ЖАС АҚЫНДАР ӨЗБЕКӘЛІНІ ЖЫРЛАДЫ Избранное

Среда, 13 Март 2024 05:35 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 449 раз

Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде республикалық «Рух сардары» атты жас ақындар айтысы өтті. Айтыс Өзбекәлі Жәнібековтің ел үшін жасаған қызметі мен мұраларын насихаттау, жас ақындарға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Өнер додасын Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың Басқарма төрағасы-ректордың міндетін уақытша атқарушы, айтыс жанашыры Гүлжан Сүгірбаева құттықтау сөзбен ашып, ақындарға сәттілік тіледі.

aitus

 

Айтысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 14 ақын қатысып, 7 жұп болып айтысты. Яғни, Шымкенттегі айтысқа Аян Ниязбек, Айым Асылбекқызы, Ердәулет Ыбыраев, Нұрбол Жауынбаев, Дәурен Ысқақ, Жандос Мырзабеков, Нұрдәулет Өмірбеков, Мейіржан Жарылқап, Нұрмахан Жақыпбек, Әсет Ақылжанов, Мейірбек Жақсылықов, Ахметрасул Баянбай, Даниял Болысбек, Сұлтан Сәуірхан сияқты бүгінгі айтыстың жас жүйрігінен хас жүйрікке айналып келе жатқан таланттар қатысты.
Айтыстың шымылдығын Ердәулет пен Нұрдәулет ақындардың жұбы ашты. Алғашында іркіліп барып басталған сөз додасы қыза келе нағыз шарықтау шыңына көтерілді. Орамды ой, құнарлы шумақтар ақындардың аузынан алтын болып ақтарылып, көрермендер қошеметіне бөленді.
Айтысты «Қаратау» өнер мектебінің директоры, айтыскер ақын Біржан Байтуов жүргізді. Ауқымды шараның өтуіне университет проректоры Баршагүл Исабек, тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің басшысы Қайрат Анарбаев, «Айтыс» үйірмесінің жетекшісі Нұрғали Әнапия және мәдениет бөлімі ерекше атсалысты. Тартысты айтысты көрермендер университеттің ютуб арнасынан және әлеуметтік желі парақшаларынан тікелей эфирден тамашалады.
Айтыскерлердің өнеріне Маржан Есжанова, Анар Жаппарқұлова, Кәрима Оралова, Қажымұқан Абзалов сынды белгілі айтыс ақындары мен университеттегі Ө.Жәнібеков атындағы орталықтың басшысы Эльмира Оразбаева төрелік етті.
Әділ қазылардың шешімімен ақтөбелік Нұрбол Жауынбаевқа бас жүлде — 1 000 000 теңге бұйырды. Ал 1-орынды иеленген Нұрмахан Жақыпбек 700 000 теңге жүлдемен марапатталды. Екі бірдей 2-орынды Жандос Мырзабеков пен Сұлтан Сәуірхан (400 000 теңгеден), екі бірдей 3-орынды Ахметрасул Баянбай мен Айым Асылбекқызы (250 000 теңгеден) жеңіп алды.
Қалған 8 ақынға «Майлықожа», «Құлыншақ Кемелұлы», «Көпбай Омаров», «Тәушен Әбуова», «Қаныбек Сарыбаев», «Әселхан Қалыбекова», «Оразалы Досбосынов», «Есенқұл Жақыпбек» атындағы арнайы жүлделер (150 000 теңгеден) табыс етілді.
Айта етейік, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ жас ақындар айтысын бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Оқу орны бүгінде айтыстың ақ ордасына айналған. Осы жылдарда қаншама жас ақын жыр аламанына қосылып, жүйріктер қатарына ілікті. ОҚПУ сахнасы танытқан таланттардың қатарында Біржан Байтуовтан бастап, Дәурен Ақсақалов, Нұрғали Әнапия, Аян Ниязбек сынды көптеген сөз мергендері бар.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.