Қызылордамен қауышқан театр Избранное

Пятница, 15 Апрель 2022 03:30 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2502 раз

«Алма – алманы көріп рең алады» демекші, театрдың шығармашылығына пәрмен беру үшін басқа аймақтарға гастрольдік сапарларға шығып, өзге театр сахнасында ойнағанның берері мол болмақ. Театр – күтімі бапталғанын қалайтын гүл іспеттес. Көрер көзге сұлулығын аямай сыйлауы үшін гүлдің бағбаны мықты болсын деп тілеңіз. «Еккенің тікен болса – орарың балауса болмас» демекші, кез келген істе бап керек.

11

 

Аламан бәйгені алу үшін алдымен бапкері мықты болуы шарт. Терін дер кезінде суытпаса, сәйгүліктің тері сорға айналмақ. Сол секілді актердің сахнада бауырын жаза ойнап, көрерменнің көкейіне дөп түсердей із қалдыруы үшін де өз сахнасынан басқа да сахна қажет.
«Қиыншылық кезеңде гастрольдік сапар не үшін керек?» деген сұрақ туындап жатса, біріншіден, театрдың шығармашылық жетістігін, репертуардың сан-алуандығын, түрлі тақырыпта ой саларлық қойылымдарын өзге өңірдің көрерменіне таныстыру болды.
Екіншіден, әртістің өз сөліне өзі тұншығуынан құтқарып, саф ауамен тыныстағандай ішкі серпілісіне тікелей ықпал етеді. Өзге өңірдегі көрермендердің есінде қалатындай ойнауға жанын салып, бөтен сахнадан, көрермен қошеметінен қуат алады.
Үшіншіден, өзге театрдың шығармашылығымен, жаңалығымен етене танысып, әріптестерінің актерлік шеберлігімен тәжірибе алмасуға таптырмайтын тәсіл болмақ.
Әлемге әлек әкелген пандемия театр саласына да өзіндік әсерін тигізбей қоймады. Театр мен көрермен арасы алшақтап қала жаздағаны да шындықтан алыс емес. Шаниндіктер екі жыл бойғы шектеуден кейінгі олқылықтардың орнын толтыруда бірнеше гастрольдік сапарды жоспарлаған болатын.

12


Алғашқы сапар қазақ театрының іргетасы қаланған көне Ақмешіттен басталып, 6-8 сәуір аралығында Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ драма театрында үш қойылыммен, атап айтқанда С.Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» драмасы, Шекспир шығармаларының желісі бойынша «QORA Z» трагикомедиясы және М.Байғұттың «Жоғалған Жұрнақ» драмасымен гастрольдік сапарда болып қайтты.
Той-думандық қойылымдар десе тайлы-таяғы қалмай баратын көрерменге кенжелеп келген театр өнерінің санасына сіңуі әлі де өз деңгейінде емес. Әлбетте, келген көрерменнің қойылымнан соң ерекше әсерленіп, «бұдан былай қалмай келейінші...» дей тұра, келесі келуге асықпайтыны да көңілге қаяу түсіріп-ақ жатады.
Мәселен, театр дамыған Еуропа елдерінде бір көрген қойылымды толық түсіну үшін бірнеше рет көру деген мәдениет қалыптасқан. Әзірге ол – көрермені керенау қимылдайтын қазақ театрына қол жетпес арман іспеттес көкжиек боп тұр. Ал шаниндіктер де көрермен талабынан шығу мақсатында гастрольдік қойылымдар басталмас бұрын кино арқылы танымал болған бірнеше әртістеріміз Қызылорда қаласының халқымен шығармашылық кездесу өткізді.
Үш күн бойы талғамы биік көрерменнің ойынан шығу оңайға түспегені ақиқат. Қызылордалық көрермен Гүлмира Жарылқасынқызы «Жоғалған Жұрнақ» қойылымынан алған әсерін былай баяндады: «Керемет әсерде тұрмын. Желтоқсан оқиғасының куәгерімін. Ол кезде КазГУ-дың екінші курс студенті едім. Сол кездегі құрбы-құрдастарым есіме түсіп, көз жасымды тоқтата алмай тұрмын. Осындай қойылымды әкелгендеріңізге рақмет» десе, тағы бір көреремен Шернияз Жалғасбекұлы «Жоғалған Жұрнақ» көрерменнің ойынан шықты. Әсіресе, Жұрнақ роліндегі актер \арт.Б.Сегізбаев\, соңында туып-өскен қарашаңырағына келіп от жағып, шырақ жаққаны қазақтың «шырағың сөнбесін» дегенінің айқын көрінісі. Шырақты қолына алып, көрерменге ұсынғаны – Қазақ елінің болашағы жастардың қолында деген символикасы. Шебер шешім тапқан қоюшы режиссері Бекболат Құрманғожаев ағамызға ризамын» деген пікірлері біз үшін ең қымбат баға болды.
Алдағы уақытта гастрольдік сапарлар жалғасын табады. Ал, театр ұжымы сәуірдің аяғында көрерменге жол тартқалы жатқан жаңа қойылымның дайындығына кірісіп кетті. Ендеше, талғамы биік бекзат көрермен, сіздермен Шанин театры сахнасында кездесетін күнді асыға күтеміз!

Сая ҚАСЫМБЕК,
Ж.Шанин атындағы
академиялық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.