ӘКЕДЕН БАЛАҒА МИРАС БОЛҒАН КӘСІП Избранное

Пятница, 25 Март 2022 03:59 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2600 раз

Ізбасар Абдуллаұлы — атадан балаға мирас болған кәсіпті дамытып, оны табыс көзіне айналдыра білген шебер. Осыдан алты жыл бұрын Алматы төрінде ұйымдастырылған «Алтын домбыра» аламан айтысындағы бас жүлде — алтын домбыра құймасы Ізбасар мен әкесі Абдулла Жаңатаевтың авторлық жұмысы. Біз бүгін ұқыптылық пен ұшқырлықты қажет ететін саф өнердің өкілі Ізбасар Абдуллаұлының еңбегін таныстырмақпыз.

29

 

Қазақтың зергерлік өнері – мәдениетіміздің мәйегі. Қолөнердің қыры мен сыры әртүрлі беріліп жатады. Бірі, ата кәсіпті жалғастырып жатса, енді бірі табиғи дарынын дамытып, білімін шыңдап жатады. Бүгінде ата кәсіпті дөңгелетіп, ұрпақтан ұрпаққа ұлықтап жүрген азаматтар жетерлік. Осындай дәстүрлі зергерлік өнердің дамуына үлес қосып жүрген Ізбасар Мәдәлі әкесі Абдулла Жаңатаевтың ізін жалғастырып, түрлі әшекей бұйымдарын соғып, зергерліктің қыр-сырын меңгерген. Ол Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжіне оқуға түсіп, дизайн-интерьер мамандығын тәмамдайды.
Ерекше бұйымдарды жасап, ұлттық брендті қалыптастыруда Ізбасар өзінің қиялына ерік бергенді жөн көреді. Алайда, әрбір бұйымды жасағанда заман ағымынан да қалмайтын, ұлттық нақыштан да алыстамайтындай етіп дизайн ойластырады екен.
— Қолөнер бұйымдарын жасауды бала күнімнен меңгердім. 10 жасымнан бастап әкемнің жанынан қалмай, шеберханасында жүретін едім. Әкемнің жанында бұйымның эскизін сызып, қалып дайындап, күміс құйып, әрлеудің қыр-сырын үйрендім. Бүгінде қазақы нақыштағы, эксклюзивті авторлық бұйымдар жасап, ұлттық өнерді дәріптеуге өзіндік үлесімді қосып келемін, - дейді Ізбасар Мәдәлі.
Айтыстың дүлдүл ақыны Мұхтар Ниязовқа бұйырған алтын домбыраны жасауға тапсырыс қабылдағанда қос шебер Абдулла Жаңатаев пен ұлы Ізбасар бар өнерін салған. Ақын М.Ниязов «Алтын домбыра жарқылдап арбаса да, жаңылмаймыз адамдық қалпымыздан» деп баға берген домбыраны жасау үшін 6 күн уақыт кетіпті. Шыдамды, мықты деген қызыл ағаштан жасалған домбыраны әрлеуге 2,5 келі алтын жұмсалыпты.

30


— Тапсырысты шұғыл орындауға тура келді. Десек те, біз тапсырыс берушінің ғана көңілінен шығуды мақсат тұтпадық. Домбыра мен қазақ егіз ұғым емес пе?! Дәл осы жұмыста екі ұғым үндесу үшін бар өнерімізді салдық, - дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде ұлттық нақыштағы киімдер мен әшекей бұйымдарға сұраныс артқан. Ертеректе мерекелік атрибут ретінде қолданылып жүрген бұйымдарды бүгінгі буын күнделікті қолданып, зергерлік бұйымдарды үйлесіміне қарай тастамай тағып жүр.
— Бүгінде тапсырыспен сақина, жүзік сынды зергерлік бұйымдар соғамыз. Жүзік соғу оның құрамдас бөліктерін даярлаудан басталады. Күмісті 1000 градуста балқытып, дайын болған кесекті жұқартамыз. Керек қалыпқа келтіріп, бұйымға алдын ала сызылған оюды басамыз. Жүзіктің бөлшектері дайын болған соң, өрнектеу жұмысы басталады. Бұл — ең маңызды процесс. Сабыр мен ұқыптылықты, ыждаһаттылықты талап ететін жұмысқа зергердің зейіні қажет. Жұмыс барысында өзге шаруаларға алаңдамауға тырысамын, - дейді зергер.
Сақина – сыйлық, естелікпен қатар мұралық белгі ретінде де беріледі. Өзіндік құны бар күміс бұйымды көбіне әйел заты астың адалдығы үшін таққан. Ізбасар, сонымен қатар, ұлттық нақыштағы неке жүзігін, ерлерге арналған күміс жүзіктерді жасап, белбеулерді безендіреді. Тапсырысты әлеуметтік желі арқылы қабылдайтын зергер есімі жазылған бойтұмар-алқаны да құяды. Киім, белбеулерге күміс құлақшалар қадайды. Дегенмен, шебер әрдайым еңбегі үшін қолжетімді баға ұсынады екен.
— Сондықтан жұмысыма қолжетімді баға ұсынамын. Қазақы нақыштағы бұйымдарды тұтынушылар көп болғанын қалаймын. Әшекей бұйымдардан бөлек, клиенттің өтінішімен күмістен бөлмеге арналған аспалы шам жасадық. Алайда, тапсырыс берушінің өтінішімен ұлттық нақышта жасалған бұйымды суретке де түсіре алмадық. Себебі, бұл бұйымның өзінде ғана болғанын қалады, - деді Ізбасар.
Зергерлік өнер — ісмерлікпен қатар сабырлықты қажет ететін нәзік әрі күрделі кәсіп. Атакәсіпті нәсіп еткен Ізбасар алдағы уақытта шағын кәсібін үлкейтуге бар күш-жігерін салып, алға қойған мақсатына жетуге талпына бермек. «Мақсатым — атадан дарыған қасиетті адал кәсіппен ұштастыру» дейді кейіпкеріміз.

Ақбөпе ЕРГЕШ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.