Күлкінің отаны – Шымкент

Пятница, 31 Март 2017 07:27

«Күлкі арзандап, әзіл-сықақ театрларының билеті қымбаттап кеткен заман-ай!» деп жазды белгілі сықақшы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Шона Смаханұлы атындағы әзіл-сықақ байқауының бас жүлдегері,  бүгінде республикалық «Ара» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы арнаулы тілшісі Мұхтар Шерім. Шынында, теледидар бағдарламаларында және әзіл-сықақ театрларында күлкі тым арзандап кетті. Десек те, күлкінің құдыретін бәріміз түсінеміз. «Күлкі күштілердің қаруы» деп атақты ғалым, сатира теоретигі Темірбек Қожакеев жазып кеткен. Алайда, «Күлкінің құны түсті...» деп сатириктердің бәріне томсырая қарауға болмайды. Күлкінің күштілігі, сонылығы, мықтылығы әлі де өз бабында. Назарларыңызға сатирик Мұхтар Шеріммен болған сұхбатты ұсынамыз.

d0bcd183d185d185d185– Мұхтар аға, сатираға қалай келдіңіз? Кездейсоқ па, әлде бала кезіңізден жазуға пейілді болдыңыз ба?

– Оқырмандармен кездесулердің бәрінде осы сұрақты қояды. Мақтаншақ ақындар бар ғой, «Бесіктен белім шықпай жатып, өлең шығаратынмын» деп жатады. Өз басым, сегізінші сыныптан бастап, бірдеңелер шимайлайтынмын. Шимайымды кеңес заманындағы «Қазақстан пионері» газетіне жіберсем, ол жақтан. «Аса қадірлі Мұхтар бала! Мына дүниеңіз әлі шала...» деген мазмұнда хат келеді. Сол хатты құшақтап жатып ұйықтаймын, сол хатты мектепке апарып достарыма көрсетіп, төбем көкке жетіп, одан әрі асып кеткендей болады. Алғашқы «Әлиманың әлегі» атты әзіл әңгімем Бәйдібек ауданындағы «Алғабас» газетінде жарияланды. Біз ол кезде нағашы жұртта тұратынбыз.

– Бала кезіңізде болсын, жас кезіңізде болсын, күлкілі оқиғалардың ортасында жүретін шығарсыз?

– Ой, қазір де солай, өзім күлкі кейіпкері болып жүремін. Кішкентай кезімде, қыстың күні темірдегі қырауды жалаймын деп тілім жабысып қалған. Жарты сағат ботадай боздап тұрғаным әлі күнге есімнен кетпейді. Мектеп бітіргеннен кейін жаспыз ғой, түнде ауыл қызымен ертеңгі «бешір мәселесі» туралы сөйлесіп тұрып, терең құдыққа түсіп кеткенмін. Қыз менің «жоқ» болып кеткенімнен қорқып, «шайтан алып кетті!» деп айқайлап, тұра қашқан. Студенттік жылдарымда да «қағынып» жүргенмін. Әскери сабақ болатын. Жазда жаттығу кезінде автомат ату үшін жерге жатқанбыз. Полковник ағайымыз аяғымнан теуіп: «Аяғыңды талтайтып жат!» десе, барынша талтайтыппын. Полковник «Сонша талтайтқаны несі?» деп ұрысқаны бар.
«Оңтүстік Қазақстан» газетінде «Қақпан» сын-сықақ бұрышын қайрақтап жүргенмін. Жаман «жигулиім» бар еді, күзде сонымен жүйткіп келе жатсам, жұрттың бәрі маған таңырқай қарайды. Түсінсем, тілім мұздап кетсін. Көшені аралап, редакцияға келсем, бас редакторым Әмірсейіт Әлиев: «Анауың не?» деп сұрады. Қарасам, жигулиімнің төбесінде үш леген құрт тұр. Күзгі қыраумен жабысып қалыпты. Біраз уақыт бұзылып тұрған мәшиненің төбесіне анам қоя салған ғой. Айтпақшы, Сарыағаш ауданындағы тұрмыстық қызмет көрсету комбинатының директорын сынаған «Шатақ шалбардан шықты» фельетоным үшін Әмірсейт Әлиевтен сөгіс ала жаздағаным да бар. Сол күні өзім «свежий глаз» едім. Кезекші Сәділ Кәдеев ағамыз-ау деймін, есімде қалмапты... Ол кісімен қосарланған күні маған рахат. Барлық беттерді өзі оқиды. Мен арқамды кеңге салып, екі қолымды қалтама салып жүремін. Корректор апайларымыз әзілдің түбін түсіретін еді. Сол күні «Қақпан» беттеліп жатқан. Бір апайым «Шатақ шалбардан шықты» тақырыбындағы «шатақ» сөзінің бірінші әрпін өзгертіп, орнына «Т» әрпін қоя салыпты. Газет беттеліп жатқанда, жауапты хатшының орынбасары Нұрлан Кенжеғұлов баспаханаға жетіп келді. Келе салып, газет басуды тоқтатты... Енді... «Шатақ» сөзі өзгеріп кетті ғой! Ертең обкомдағылар оқыса, «бітті Бәтима» болады. Әбекең мені өзіне шақырды. Түсі өрттей түнеріп кеткен. «Тақырыпты осылай қойдың ба?» деп сұрады. Түп нұсқаны көрсеттім... Не керек, газеттер жойылып, бір қатерден аман қалдым.

