Шымкент – ауыз суы ең арзан қала
Пятница, 24 Май 2024 07:54Шымкент қаласында «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС баспасөз турын ұйымдастырып, оған БАҚ өкілдерінен бөлек көп қабатты үйлердің төрағалары да қатысты. Баспасөз турына қатысушылар «Ақбай-Қарасу» су қоймасына барып, жұмыс барысымен танысты.
Суға да инвестиция қажет
Шымкент қаласына қажетті судың 90%-ы «Ақбай-Қарасу» су қоймасынан жеберіледі. Бұл су қоймасы – толық автоматтандырылған үлкен өндірістік кешен. Мұнда 45 ұңғыма жұмыс істейді. Ұңғымалар мен сусорғы, құбырлардың жай-күйі, су көлемі, құбырдағы қысым және басқа да арнайы параметрлер туралы деректер диспетчерлік пункттің мониторларында көрсетіледі. Барлық жұмыс процесі орталық диспетчерінің бақылауында болады.
Мамандардың айтуынша, қалаға сағатына 10-12 м3 су жіберіледі. Әр шағынауданда су көлемін бақылайтын нүктелер қойылған. Айта кету керек, республика бойынша су тарифі ең төмені – Шымкент қаласы. Мұның өзіндік себебі де бар. Су қоймасы жер бедерінен биіктеу орналасқандықтан, су алу қиынға соқпайды. Әрі бұл орында табиғи вакуум бар. 60 метрге суды көтеру үшін 250 киловаттық үлкен қозғалтқыш керек. Онда электр энергиясы көп жұмсалады. Ал, мұндағы вакуумдық жүйе арқылы электр энергиясы үнемделеді. Сондықтан судың тарифі арзан.
– 2021-2026 жылдарға бес жылдық тариф бекітілген. Бұл жерде инвестициялық міндеттемелер бар. Тарифтің төмен болуы, судың үнемделуі – барлығы инвестиция тартудың нәтижесінде іске асты. 1 м3 су көлемі тұрғындарға қосымша құн салықсыз 86 теңгені құрайды, – дейді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы Кенжеболат Қуандықұлы.
Жүйелі жұмыстар нәтиже берді
1998 жылы құрылған «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің атқарған жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, құбырлар, сусорғы, соңғы заманауи, энергияны өте аз жұмсайтын, қызмет ету мерзімі ұзақ техникалармен алмастырылған. Нәтижесінде 1 км3 кететін су шығынының үлесі кезінде 0,87 киловатт болса, қазір 0,06 киловаттқа түскен. Яғни, 4 есе тиімді пайдалануға өттік. Жерасты суларына мониторинг әр 25 жыл сайын жасалынады. Бұл көрсеткіш бойынша қала тұрғындары алдағы 25 жылда су тапшылығын көрмейді, – деді «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС бас директорының орынбасары Жанатбек Тұрдалиев.
Жалпы, Шымкент қаласында «Тассай-Ақсу», «Бадам-Сайрам» деген екі су қоймасы бар. Қазіргі уақытта мамандар Ақсу өзеніне де зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта бұл өзенді де халық игілігі үшін пайдалануға ұсыныстар ензігіп, жобалық-сметалық құжаттары жасалған.
Маман тапшы...
Соңғы уақытта су саласының мамандары тапшы екені айқын сезілуде. Сондықтан маман даярлауға көңіл бөлінуде. Мемлекеттік гранттар саны да артты. Дегенмен бұл саланы таңдайтын жастардың қатары аз. Шымкентте бұл сала мамандарын даярлауға политехникалық және М.Өтебаев атындағы жоғары және технологиялар колледждеріне, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан уинверситетіне мемлекеттік гранттар бөлінеді.
– Бұл білім ордаларында су шаруашылығына қажетті мамандарды даярлайтын арнайы бөлім бар. Ал, колледж бітірген студент ары қарай білімін шыңдау үшін М.Әуезов университетінде мамандығын жалғастыра алады.
