Шымкентте көнеден келе жатқан ұлттық қолөнеріміз – ұршық иіріп, киіз басу, кілем тоқып, құрақ құрау заманмен үндесе қайта жаңғырды. Шымкент қалалық әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығында он саусағынан өнері тамған ісмер жандар жастарға шеберлік-сабақ өтті. «Көнеден келе жатқан сыр сандық» атты іс-шара Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылды.
– Іс-шараның мақсаты – өткенді қалыс қалдырмай, бүгінмен үндестіру. Жастарды ұлттық құндылықтан ажыратпауда осындай іс-шараны ұйымдастыруды дәстүрге айналдырдық, – деді қалалық әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының басшысы Ж.Тағаев.
Бибажар Симова – дәстүрлі өнерімізді жаңғыртып жүрген хас шебер. Алпыс жылдан бері өнердің қыр-сырын кейінгі ұрпаққа үйретіп келеді.
– Қазіргі жастардың тілімен айтқанда табиғи өнімдер – сәнде. Ал ұлтымызда тұрмыста қолданған әрбір зат, ішіп-жейтін азық-түлігіміздің барлығы – табиғи болған. Қолөнермен айналысу адамның ойын тереңдетеді, шығармашылық қабілетті дамытады, еңбекке үйретеді.
Бүгінгілер балалардың миын шынықтыруда шетелдің түрлі әдіс-тәсіліне көшіп алған. Кілем тоқу, кесте тігу, ұршық иіру – міне осының бәрінде шынықтыру әдісі жатыр. Сондықтан балаларды ұлттық өнерімізді үйренуге көптеп тарту қажет. Екінші жағынан бұл – кәсіп. Мұнымен де табыс табуға болады, – деді Б.Симова.
Қолөнер бұйымдарын тоқып-тігуді танымал шебер апа-әжелер – Жұпар Бейсенова, Күләш Айдарбекова, Құралай Құрбанова, Арай Сәмбетәлиевалар жүргізді. Бірі – алаша тоқытты, екіншісі – тоқыманы үйретті, өзгесі – ою ойғызып, құрақ құраудың құпиясын ашты.
«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің маманы Қарлығаш Кенжебекова мәдени мұрамызды сақтауда ұрпаққа үлгі болған аға буынға алғысын жеткізді. – Қолөнер бұйымдарын жастар апа-әжелерден үйреніп, өнерді жаңа бағытта дамытып жатыр. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық өнерімізді жалғайтын жастардың қарасы көп болғаны қуантады, – деді Қ. Кенжебекова.
Суретті түсірген Б.СЕЙІТЖАППАР