– Кезінде газеттерде фельетон, памфлет, пародия сияқты сатиралық жанрлар болды. Қазір олар жоқ. Мәселен, өзіңіз осы жанрларға неге қалам тартпайсыз?

– Қазір қоғам өзгерді. Бұрын фельетон жазсаң, кейіпкерің жазаға тартылатын. Қазір фельетонға былқ етпейді. Қайта қызметі өсіп кетеді. «Айқын» газетінің қосымшасы «Ара» газеті шығып келеді. Әр нөмірі сайын менің фельетондарым «Жұмаштың жүгермегі», «Ратқұм МІРЕШ», «Мен ғой», «МұхШЕР» сияқты бүркеншік аттарыммен жариялануда. Тым болмағанда күлкіге қалдырайық, өзгелерді жемқорлықтан сақтандырайық деген ниетпен жазылады. Рас, реcпубликалық, облыстық басылымдар фельетонды түртпейді де...

– Қолына қалам ұстағанның бәрі жазушы немесе ақын емес. Сізге киелі қаламның салмағы қалай сезіледі?

– Менің қолым жеңіл. Бұрын қаламмен жазатын едік. Бүгінде компьютерге пернетақтамен зырылдатамыз. Ойым да, қиялым да жүйрік. Отырамын да «зыррр» еткізіп жаза қоямын. Суын сорғалатып, ағызып-тамызып жазғаныңды кім оқи қойсын?

– Қалай ойлайсыз, Шымкентті күлкі брендіне айналдыруға болады ма?

– Күлкінің отаны Шымкент десек те болады. Кезінде облыстық «Күлкі жәрмеңкесін» ұйымдастырдым. «Шаншардың» «Шаншар» болып қалыптасуына мұрындық болдым, идея тастадым. Ауылда жүрген Жүсіп пен Уәлиді Алматыға жетектеп апарып, «Тамашаға» қатыстырдым. Одан кейін сап түзеген «Шымкент шоу», «Алдараспан», «Нысана» дейсің бе, бәрінен де Шымкент күлкісі естіледі. Демек, Шымкент күлкісі – бренд!

– «Күлкі арзандап, билет қымбаттап кетті» деп жазыпсыз? 

– «Ауруын жасырған өледі» дейді қазақ. Атын атап, түсін түстемесем де, көбісінің күлкілері көбік секілді. Әлеуметтік тақырыптарды қозғай алмайды. Сол, майда-шүйде, отбасы төңірегінде жүр. Ал, «Өнер қырандарының» қарқыны күшті.

– Аға, сіз туралы «Егемен Қазақстан» газетінде Берік Садыр «Қазір сатира жазудағы көштің алдында Мұхтар Шерім тұр» деп жазыпты. Демек, сізді бүкіл Қазақстан оқиды деп айта аламыз ғой?

– Мақтанғандай болмайын... «Жас Алашта» жиі жарияланамын. Ал, бұл басылымның еліміз бойынша мыңдаған оқырмандары бар. «Алматы ақшамының» «Бір түрлі бетінің» жаттықтырушысымын. «Жас қазақ» газетінде де сатираларым жарияланып келеді. Жалпы, менің әзілдерім жарияланбаған басылым жоқ шығар? Иә, оқырмандарым көп. Астанадан лауазымды қызметтерде жүрген Дархан Мыңбай інім телефон соғады: «Мұха, сіздің сатираларыңызды министрлердің өздері оқып отырғандарының куәсі болдым!» дейді. Мұны элиталық оқырмандарым дейміз бе? Сатирик Алпысбай Боранбаев айтады: «Алпыс жылдығыма орай еліміздің алпыс елдімекендері мен облыс орталықтарында болдым. Бәрі Мұхтар Шерімді сұрайды!» деп риясыз күледі. Көпен ағам: «Жаз, бұрқыратып жаза бер!» деп қамшылайды.