Бұл оқу орнына жыл сайын 30 грант бөлінеді. Осы сала бойынша дипломын алған жастар міндетті түрде жұмысқа орналасады, – дейді «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС бас директорының орынбасары Жанатбек Тұрдалиев.
Сондай-ақ, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ге қарасты «Smart маман» оқу орталығы үш жылдан бері 10-16 жас аралығындағы балаларға үй жағдайында қажетті техникалық білім береді. Яғни, сантехник мамандығының бастамасын жастайынан үйретеді.
«Ауыз суды тек ішуге пайдаланса»
Баспасөз турына келген тұрғындар дәл осы ұсынысты қозғады. «Судың да сұрауы бар» деген көпшіліктің ойы да бір жерден шықты. Бізде көлік жууға, тұрмыстық қажеттілікке, кейде шағын шаруашылықтың өзіне ауыз суды пайдаланады. Дамыған мемлекеттерде бұл мәселе жолға қойылған. Айталық, жаңадан салынған көп қабатты тұрғын үйлер кешенінде су жүйесін жүргізу барысында техникалық суды пайдаланатындай жағдай жасалған. Бірақ, өкінішке қарай, елімізде бұл әлі күнге дейін тәжірибе жүзінде жасалынбапты.
Ауыз су жер астынан дайын күйінде шықпайды. Сусорғымен сорып алған соң хлорланады, залалсыздандырылады, арнайы лабораториялық тексерістен өткен соң ғана халыққа жіберіледі. Жұмыс барысымен таныстырған өндіріс бөлімінің инженері Керімбек Ағабаев деректер бөлісті.
– Суды залалсыздандыру үшін Дания мемлекетінен әкелген қондырғыны қолданамыз. Бұл тек Еуропа елдерінде ғана бар. Хлор көбейіп кетсе, аппарат өздігінен тоқтайды. Бір литр суға 0,3 миллиграмм хлор қосылуы керек. Бұл қондырғылар өздері қажетті хлорды көлеміне қарай суға араластырып отырады. Жетпеген жағдайда компьютерге команда береді. Мамандар осы процестердің барлығын бақылап, қадағалап отырады.
Жер шарының үштен екі бөлігі сулы болғанымен, құрлықта су тапшы. Бұл өзекті мәселе біздің елімізді де айналып өтпесі анық. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өткен жылғы Жолдауында 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін деген мәселені айтты. Өйткені жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сондықтан да су ресурстарын үнемді пайдалану өзекті болып тұр. «Судың да сұрауы бар». Суды ысырап етпеуді әрбіріміз өзімізден бастасақ игі.
Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ
Қайтарымсыз гранттың қайтымы бар
Пятница, 24 Май 2024 06:21
Қазіргі уақытта жұмыссыздық деңгейін төмендетудің бірден-бір жолы – ол азаматтарды кәсіпкерлікпен айналысуға бағыттау, яғни жаңа бизнес идеяларды іске асыру болып табылады. Осы бағытта 2019 жылдан бастап халықтың осал тобына жататын азаматтарға қайтарымсыз негізде грант беріліп келеді.
Шымкент қаласында биыл екі лек негізінде 426 адамның кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Алғашқы лек бойынша 20-31 мамыр аралығында өтінімдер қабылданып жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысы Жанат Өтебаева осы грант төңірегінде баяндап берді.
Грантқа өтінім беру үшін 7 санат, яғни, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар, көп балалы, оның ішінде балалардың ең үлкені 23 жасқа дейін жоғары оқу орны мен арнаулы орта кәсіптік колледжд студенті ретінде жәрдемақы алушы отбасылар, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақыларды алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар және мүгедектігі бар бала (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған отбасылар кіреді.
– Халықтың осал тобындағы азаматтардың қайтарымсыз грант қаржысына шағын кәсіпкерілігін бастап, немесе дамытып, өзінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндігі болады. Қайтарымсыз грант қаржысы бір рет беріледі. Оның нысаналы мақсаты бойынша – қажетті еңбек құралдарын сатып алуға және технологиялық жабдықты, мал, құстарды, көшеттер, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға жұмсалуы тиіс. Берілетін қайтарымсыз қаржының көлемі 400 АЕК, 1476,0 мың теңге), – деді Жанат Өмірсейітқызы.
