Және он саусақтан тамған тамшы
Үшінші мегаполисте еліміздегі өнерлі оқушылар қолөнер бұйымдарын жасаудан бағын сынады. «Шеберлер қаласы: ата-бабамыздың мұрасын сақтаймыз және дамытамыз» атты өлкетану сәндік қолтаңбалы шығармашылық байқауға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласы және Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Қарағанды, Павлодар, Шағыс Қазақстан, Солтүстік
Қазақстан облыстарының жас түлектері қатысты.
Байқау Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздің Білім және ғылым министрлігінің республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының бастамасымен Шымкентте алғаш рет өтті.
- Шығармашылық көрмеге қойылған бұйымдарды оқушылар өздері жасаған. Осы арқылы шәкірттердің халықтық қолданбалы шығармашылыққа және мәдени мұраға назарын аударып, ұлттық мәдениетке, патриоттық сезімін оятуға ынталандырамыз. Сонымен қатар, оларды белсенді шығармашылық қызметке араластырып, дәстүрімізді дәріптеуге, оған ықыласпен қарауға тәрбиелейміз, – дейді ұйымдастырушылар.
Бейнелеу өнері мұражайындағы көрмеге оқушылардың сан түрлі еңбегі қойылған. Солардың бірі ақтөбелік ұстаз – Айгүл Бейсекова алты шәкіртінің шығармашылық жұмысын алып келіпті. Былғары торсық, өрілген қамшы, қайыңнан жасалған кәдесыйлар, құрақ пен жұмсақ ойыншықтар. Он саусағынан өнері тамған оқушылар бұйымдардың ұлттық бояуын сақтауға тырысыпты.
– Бұл облыстық байқаудан іріктеліп, еңбегімен ерекшеленген оқушыларымыз алты номинация бойынша жұмыстарын көрсетті. Жарыста орын маңызды емес, бастысы жас өскіннің ұлттық мұрамызды жалғастыруға деген ниетінің өзі жетістік деп ойлаймын, – деді Ақтөбе дарын орталығының әдіскері А.Бейсекова. Ал Ақмола облысынан келген жас қолөнерші Нұрбек Нұрқасым астауларды күнделікті қолданысқа енгізуге үлес қосқым келеді десе, Жүзім Мамбаева ескі қалдықтардан ерекше сувенир жасаған.
Жалпы көрмеде тұрмысқа арналған, жарамсыз және табиғи материалдардан жасалған бұйымдар қойылды. Сонымен қатар, оқушылар ұлттық колориті бар интерьердің ерекше дизайн-жобасы мен өңірдің халықтық қолөнер бұйымдарын ұсынды. Қорытындысында, жеңімпаздар марапатталып, сертификаттар табыс етілді.
фото: Береке СЕЙІТЖАППАР