білетін халықпыз. Ол — біздің ұлы қасиетіміз. Өзге елден еш жеріміз кем емес!..» деді.
Театр сыншыларының жан-жақтан «Сапар Өтемісов құбылыс тудырған рөль» деп жазған – Лениннің рөлі болды. 1987 жылы рөлдің сөзі 141 беттік М.Шатровтың «Сонда ғана жеңеміз» драмасындағы Ленинді 44 жасымда ойнадым. 141 беттің сөзін жаттап, бойыма сіңіруім үшін театр мені 6 айға босатты. Премьераға Мәскеуден театр сыншылары арнайы келді. Себебі, кеңес кезеңінде Ресейдің өзінде тек екі театрда ғана Ленин жайлы қойылым сахналанған болатын. 2 сағат 35 минуттық қойылымнан соң мәскеуліктер «Өз көзімізге – өзіміз сенбей отырмыз. Переферия театры МХАТ театрынан, Сапар Өтемісов Калягиннен асырып ойнады. Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну керек!..» деп, таң-тамаша болды. Ол жайлы көптеп жазылды да. 1986 жылғы желтоқсан, Мәскеудегі толқуларға тап келіп, араға он екі жыл салып Ленин рөлім үшін «Лучшие люди республики» деген алтын төсбелгісін берді. Тәшенов ағамыз «Шымкент театрының бақыты – Сапар Өтемісов» деп тәнті болды. Алматы сапарында Асқар Тоқпанов ағамыз сахнаға шығып: «Шәкірті – ұстазынан озады деген осы екен ғой»,- деді. Гогольдің «Үйленуіндегі» Подколесинімді ресейлік театр сыншылары «Ресей театрларында сіздей Подколесинді кездестірмедік» деп, өз бағасын берген болатын.

705


1982-83 жылдары Ә.Әбішевтің «Мәдиін» Жақып Омаров сахналады. Мәдиді ойнадым. Ақан мен Мәди, Сырым – серілігі мен перілігі ұқсас от кейіпкерлерді сомдау оңайға түспеді. Көрермен алдында «Ұқсастық» деген штампқа ұрынбау үшін, әрқайсының жан-дүниесіне тереңінен сүңгуім керек. Солай еттім де. Мәди – даланың тұтқыны. Жауыздық жасағандар – өз туыстары. Іші мен сырты арпалысқа толы жан. «Бұл күнде арғымақтан – мәстек озды» деген бір ауыз сөзі – Мәдидің ішкі күйзелісін қандай керемет беріп тұр. Үш ай бойы тек Мәдимен өмір сүрдім. Басына барып, Құран оқып қайттым. Мәдидің өрлігін шідерлеген өз қазағы. Міне, осыны бүгінгі көрерменге жеткізу үшін Мәди боп арпалысқа түстім. Премьераға пьесаның авторы Әлжаппар ағаның өзі келді. Соңында автор сахнаға шығып «Мәди сендей-ақ болған шығар» деп, ризашылығын білдірді.

– Жамбасыңызға оңынан түспеген рөліңіз болды ма?
–Жоқ. Көңілім қаламаған рольді ойнамайтынмын.

–Жан-дүниеңізбен біте қайнасқан рөліңіз?
–Абайдың рөлі. 1982 жылы Жақып Омаров сахналаған Б.Римованың «Абай-Әйгерімінде» Абайдың жас кезін ойнадым. 1993 жылы театрға Асқар Тоқпанов ағамыз келді. Қазақстанның барлық театрын аралап, Абайды ойнайтын актерді іздеп келе жатыр екен. «Сапар, мен саған тоқтадым, дайындал!» деді. Өкінішке орай, Асқар ағамыз ауыр науқасқа шалдығып, арманына жете алмады.
М.Әуезов пен Соболевтің «Абайын» Әскер Құлданов сахналады. 1995 жылы Абайдың 150 жылдығына Жезқазғанға театр фестивалін көруге бардық. Бізді фестивальге қоспады. Ашуым кеп Мәдениет министріне «Біз неге шақырылмадық? Сізге министр креслосы лайық емес?!» дегенді бетіне айтамын деп, алайын деп тұрған Халық артисі атағынан қағылдым.

– Сахна серіктесі сіз үшін қаншалық маңызды?
–Сахнада артисті сүйейтін, дүмпу беретін – серіктесі. Серіктессіз қанша мықты болсаң да, ұзаққа шаба алмай, қанатың қайырылады. 2001 жылы Ерғали Оразымбетов Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» драмасын қойды. Он күн дайындықтан соң, Жиренше – Ақсақал Қалмырзаев, Оразбай – Ошат Рахимовты рөлден алып тастады. Екі бірдей партнерсіз қалдым. «Ерғали, маған партнер керек. Мен екеуінен де Оразбай мен Жиреншені көремін. Ұнамаса – мені де алып таста» дедім. Ойланса керек, екі күннен соң қосты. Қойылым өте сәтті шықты. Авторы Иран-Ғайып сахнаға шығып «Менің Абайым!..» деп құшақтап, риза болды. 2012 жылы Астанада өткен «Оңтүстіктің күндерінде» қойылым соңында айтулы театр сыншысы марқұм Әшірбек Сығаев сахнаға шығып «Гений?! Ұлысыз!.. Жер қойнына кеткен ағалардың әруағы кешірсін. Сахнада сізден асқан Абай болған жоқ. Сапар Өтемісов дарындардың ішіндегі – дарыны, сиректердің ішіндегі – сирегі. Сапардай актерді сақтайық!..» деп, күллі көрерменді дүр сілкіндірген еді.

–Арамандаған, қол жетпей кеткен рөліңіз бар ма?
–Актерде арман біткен бе?.. Жас кезімде Гамлет пен Отеллоны ойнасам деп армандадым. Кезінде қойылмады. Есейген соң Король Лирді армандадым. Сәті түспеді.

— Әңгімеңізге рақмет!


P.S.

Міне, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Парасат», «Барыс» төсбелгілерінің иегері, «Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы», аяулы жар, ардақты әке, батагөй ата Сапар Өтемісұлы әлі де өнер тұлпарының жүгенін сыпырған жоқ. Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры сахнасында түрлі рөлдерді сомдап, көрерменнің ықыласына кенеліп жүрген актер. Біз «Өнер тұлпарының жалын ұстаған уысыңыз қарымды болсын!..» деп тілек білдіреміз.

Сая ҚАСЫМБЕК,
драматург, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ
драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.