Грантқа үміткерлер, яғни халықтың осал тобына жататын азаматтар бірінші кезекте – «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері бойынша оқып, арнайы куәлік алуы тиіс. Алынған куәлік 3 жыл мерзімге жарамды. Екіншіден, бірыңғай терезе «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимінде өтінім ұсынуы тиіс.
Биылғы жоспар бойынша грант қаржысы екі лекте беріледі. Алғашқы лекте 213 адамға және екінші лекте де 213 адам қайтарымсыз грант беріледі.
Әлеуметтік осал топтардың бинес-жобаларын жүзеге асыруға арналған қайтарымсыз грант алу үшін үміткер өтінім бергеннен кейін арнайы құрылған комиссия алдында өз идеясын қорғауы тиіс. Комиссия құрамына кәсіпкерлер палатасы, мүдделі басқармалар, қоғамдық бірлестіктер, ғылыми-білім беру мекемелері өкілдерінің, бизнес, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, салалық сарапшылар кіреді.
– Комиссия мүшелері бизнес-жобалардың өміршендігі, экономикалық өзектілігі, қоғамдық маңыздылығына қарап қорытынды шығара отырып, хаттама түзеді. Осы орайда грант иегері болғаннан соң қойылатын біршама талап бар. Ең алдымен грант иегері ұтқан күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде салық органдарында өз қызметін тіркеуге міндетті. Кәсібі жайында «Business.enbek.kz» порталында растайтын құжаттарды ұсыну арқылы он екі ай бойы тоқсан сайын растап, есебін тапсырады. Осыған орай, грантқа тапсырамын деген әр азамат өзінің істеймін деген ісін толық зерттеп, зерделеп қатысса және шын мұқтаж адам тапсырса дейміз, – дейді басқарма басшысы Жанат Өтебаева көшпелі брифингте.
Спикердің айтуынша, грант алушының қаражаттың мақсаттына сай пайдалануы бойынша Еңбек мобильділігі орталығы тарапынан мониторинг жүргізіліп отырады. Қаражат мақсатсыз жұмсалған жағдайда құзырлы орындардың көмегімен толық қайтарылады.
– Грант қаражаты тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және жер учаскелерін сатып алуға берілмейді. Биылғы грант кағидасына өзгерістер енгізіліп отыр. Халық комиссия отырысын Мансап орталықтарының әлеуметтік желілерінде тікелей эфирде тамашалай алады, яғни, комиссия отырысы тікелей трансляцияланады және ақпараттық- коммуникациялық технологияларды қолдана отырып түсіріледі, – деді Еңбек мобильділігі орталығы басшысының міндетін уақытша атқарушы Бағдат Арқабаев.
Сондай-ақ, 20-31 мамыр аралығында Еңбек мобильділігі орталығының инстаграм желісіндегі @ctm_shymkent парақшасында мамандар күнделікті тікелей эфирге шығады. Қала тұрғындары өздерінің толғандырған сұрағын эфир барысында жолдауына болады.
С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ
Жұмысшы мамандар жерде қалмайды
Пятница, 24 Май 2024 06:04WorldSkills Kazakhstan-2023 кәсіби шеберлік ұлттық чемпионатының алтын медалі Шымкент қаласындағы Индустриалды-техникалық колледжінің студенті Алексей МИРАХИМОВҚА бұйырып, әлем чемпионатына жолдама алды. Биылғы қыркүйек айында Алексей Францияның Лион қаласында ел намысын қорғайды.
