Бауыржан ҚАЛЖАНОВ, Шымкент қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы: «МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІГЕ, ЕҢ АЛДЫМЕН, ТӘРТІП ПЕН НИЕТТІҢ ТАЗАЛЫҒЫ КЕРЕК »

Четверг, 29 Август 2024 07:51 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 627 раз

–Бауыржан Ахметұлы, елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуға бағытталған түбегейлі қайта құрулар мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту қажеттілігін көрсетіп отырған секілді. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

–Иә, мемлекеттік қызметшінің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіру – уақыт талабы екені анық.Осы орайда биыл 17 шілде күні Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024 - 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді. Онда мемлекеттік қызметті одан әрі дамытудың проактивті, түпкілікті нәтижеге бағдарланған, мемлекеттік қызметтің гибридті моделін енгізу, HR-процестерді басқару және цифрландыру, бюрократиядан арылған мемлекеттік қызметтің сервистілік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген моделін қалыптастыру бағыттары айқындалған. Бұл жүйе әкімшілік рәсімдерді түбегейлі өзгерту және цифрландыру, мемлекеттік басқарудағы командалық-әкімшілік тәсілдерден бас тарту барысында қабылданып жатқан шаралармен қатар жүргізіліп отыр.

 

Untitled-1

 

 

Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру барысында мемлекеттік қызметке кіру процесін жеңілдету, бюрократияны қысқарту және кадрларды іріктеудің жаңа автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Ел мүддесіне адал қызмет ететін кадрларды ұстап қалуды және кәсібилендіруді қамтамасыз етуге бағытталған Тұжырымдамада мемлекеттік қызметтің ағымдағы жүйесін институционалдық қайта қарау талап етіледі. Азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруда ресурстар мен процестерді неғұрлым нақты және мақсатқа бағыттап басқаруға мүмкіндік беретін жаңа институттарды енгізу қажеттілігі де қарастырылған.

Мемлекеттік қызмет сапасын арттырудағы басты аспектілерінің бірі - электрондық үкіметті пайдалану. Электрондық үкіметті енгізу барысында мемлекеттік қызметшілер мен халық арасында сыбайлас жемқорлықтың көрінісі біршама төмендейді.

–Сіздің мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп келе жатқаныңызға 20 жылдан астам уақыт болыпты. Осы уақыттағы тәжірибеңізге сүйене отырып айтыңызшы, мемлекеттік қызметшінің бойынан табылуы тиіс ең маңызды қасиеттер қайсы?

–Еңбек жолымды Арыс қалалық қаржы бөлімінде бас маман болып бастадым. Одан кейін Зейнетақы төлеу жөніндегі орталықтың орталық кеңсесінде, Еңбек министрлігінде, Экономика министрлігінде, «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлер корпорациясында түрлі қызметтер атқардым. Сонымен қатар Мақтаарал ауданы Жаңа жол ауылдық округінің әкімі, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істедім.

2013 жылы конкурс арқылы саяси мемлекеттік қызметкерлердің А корпусына қабылданып, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі болып тағайындалдым. Аудан әкімі болып бес жарым жылдай жұмыс істегеннен кейін Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы болып тағайындалдым. Содан бүгінгі күнге дейін аталған басқарманың басшысы болып қызмет атқарып келемін. Яғни, мемлекеттік басқару жүйесінің барлық сатысында – ауыл, ауыл аудан, республикалық маңызы бар қала мен орталық деңгейге дейінгі ортада жұмыс істеп тәжірибе жинақтадым.

Осы жылдардағы тәжірибеме сүйене отырып айтатын болсам, мемлекеттік қызметшіге, ең алдымен, тәртіп керек. Қандай лауазымда қызмет атқарса да өзінің жұмысын еліміздің қолданыстағы заңнамасының аясында атқарып, ондағы тиісті нормаларды бұлжытпай орындауы шарт. Мұны бір деңіз.

