Ұлттық спортты ұлықтаған әулет Избранное

Среда, 26 Май 2021 03:47 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2850 раз

Бүгінде қоғамдық үдерістер халқымыздың өмір салтына күрделі өзгерістер енгізіп жатқанына қарамастан ел ішінде ынытмағы жарасып, ырысы тасыған өнегелі отбасылар әлі де көп-ақ. Бүгін сондай мерейлі отбасылардың бірі – Сапарбековтер әулеті жайлы аз-кем әңгімелегенді жөн санап отырмыз.

860

 

Сапарбековтер десе, ұлттық спорт пен ұлттық өнерге жанашыр болып, соны сақтау мен дамытуға үлес қосып жүрген ақпейілді жандар ойға оралады. Әулеттің үлкені марқұм Қадырбек Сапарбековтің негізгі мамандығы физика пәнінің мұғалімі болған. Алайда, ол кісі жастайынан спортқа жаны жақын болыпты. Шахмат пен тенниске ерекше қызығушылық танытып, тіпті осы спорт түрлерінен шәкірт тәрбиелеп, бапкер атанған. Кейінірек ұлттық спортымыз тоғызқұмалақпен танысқан соң өмірінің қалған бөлігін осы іске арнауға шешім қабылдаған. Бір ауыз сөзбен айтқанда, Қадырбек Ұласбекұлы – тоғызқұмалықты қайта жандандырып, оны Шымкент қаласы мен оңтүстік өңірге таратқан қайраткер азаматтардың бірі.
Белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлының Қадырбек аға жайлы айтқан мына бір естелігі сөзіміздің айғағы болар деген ойдамыз:
«Қадекең үлкен жүректі азамат еді. Тоғызқұмалақ спортын өз өмірінен де қымбат санаушы еді. Бүгінде балаларының тоғызқұмалақ спортының жанашыры, қайраткері дәрежесіне көтерілулері осы сөзімізге дәлел. Адам өз баласын өзі сүймеген өнерге бере ме? Ол адамды жақсы көре білудің үлгісі еді. Қашан да жан-жағына адам топтап, достыққа дәнекер болып жүретін. Қадекеңнің жарқын бейнесі оны көрген, білген жандардың жадында мәңгілік қалатынына күмән жоқ».
Иә, Қадырбек аға өзінің бапкерлік жолында қаншама жас жеткіншекке осы бір күрделі де қызықты ойынды үйретіп, тәрбиелеп шықты. Оның шәкірттері әр жылдары республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып жүретін. Жалпы, 50-ге жуық спорт шебері мен спорт шеберлігіне үміткерлерді даярлап шығарған. Ол кісі тоғызқұмалақты тек шәкірттеріне ғана емес, өзінің ұл-қыздарына да үйретіп, олардың кәсіби спортшы деңгейіне көтерілуіне себепші болды.
Бүгінде қызы Салтанат – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол 2010 жылы Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет ұйымдастырылған тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты күміс жүлдеге ие болған. Ал, 2015 жылы Алматыда өткен жаһан чемпионатында тоғызқұмалақтың блиц түрінен жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды. Ал, 2019 жылы Салтанат Түркияда өткен әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына күміс жүлде салды. Бүгінде ол дарынды спортшы әрі тәжірибелі бапкер ретінде әке жолын жалғап, Шымкент қаласының ұлттық және ат спорты түрлері бойынша кешенді спорт клубында жаттықтырушы қызметін атқарып жүр.
Қадырбек ағамыздың тағы бір перзенті Сәбит Сапарбеков – тоғызқұмалақтан спорт шебері. 2010 жылы Қадырбек аға өмірден өткен кезде небары 21 жастағы Сәбит әкесінің тобындағы спортшыларды әрі қарай дайындауды өз мойнына алған. Сөйтіп, аз жылдар ішінде республика мен әлем чемпиондарын даярлап, үлкен жетістікке жетті. Сол қажырлы еңбегінің арқасында 26 жасында Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанған. Айта кетейік, Сәбит осы атаққа қол жеткізген елдегі ең жас бапкерлердің бірі.