Мақсат – алғашқы ондыққа кіру
Қазақстан WorldSkills қозғалысына 2014 жылы қосылды. Содан бері еліміз осы қозғалыс аясында өткізілетін түрлі деңгейдегі чемпионаттарға белсенді түрде қатысып келеді. WorldSkills чемпионаттары екі жылда бір рет әр мемлекетте өтеді. Оған 22 жасқа дейінгі колледж және университет студенттері, білікті жас мамандар, сонымен қатар танымал мамандар, кәсіпқойлар, өндірістік оқыту шеберлері мен тапсырмаларды орындауды бағалайтын сарапшы ретіндегі нұсқаушылар қатысады.
Бұл үлкен жаһандық қозғалыстың басты мақсаты – дүние жүзінде жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және шеберлік дағдыларын дамыту.
– 2023 жылдың қараша айында Астанада еліміздің барлық он жеті облысынан колледж студенттерінің басын қосқан WorldSkills Kazakhstan-2023 республикалық чемпионаты өтіп, біздің колледж студенттері токарьлық өңдеу және дәнекерлеу жұмыстарына байланысты екі құзыреттілік бойынша сайысқа қатысты. Чемпионат олар үшін жемісті болды. Студентіміз Алексей Мирахимов «ЧПУ станоктарында токарьлық жұмыс» тақырыбы бойынша алтын медальға ие болды, ал «Дәнекерлеу технологиясы» мамандығы бойынша Жақсылық Байшериев бірінші болды. Бәсекелестік рухы кәсіби дағдыларды дамытуға тамаша серпін береді. Сондықтан сәуір айында Алексей Мирахимов БАӘ астанасы Абу-Даби қаласында өткен EmiratesSkills-2024 жолдастық халықаралық чемпионатқа еліміздің атынан қатысты. Бұл жарыста Алексей Австрия мен Франция өкілдерін басып озып, жүлделі үшінші орынды иеленді, – дейді ақжарма жаңалығымен бөліскен колледж директоры Тілек Исахметов.
Ал, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрболат Абдуллаевтың мәлімдеуінше, бүкіл әлем бойынша тек жұмысшы мамандықтарын даярлайтын колледждер арасында өтетін чемпионатқа қатысу үшін студенттер кезеңден бойынша іріктеледі. Қалалық кезеңнен өткендер республикалық кезеңге жолдама алады. Республикалық кезеңге бұл колледжден үш студент қатысқан.
Қазақстанның атынан барған шымкенттік жас өрен «Сандық бағдарламамен басқарылатын станоктардағы токарьлық жұмыстар» тақырыбын сарапшысы– колледждің токарьлық іс мамандығы бойынша өндірістік оқыту шебері Нұрболат Асылбекұлымен қорғап шықты.
– Бұл чемпионатты әлемдік WorldSkills Lyon – 2024 чемпионатына дайындық ретінде қабылдадық. Алексей дің ерекше дайындықтан өтіп жатқанына біз қуаныштымыз. Әлемнің үздіктері бақ сынасатын дүбірлі доданың алдында дәл осындай мүмкіндікті тудырып, жарысқа арнайы шақырған Біріккен Араб Әмірлігі елінің ұйымдастырушыларына айтар алғысымыз мол, – дейді Нұрболат Абдуллаев.
Халықаралық деңгейге шығу – уақыт талабы. Жақында колледж аккредиттеу аудитінен өтті. Оны Франция Білім министрлігі жанындағы Париж академиясының сарапшысы Реда Фара басқаратын аккредиттеу комиссиясы жүргізді. Егер аккредиттеу сәтті аяқталса, оқу орны түлектерінің дипломдары Еуропада және бүкіл әлемде жұмысқа орналасуға жарамды болып танылады.
Сондай-ақ, оқу орнының өкілдері маусым айында Францияға баруды жоспарлап отыр. Парижде олар дәнекерлеуші және токарьлық өңдеу мамандарын даярлайтын жергілікті колледжбен ынтымақтастық туралы меморандум жасамақ.
Нұрболат Абдуллаевтың өзі «ЧПУ станоктарын қосу» құзыреттілігі бойынша республикалық чемпионаттың бас сарапшысы екен. ЧПУ станоктары – компьютер арқылы басқарылатын станок. Өткенді еске алсақ, бұрынғы токарьлық станоктар қол еңбегін қажет ететін. Қазір модернизацияланған және технологиялық тұрғыдан дамығаны сонша, адамдар қолмен жұмыс істемейді: олар жай ғана бағдарламаны машинаға орнатады, ал смарт технология барлығын дерлік өзі жасайды.
