Өнерлі істе жеміс бар

Пятница, 16 Апрель 2021 07:40 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 9805 раз

«Еңбектiң көзiн тапқан, байлықтың өзiн табады» деген көне тәмсiл тұғырынан еш тайған емес. Бейбіт қоғамда бейнетшіл адамға баюға барлық жағдай жасалған. Қайшы алып шаш қисаңыз да, қамшы алып төрт түлік соңына түссеңіз де, кәсіп ашып нәсібін көремін десеңіз де ешкім бетіңізден қақпайды. Тек бойыңыздағы жалқаулықты жеңіп, жоспарлы жұмыс жасасаңыз болғаны. Қайта адал еңбек адамды нұрландыра түседi.

azhar-M1Шырайлы шаһарда еңбекке епті, қоғамға септігін тигізіп жүрген азаматтар көп. Сондай ізденімпаз және еңбекқор жанның бірі – Ажар Мәмбетәлі. Карантин кезінде қол қусырып отырмай, жаңа кәсіпті меңгерген. Ол алды-артын бағамдап, шығыны мен кірісін есептеп, қиналмастан үйінде отырып-ақ ерекше іске білек сыбана кірісіпті.

– Қазір жолдасым екеуіміз ата-анамыздан бөлек тұрып жатырмыз. Бір перзентіміз бар. Негізі инженер-металлург мамандығы бойынша магистратурада оқимын. Елдегі болып жатқан жағдайларға байланысты сабағым қашықтан. Содан үйде қамалып қалған сияқты күй кешіп, өзімнің бос уақытымды тиімді пайдаланудың жолдарын іздестіре бастадым. Интернет арқылы ақылы курс тауып, оқып алдым. Сөйтіп, сертификатталған фуд-флорист атандым, - дейді кейіпкеріміз.

Ажар Мырзакерімқызы құрғақ жемістен түрлі сыйлықтар жасайды. Қаптамаға оралған тәттілерін интернет дүкен арқылы саудалап көрген ол бұл кәсіптің қолынан келетіндігіне көз жеткізеді. Өзі бұл істі ұршықша иіріп әкеткендігіне іштей қуанып, табысты іспен тұрақты шұғылдануды көздейді.

– Ойлап қарасаңыз көп адам қазір сыйлық таңдарда тығырыққа тіреледі. Мүмкін ұнамсыз сыйлық алып қоямын ба немесе көп жағдайда сыйлыққа алған нәрсені келесі бір адамға сыйлай салу деген сияқты сыйлық алу мәдениетінен кеш қалғандаймыз. Құрғақ жемістерден жасалған сыйлық алған адам ерекшелігіне тәнті болады ғой?!  Әрі оны ешкімге сыйлап жібермей, өзі пайдаланады ғой деп іске кірісіп кеттім, - дейді ол.

Ажар Мәмбетәлі тынымсыз еңбек табыссыз қалмайтына сенімді. Ол кездескен қиындықтарға мойымағанының арқасында елде жоқ кәсібін дөңгелетіп әкеткен. Тұтынушылардың разылығы оны одан сайын шабыттандыра түсетінін айтады.

– Әрине кез келген істің өзіне тән қиындығы болады. Алғашында тауарымды жарнамалау қиындық тудырды,  бірақ ойға алған бастапқы мақсат орындалып сұраныс уақыт өте арта бастады. Менің фуд-гүлдерімді сыйлыққа алған әр бір клиентім міндетті түрде «уау» дейтіндей эмоцияда болды.  Бір рет сатып алған клиенттерім бірнеше рет тапсырыс беріп жүр.Себебі мен тек жоғары сұрыпты кептірілген жемістерді қолданамын. Бағыма орай, тапсырыстар онлайн болғандықтан жеткізу қызметін менің жолдасым өз мойнына алып, үлкен қолдау көрсетті, - дейді жас кәсіпкер.

Коронавирус пандемиясы жекелеген адамдардың санасына ғана емес, мемлекеттің саясатына, экономикалық жағдайына ерекше әсер етті. Індеттің таралуы отандық экономиканың әрбір саласына түбегейлі өзгеріс әкелді. Ажар Мырзакерімқызы замандастарын қолда бар ресурстармен жұмыс істеп, дағдарысқа қарсы тұруға шақырды.

– Қазір инфобизнестің дамып тұрған шағында, карантин салдарынан үйде отырған аналарға нөлден бастап кететін істің қыр-сырын көрсету мақсатында курс жасап шығару ойымда бар. Бастысы жарты жолдан тоқтамай мақсатыңды айқындап алып, өз мақсатыңа барар жолда мойымауымыз керек. Интернет арқылы өніміңізді сатып, мүмкіндігіңізбен еңбегіңізге қарай пайда табуға болады. Жеке кәсіпті жүргіземін деген адамға ешқандай кедергі жоқ. Себебі біздің заман үйден шықпай дүкен аралап,  мейрамхананың тамағын жеп, ұнатқан киіміңді киетін заман. Кәсіп бастағысы келетіндерге тек алға деймін. Ерінбесеңіз болды. Өте ерекше,  денсаулыққа пайдалы букет,  қорап,  бокстар іздесеңіз, @azhar_bouquet парақшасын оқи жүріңіздер, - дейді ол.

«Еңбек атаулының бәрі де бағалы, өйткені ол адамды ізгілендіреді» дейді халық. Ал адал, арлы адам әр кез мемлекетке алақан жаймайды. Өз бетімен тірлігін түзеп, бейнетінің зейнетін көреді. Сіз де ізгі жандардың қатарына іліккіңіз келсе, жантайып жатпай, бел бүгіп,
балақ түріп, іске кірісіңіз.