Оған қосымша мемлекеттік қызметшіге ниеттің тазалығы керек. Яғни, белгілі бір лауазымға тағайындалған азамат өзінің жеке басының немесе айналасының ғана мүддесін ойламай, елдің, мемлекеттің мүддесін бәрінен жоғары қоюы тиіс. Отаншылдық, мемлекетшілдік деген нәрсенің бәрі осы ниеттің, ойдың тазалығынан шығады.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда «Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, барша еліміз жаңарады», деп саналы өзгеріске деген қажеттіліктің пісіп-жетілгенін айтқан болатын. Осы орайда мемлекеттік қызметшілердің де қоғамдағы болмысы мен тұлғасын, олардың ой жүйесі мен санасын жаңғырту керек. Әрбір әріптесіміз санасында сілкініс жасап, өз азаматтық ұстанымы мен құндылықтарын айқындап алғаны жөн.

Иә, әрбір лауазымның өзінің белгіленген функционалдық міндеттері бар. Мемлекеттік қызметші сол міндеттерін орындап отыра беруіне де болады. Бірақ, елге, қоғамға пайдамды тигіземін деген азамат онымен шектелмеуі тиіс. Ол өзінің мойнына жауапкершілік алып, ізденімпаздықпен, мақсаткерлікпен жұмыс істеуі тиіс. Заң талаптарын сақтай отырып өз саласындағы, өзінің жауапкершілік алаңындағы жұмысты жетілдіруге, проблемаларды шешуге және жаңаша, тың бастамалар көтеріп, оларды қолда бар ресурстардың көмегімен жүзеге асыруға болады. Сонда ғана мемлекеттік қызметші ел дамуына аз да болсын өз үлесін қосқан болып есептеледі.

–Мемлекет басшысы жас мамандардың сатылап өсуіне мүмкіндік беретін, жалпы, кадр саясатында әділеттіліктің болуын қамтамасыз ететін меритократия қағидасын енгізуді тапсырғаны мәлім. Бүгінде осы тапсырма қалай жүзеге асып жатыр? Қазіргі жүйеде білімді, білікті, талапты жастардың өсуіне мүмкіндік бар ма?

–Мәселенің барлығы сол біліктілікке келіп тіреледі. Ал, біліктілік қалай қалыптасады? Әрине, тәжірибе арқылы қалыптасады. Әрине, университетте алған білімнің маңызы зор. Бірақ, ол жерде қанша дегенмен жалпылама білім беріледі. Ол жақта нақты бір мемлекеттік мекеменің ішіндегі нақты бір бөлімнің бас маманы білуі тиіс нәрселерді, соның жауапкершілігіне жататын міндеттерді үйретпеуі мүмкін. Сол себепті көптеген салаларда біліктілік тек ізденіс, өз-өзіңді дамыту және тәжірибе арқылы ғана қалыптасады.

Мәселен, өзім басшылық жасап отырған мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы да азаматтарға белгілі бір мемлекеттік қызметтерді көрсетеді. Біздің мамандарымыз сол қызметтерді алуға келген азаматтардың мәселесін шешіп, көмектесіп жіберуі керек. Ал, маманның өзі сол қызметтің қалай көрсетілетінін білмей, мәселенің мән-жайынан хабарсыз болып отырса, не болады? Онда тек сол маманның ғана емес, мемлекеттік органның, тіпті, барлық мемлекеттік басқару жүйесінің атына кір келтіреді. Сол себепті мен жас мамандардан Еңбек Кодексінен бастап, еңбек қатынастары саласына қатысты барлық заңдар мен нормативтік-құқықтық актілерді оқып, білуді талап етемін.

Түйіндеп айтқанде, өз ісін жетік білетін, білікті де адал қызметкерге қай салада, қай жерде болса да сұраныс бар. Ол мемлекеттік қызметте жұмыс істесе де, жеке секторға барып бизнес құрылымдарда еңбек етсе де, жұмыс берушілер одан айырылғысы келмейді. Сондықтан бүгінде мемлекеттік қызметте жас, қабілетті, білікті мамандардың қызметте өсуіне барлық мүмкіндіктері бар деп айта аламын.

–Әңгімеңізге рахмет!

 

 

Сұхбаттасқан Айдар ҚҰЛЖАНОВ.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Еңбек шарты қолыңызда болсын