2021 жылы «Жас маман» мемлекеттік бағдарламасы аясында оқу орнының материалдық базасы жоғары технологиялық машиналармен және жаңа соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен толыққан.
Нұрболат Асылбекұлы – 2018 жылдан бері WorldSkills қозғалысының мүшесі. Сарапшылықтан бастап, бірте-бірте бас сарапшыға дейін көтеріліп, республикалық чемпионатты ұйымдастырушылардың бірі болды. Бұл қызметте ол «ЧПУ станоктарын қосу» құзыреттілігі бойынша барлық конкурстық процесті басқарады, тапсырмаларды әзірлейді және жарыстың техникалық жабдықталуын бақылайды.
– Бас сарапшы ретінде төрелік етуге қатыспаймын. Сондықтан біздің колледждің екі студенті – Алексей Мирахимов пен Жақсылық Байшериев жеңіске өздері таза жетті. Алексей сәуір айында Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен EmiratesSkills- 2024 жолдастық чемпионатында өз деңгейін растай алды, – дейді директордың орынбасары.
Абу-Дабиде өткен жолдастық жарысқа бес елдің – Оңтүстік Корея, Франция, Австрия, Қазақстан және БАӘ – өкілдері қатысқан. Әрбір қатысушыға сызба беріліп, соған сәйкес олар алдын-ала бағдарлама құрастырып, төрт сағат ішінде ЧПУ машинасында бөлшекті жасау керек болған. Алексей үшінші орынға ие болды Алғашқы екі орын Оңтүстік Корея мен БАӘ қатысушыларына бұйырыпты. Бұл Алексей Мирахимов баратын Францияда өтетін әлем чемпионатына тамаша дайындық болды. WorldSkills -2024 әлем чемпионатына 25 елдің өкілдері қатысады деп күтілуде.
Қазіргі таңда Алексей мен ұстазы чемпионатқа қызу дайындық үстінде. «Талап Холдинг» КЕАҚ ұйымы колледж шеберханасындағы оқу-жаттығу жиынына демеушілік жасайды. Өйткені, станоктарда жұмыс істеу үшін көп материал, қымбат жабдықтарға арналған құралдар қажет.
– Менің жаттықтырушы әрі сарапшы ретінде әлем чемпионатына қатысуда тәжірибем бар. 2022 жылы Қазақстан өкілі ретінде павлодарлық студентпен Германияға бардық. Павлодарлық студент сол жылы республикада бірінші орынды иеленген болатын. Германияда 24 елден келген қатысушылар арасында 15-орынға ие болды. Қазір, әрине, біз көбірек дайындық үстіндеміз. Колледж директоры Тілек Исахметұлы WorldSkills қозғалысына қатысты кез келген бастаманы қолдап отыр. Шет елде оқу және тәжәрибе жинау, еліміздің басқа қалаларындағы студенттермен тығыз байланыс орнату – бәріне қолдау көрсетеді. Осының барлығы оқушылардың кәсіби деңгейінің өсуіне ықпал етеді. Айта кету керек, әлем чемпионатында әр елдің дайындық схемалары әртүрлі. Қатысушылар өздерінің дағдыларын шыңдауға жылдап дайындалатын елдер бар. Мысалы, Қытай. Біз қыркүйек айындағы чемпионатқа дайындалуға шамамен бір жыл жұмсаймыз. Лиондағы әлем чемпионатына 25 мемлекет қатысады. Біздің мақсатымыз – ең болмағанда үздік ондыққа кіріп, ерекшелік медалін алу, – дейді Нұрболат Абдуллаев.
