«ЕРЕКШЕ ЕҢБЕКТОРЫ» Избранное

Среда, 18 Май 2022 04:08 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1446 раз

Бұрынырақта қаламгер Сүлеймен Мәметтің «Еліктің лағы» деген әңгімесі ерекше ұнағаны бар.
Орталықтан шалғай шеттегі Талдыбұлақ ауылы. Қырық шақты үй. Бастауыш мектеп. Екінші сынып оқушысы Айгүл.
Орталықтағы ата-әжесімен бірге тұратын ағасы Қанат. Көк «Беларусь» тракторымен таң азаннан шабындыққа кетіп бара жататын әкесі Жақып. Ақ халатын жүре киіп, сиыр саууға
асығатын шешесі Іңкәр. Осының бәрі жан тербеп, жүрек қозғайды ғой.

521

 

Әңгіменің жылуарлығы, қайталанбас қалтқысыз атмосферасы, кейіпкерлерінің соншалықты сезімталдығы, кіршіксіз көңілдері баурап, көз жанарыңа жас үйіретіні тәнті еткен. Сол себептен де сол дүние кейіпкерлерінің аты-жөндеріне дейін жадымызда жатталып қалған.
Орталықтан Айгүлдің атасы мен әжесі және Қанат келген күні әкесі Жақып еліктің лағын тауып алады. Шабындықтан. «Бір оңбаған атса керек, артқы аяғы жаралы. Алғаш енесін көздеп тигізе алмаған соң, лақты атқан. Кейін шалғын шөптен таба алмай, адасып қалған». Бұл – үлкендердің қорытындысы.
Еліктің лағын Айгүл аялап, әлпештеп күтеді. Күндердің күнінде еліктің лағы оңалып, кербез басып, ойнақ салатынға айналады. «Жараланып жазылған аяғы сәл ішке бітіпті. Төсіндегі алақандай ақ пен сауырындағы ақ жолақтан басқа жері нарт қызыл да емес, ақ шуланға да жатпайтын бір әсем түспен көзді жасқай береді», – деп суреттейді.
Кенет қаладан совхозға үлкен қонақ келе жатыр деген хабар жетеді. Бөлімше басқарушысы Жақып пен Іңкәрға суыт жетеді. «Қ... қ... қуырдақты аң етінен жасасақ, қатып кетер еді», – дейді. Бригадирдің айтуымен еліктің лағын сұрап келгенін айтады. «Ал ұстап жіберші, Жақып!» – дейді. «Жоқ болмайды!» – дейді Жақып. «Лақ Айгүлдікі, болмайды, аға!» – дейді Іңкәр. «Бермейсің бе, сонда?!» – дейді меңгеруші. «Екі сөйлеуім керек пе сізге?!» – дейді Жақып.
«Жақыптың қараторы жүзі түтеп кеткен. Мұны көрген бөлімше меңгерушісі, енді еш қайыр жоқ екенін іштей сезіп, есікті сілкіп тастап шыға жөнелді», – деп суреттейді Сүлейменіңіз. Бастықтарға жағымпазданып, Жақып беріп тынады-ау, айналайын Айгүл шырылдап, еліктің жәутеңкөз лағы шырқырап кете барады-ау деп отырған оқырманыңыздың мейірім деген қасиеттің өлмегеніне қуанып, рақат сезімге бөленетіні бар дә. Сөйтіп.
Ал енді «Ит» деген әңгімесінде сыпайы да сырбаз Сүлейменіңіз сұсты да сұрапыл. Қатқыл. Тіпті қатыгез десеңіз де болады-ау. Әңгімесінің негізгі кейіпкері Төрткөз деген ит. Авторыңыз Анна кемпірді ойда жоқта «өлтіреді». Оның тасмейір перзенттері – екі ұлы мен бір қызын да, көршісі Ақсақ кемпірді де, иесіз, ұлып қалған Төрткөз итті де, сол сорлы хайуанның кейіннен тапқан «жолдасы» Ұсқынсыз пендені де титтей де аямайды. Азаптап бағады. Қала шетіндегі қалың қоқыстың қолқаны қабатын сасық-бықсық қапталындағы үйшігінде Төрткөз бен Ұсқынсыз пенде біраз уақыт бірге тіршілік кешеді.
Ұсқынсыз пенде тәлтіректеп кетіп, «аяғын әнтек-тәнтек басып» оралатын. Екі қолындағы екі дорба толып қайтатын. «Ой, итім-ау, байлардың қаладағы қоқыс төгетін жәшіктері берекелі екен. Кербез келіншектер аямапты бізге деген сыбағасын. Қандай мейірімді жандар, ә, өздері! Дәйім осылай болса, өлім жоқ бізге», – дейді Ұсқынсыз пенде.