Жалпы, тоғызқұмалақ Сапарбековтер әулетінің қанына сіңген спорт түрі деп айта аламыз. Өйткені, Салтанат пен Сәбиттен бөлек, Ғани, Ғабит пен Мәди Сапарбековтер де тоғызқұмалақтан спорт шеберлігіне үміткер. Қала берді жақында Қадырбек ағаның үлкен немересі Нұрғиса Ғаниұлы Бурабайда өткен мектеп лигасында 5-6 сынып оқушылары арасында жекелей есепте күміс медаль жеңіп алды. Бір әулеттің үшінші буын ұрпағы бір спорттан жетістікке жетіп жатқанын кездейсоқтық деп айтуға ешкімнің аузы бармаса керек.
Қадырбек ағамыздың перзенттері спорттан өзге салаларда да адал еңбек етіп, табысқа жетіп келеді. Тұңғыш ұлы Ғани ата-анасының ұстаздық жолын жалғастырған, аймақтағы спорт пен педагогика саласындағы озат мамандардың қатарында. Бүгінде Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде сабақ беріп келеді.
Ортаншы ұлы Ғабит Шымкент қаласы мен оңтүстік өңірге танымал журналист. Әсіресе, спорт тақырыбын қаузай жазатын ол өз оқырмандарын сапалы материалдарымен қуантып жүреді. Жігітке жеті өнер де аз дегендей тоғызқұмалақ пен журналистиканы қатар меңгерген Ғабит айтыскер ретінде де танылған. Қайсыбір жылдары «Қазақстан» ұлттық телеарнасы ұйымдастырған «Аламан айтыс» жобасына қатысып республикаға танымал азулы ақындармен тең дәрежелі өнер көрсеткені әлі есімізде.
Ғабит Қадырбекұлы бүгінде «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалында баспасөз хатшысы болып қызмет істейді. Елдегі жетекші саяси партия мен халықтың арасында дәнекер болып, қайта түлеген Түркістанның гүлденуі мен дамуына өз үлесін қосып келеді. Ал, әулеттің кенже ұлы Мәди – Шымкенттегі футбол мектебінде аяқдоп бапкері.
–Адам өмірінде отбасының алатын орны қашан да ерекше деп ойлаймын. Өйткені, кез келген адам тағдыр жолында түрлі кедергілерге, қиындықтар мен ауыртпалықтарға кезекпей тұрмайды. Сондай сын сәттерде жаныңнан табылатын, қолдау көрсетіп, сүйеу болатын ынтымағы жарасқан, жан-дүниеңді түсінетін отбасың болса, адам кез келген қиындықты еңсеріп шығатыны анық. Жарасымды отбасы адамның ертеңгі күнге деген, өзіне деген сенімін нық етіп, рухын асқақтатып тұрады. Сол себепті еліміздің орнықты дамуы үшін мемлекет отбасы институтына жан-жақты қолдау көрсеткені жөн, – дейді Ғабит Қадырбекұлы. – 2010 жылы әкеміз мезгілсіз өмірден өтті. Ол кезде университетті енді ғана бітірген кезім. Алдымдағы ағам мен әпкем де жас еді. Ал, қос інімнің бірі студент, екіншісі оқушы болатын. Отбасымыздың тірегі, қамқоршысы және жол көрсетушісі болған абзал әкемізден ерте айырылу бәрімізге оңайға соқпады. Есеңгіреп қалғандай едік. Сол кезде тек бір-біріміздің қолымызда қысып ұстап, бір-бірімізге қолдау болудың арқасында ғана еңсемізді тіктей алдық. Сол кезде біздің отбасыны алға сүйреп, бәрімізді аяғымыздан тік тұрғызған аяулы анамыз болды. Сондықтан анамызға деген алғысымыз шексіз.
Иә, қырық жылдан астам уақыт бойы мектепте ұстаздық етіп 2015 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққан Назирахан Балташқызы құдай қосқан қосағы Сапарбеков Қадырбектің отын өшірмей, ошағын жаға білді. Перзенттерінің барлығын оқытып, үйлендіріп, әрқайсысын өз алдына отбасылы, үйлі-жайлы етті. Бүгінгі нарықтың аумалы-төкпелі заманында осының өзі әйел адамды айтпағанда ер азаматтың өзіне оңай шаруа емес.
Өзінің табандылығының, еңбекқорлығының және жүректегі мейірімінің арқасында осының бәрінің үдесінен шыққан Назирахан апа бүгінде немерелеріне әжелік тәлім беріп, солардың тәтті қылықтарына шаттанып, ертегісін айтып, өнегесін көрсетіп отырған бақытты жан.