Алексейдің мақсаты айқын
Алексей Мирахимов – Шымкенттегі индустриалды-техникалық колледждің 2-курс студенті. Жасы – 17-де. Оқу орнына тоғызыншы сыныптан кейін келген. Мамандығына деген қызығушылық ол оқыған мектепке колледж өкілдері келіп, парақшалар таратып, жоғары сынып оқушыларын экскурсияға шақырғаннан басталған екен.
– Біз колледж базасын араладық. Жаңа токарь станоктары бар өндірістік шеберхана маған қатты ұнады. Осында оқимын деп шештім. Токарь мамандығын таңдадым. Әкемнің дәнекерлеуші болып жұмыс істеуі рөл атқарды. Ал, дәнекерлеуші мен токарь – қатар жүретін мамандықтар. Токарьлық станокта көп нәрсені: әртүрлі бекіткіштер, тісті доңғалақтар, муфталар, гайкалар, шахмат фигуралары, медальдар, автокөлікке арналған қосалқы бөлшектер, машина жасау және кез келген басқа салаға арналған барлық бөлшектер жасауға болады, – дейді Алексей.
Ол өткен жылдың ақпан айынан бастап әлемге әйгілі DMG MORI компаниясының соңғы үлгідегі ЧПУ станогында жұмыс істеп жүр.
– Қазір WorldSkills әлем чемпионатына дайындалып жатырмын. Мен машинаның «миындағы» – компьютердегі сызбалар негізінде бағдарламалар құрастырамын, содан кейін бөлшектерді ұнтақтаймын. Маған бұл машинада жұмыс істеу өте ұнайды. Оқу кезеңінде бұл қиын сияқты, бірақ тәжірибе кезінде бұл жай ғана қызықты болды. Егер кәдімгі станокта олар тек 2D сызбаларымен жұмыс істесе, ЧПУ машинасында цифрлық 3D үлгілерін жасайды. Мен кейде нақты өндіріс орындарынан түсетін тапсырыстармен жұмыс істеймін. Бұл практикалық тәжірибе береді. Мысалы, бұл шағын плиткаларға дәнекерлеу тігістерін сынайтын зертхана тапсырыс берген. Зерттеушілер тігістің ортасына қысым жасап, аралықты зерттейді. Әрине, оны біз түсінбедік. Дегенмен оның тапсырыс берушіге аса қажет зат екені даусыз, – дейді студент.
Ол бізге басқа да жасаған өнімдерін көрсетті. Әсіресе, жезден, болаттан жасалған шахмат фигуралары өзінің әсемдігімен көз тартады. Алексейдің алдына қойған мақсаты айқын. Болашақта токарь және фрезерлік, жаңа буын станоктары бар жеке цех ашуды армандайды. Бұл Шымкентте үлкен сұранысқа ие.
Алексейге Францияда өтетін WorldSkills әлем чемпионатында сәттілік тілеп, арманына жетуіне тілектеспіз.
С. ЖАМАЛДИНОВА
Мемлекет басшысы Қазақстан-Сингапур бизнес форумына қатысты
Пятница, 24 Май 2024 05:56Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Сингапур бизнес форумының жабылу рәсіміне қатысты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан Сингапур стиліндегі экономикалық реформалар жүргізетін, мол мүмкіндіктер ұсынатын және экономикасы қарқынды дамып келе жатқан ел екенін айтты.
– Елімізде еркін нарықты дамытуға, инновацияны ынталандыруға және білімге негізделген экономикаға көшуге бағытталған ауқымды реформалар басталды. Бұл реформалар ең жоғары халықаралық стандарттарға, соның ішінде ЭЫДҰ стандарттарына сай келеді. Жақында мен ұлттық экономиканы айтарлықтай ырықтандыруға негіз қалайтын маңызды Жарлыққа қол қойдым. Қазақстан аймақтағы инвестиция тартатын негізгі орталық болып қалуы үшін жаңа инвестициялық циклды іске қостық. Стратегиялық мақсатымыз – 2029 жылға қарай шетелден 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тарту. Біз инвесторларға кешенді мемлекеттік қолдау көрсету және шұғыл шешім қабылдау қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Осы мақсатта стратегиялық, инвестициялық жобаларға жетекшілік ететін құзыреті жоғары Инвестициялық кеңес құрдық, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Сингапур географиялық жағынан алшақ орналасқанына қарамастан, саяси және экономикалық тұрғыда сенімді серіктес елдер екеніне әрі солай болып қала беретініне назар аударды.