Алайда қос мұңлыққа өлім күтпеген жерден келеді. Ұсқынсыз пенде тіршіліктің титықтатуынан, тұйыққа тірелуінен ажал құшады. Төрткөздің көз алдында демі үзіледі.
Ертесіне қоқыс төгетін жерге жан бітеді. Гүрілдеген машиналар, тырылдаған тракторлар жауып кетеді. Төрткөз ит тракторға қарсы шабады. Ақырында өзі де өлім табады.
Жазушы-журналист Сүлеймен Мәметтің әңгімелері мен повестері шамамен осылай болып келеді. Мәселен, қайбір жылы Алматыдағы «Балауса» баспасынан шыққан «Перзент парызы» атты кітабы бізге қатты ұнаған. Повестері мен әңгімелері енген екен. «Жалқы» және «Бейбаян тірлік» дейтұғын повестері қай жағынан, қалай қарағанда да қазақ хикаяттарынан ойып тұрып орын алатын ойлы дүниелер екендігіне көз жеткізіп, көңіл суартқанбыз. «Қош, қарағым...», «Ақтөс», «Ақ түтек», тағы басқа да талай әңгімелері жоғарыда біз сөз етіңкіреген екі әңгіменің төңіректерінен табылатындай-ау.
Сүлейменіңіз о баста өлең жазған, жыр кітабын шығарған ғой. Қазақ прозасына да әжептеуір олжа салды. Әулие жанр әңгімеде таласы бар талант. Повестері де талайлармен, тарландармен тайталасады-ай. Дегенмен қазекемнің қаншама қаламгерлері секілді журналистикаңызға көбірек ауыңқырап, прозаға кей-кейде ғана оралып соғатындардың, тіпті соқпай да қоятындардың қатарынан екені де рас енді.
Ал енді Сүлеймен Мәметтің қазақ журналистикасындағы азаматтық һәм қазанаттық қыруар жұмысы жеңісті де жемісті, әрине. Өзіміздің Қазақ университетін бітірген. Аудандық газетте, мектепте қызмет еткен. Республикалық «Жалын» баспасына он бес жылдан астам уақытын аянбай жұмсаған. Сексенінші жылдардан бастап ел газеті «Егемен Қазақстанда» бүкіл қабілет-қарымын, журналистік дарынын аямай еңбек еткен. «Ерекше еңбекторы» атанған. «Егемен Қазақстанның» сарғайған тігінділерін ерінбей ақтарумен айналыссаңыз ше, небір-небір аса маңызды, айрықша мәнді, өзгеше өткір сұхбаттардың ең көбірегі «ерекше еңбекторыға» тиесілі екеніне көзіңіз анық жетеді.
Көптеген мақалалары «Уақыт үні», «Көңіл көзі», тағы басқа да кітаптарына енген. Тақырыптарынан-ақ талай нәрсені аңғарасыз, әлбетте. «Абай және толық адам», «Қазақ қайтсе қалады қазақ болып?!», «Күрессек, намыссыздықпен күресейік», «Өзіміз өндірмей, өзек жалғанбайды», «Демографияны деміктіріп алмайық», «Ашық қоғамда шенеуніктер неге «жабық»?», «Қымыз патенті кімде?»
Осылайша жалғастыра беруге болады. Әрбір публицистикалық дүниесінде терең тебіреніс, нақты фактілік дәлелдер мен дәйектер, өзекті мәселелерді шешудің жолдары туралы ұсыныстар, орамды ойлар, парасатты пікірлер тұнып тұрады.
«Не дейсіздер, Сүлеймен де зейнеткерлікке шығыпты», – дегендейін хабар-ошар онша сендірмейтін. Жақында ғана ел газетінде «Сөздің сұрауы» дей-тұғын дүниесі шықты. Уақыт талабына, Жаңа Қазақстанды сапалы қалыптастырмақтың қамына сай, өткір жазылғаны жан жадыратады. «Ұлттың арыс ұлы, намыс ұлы» деген және бір жауһар жазбасына сусын қандырып, Сүлейменіңіздің жетпіс жасында да жасындай жарқырап, қалам қарымын титтей де төмендетпегеніне тәнтілендік.
Айналайын Алаш ардақтылары аманаттағандай-ақ, «ұлттың қамын ояу жүріп іздейтін оғлан ғой бұл» деп күбірледік. Жүрек үнімен.

Мархабат БАЙҒҰТ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.