– Біз Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жетекші серіктесіміз – Сингапурмен берік қатынастарды жоғары бағалаймыз. Былтыр екіжақты сауда көлемі 1,8 миллиард долларды құрады. Сингапурдың Қазақстанға құйған инвестициясы 1,7 миллиард доллардан асты. Таяу жылдары бұл көрсеткіш еселене түседі деп санаймыз. Осы орайда екіжақты серіктестікті дамыту үшін берік құқықтық негіздің болуы аса маңызды. Біз Инвестицияны көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімді ратификацияладық. Бұл құжат инвестициялардың жоғары деңгейде қорғалуын қамтамасыз етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздің жаңартылатын энергия саласындағы зор әлеуетіне қызығушылық артып келе жатқанын атап өтіп, Сингапур компанияларын экологиялық таза энергия өндіру, аталған салада технология және тәжірибе алмасу үшін серіктестікті кеңейтуге шақырды.
Форум аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Сингапур Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Экономикалық саясат жөніндегі үйлестіруші министр Хенг Суи Кеаттың қатысуымен коммерциялық құжаттарға қол қою рәсімі өтті.
akorda.kz
«БЖЗҚ» АҚ халықаралық аудиттен сәтті өтті
Четверг, 23 Май 2024 12:20«БЖЗҚ» АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) сапа менеджменті жүйесінің ISO 9001:2015 халықаралық сапа менеджменті стандартының талаптарына сәйкестігіне орай сыртқы қайта сертификаттау аудитінен сәтті өткенін хабарлайды. Сәйкессіздіктер табылған жоқ.
"Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасын іске асырудың алғашқы 3 айында жас отандастарымыз нысаналы жинақтарын қалай пайдалануда
Четверг, 23 Май 2024 12:192024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы шеңберінде "БЖЗҚ" АҚ жалпы сомасы 585 641,64 АҚШ долларына 5 845 өтінішті орындады (өтініш берушілердің банктік шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға аударылды). Оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында 263 664,90 АҚШ долларына 2 634 өтініш, білім беру ақысын төлеу үшін 321 976,74 АҚШ доллары көлеміне 3 211 өтініш орындалды.
«БЖЗҚ туралы өзекті сауалдар»
Среда, 22 Май 2024 06:29- 1."Ұлттық қор -балаларға" бағдарламасы аясында тиісті ақшаны мерзімінен бұрын алуға бола ма? Шетелге тұрақты тұруға кеткен баланың оны алуға құқығы бар ма? Бала 18 жасқа дейін немесе одан кейін қайтыс болған жағдайда жинақтардың тағдыры қалай шешіледі?
Балалар 18 жасқа толғанға дейін нысаналы талаптар мен инвестициялық кіріс мерзімінен бұрын алу құқығынсыз есептелетін болады. Естеріңізге сала кетейік, кәмелетке толған кезде алушы жинақталған соманы тек білім алуға немесе тұрғын үйге пайдалануға құқылы.
«БЖЗҚ» АҚ-ның 2024 жылдың 1 сәуіріндегі негізгі көрсеткіштеріне шолу: зейнетақы жинақтары бір жыл ішінде 22,6 % көбейді
Среда, 22 Май 2024 06:292024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша "БЖЗҚ" АҚ салымшыларының (алушыларының) жеке және шартты шоттарында 18,9 трлн теңге зейнетақы жинақтары қалыптасты. Ағымдағы жылдың басынан бастап 01.04.2024 жылға дейін олардың өсімі шамамен 1,02 трлн теңге (5,7%) болды. Өткен жылдың сәйкес күнімен салыстырғанда зейнетақы жинақтарының көлемі шамамен 3,5 трлн теңгеге немесе 22,6% өсті.