– Осы жерде тағы бір сұрақ туады. Сіздің әзілдеріңіз үнемі республикалық басылымдарда жарияланып келеді. Ал, өңірлік басылымдарда көрінбейсіз. Неге?

– Оның рас. Павлодар, Жезқазған, Қызылорда облыстық газеттері сықақтарымды сұрап, басып жатады. Сұрамай-ақ жариялап жатқандары қаншама? Авторлық құқымды бұзбаса, мейлі. Қайта қуанамын. Ал, жергілікті газеттердегі әріптестерім:«Өзіміздің Мұхаң ғой!» деп жүрсе керек, үндемейді. Олар үндемеген соң, мен де үндемеймін. Биыл алпыс жылдығым келе жатыр. Әй, сол кезде газет беттерінде сөйлейтін шығармын.

– Ән ұрлайтын плагиаттар көбейді. Сатирада сондай оқиға бар ма? Мәселен, сіздің сатираңызды...

– Ойыңды оқып қойдым. Кеңес заманында жазылған «Футбол ойнаймыз!» атты әзілім бар еді. Соны «Қазақ әдебиеті» газетінен оқыдым. Бірақ авторы бүгінде белгілі композитор Жарылқасын Дәулет. Сәл ғана өзгерткен. Менің әзілімде еркектер мен сауыншылар футбол ойнайтын, Жарылқасын қазақ руларын кейіпкер етіп алыпты. Өкпеледім. Іштен шыққан туындым ғой... Жарылқасынды жолықтырып, өкпемді жеткіздім. «Сенің осы әзілің ұнап қалды...» деді. Кейін дос болып кеттік. Тіпті, төрт томдығымды шығарып берді. Тағы бір қызықты айтайын, «Шаншардың» әртісі Уәлибек Әбдірайымов Жарылқасын нұсқасын тамаша орындады. Бірақ үлкен кісі: «Трайбализмді насихаттаған бұл кім? Сахнадан кете ғой...» деп ренжіген көрінеді.
Иә, Сарыағашта демалып жатқанда, көңілді тапқырлар клубы мен «Шаншар» арнайы өнер көрсеткен ғой. «Ондай-ондай ханның қызында да болады!» дей салайық мұны.

– Жыл сайын кітап шығаратындар бар. Бірақ оқылмайды. Авторларын да біле бермейміз. Осы төңіректе ой қозғасаңыз?

– Кітап шығара берсін. Өздерінің әулетіне ескерткіш қой. Ал, менің кітаптарым аз. «Құдағи құшақтай береді», «Талтайып тұрғым келеді», «Быт-шытыңды шығарамын!», «Кешіріңіз, сіз есек емессіз бе?», «Ымбаппа»., «Қашқандар мен қуғандар». Болды. Неге дейсіз бе? Қанша жерден мықты болсаңыз да, қазір жастар кітап оқымайды. Бәрінің қолдарында бір-бірден смартфондар. Неге керек қалың кітаптар? Бірді-екілі зиялылар ғана оқуы мүмкін. Сондықтан, кітап шығаруға аса қызықпаймын. Алпыс жылдығыма орай кітап шығаруым мүмкін. Ал, ғаламтордың мәні мен үшін зор. Әлеуметтік желілерде күн сайын әзілдерім жарияланып тұрады. Сайттар мен порталдар әзілдерімді көшіріп басады. Тіпті, қытайдағы қазақ сайттары менің әзілдеріме жеке блог ашып қойыпты. Әлеуметтік желідегі оқырмандарым он мыңнан асып жығылады. Соның өзі мен үшін «қалың кітап»...

– Сатиралық театрлармен араласып тұрасыз ба?

– «Шаншарда» «Үбән», «Жер сатамыз!», «Алдараспанда» «Евромола», «Нысанада» «Иегова» сияқты интермедияларым сахналанды. Ал, кезінде «Тамашаның» белсенді авторы болдым. Қазіргі театрларға жазбаймын десем де болады. Өйткені, олар авторлармен жұмыс жасай білмейді. Ашығын айтқанда, қаламақы бермейді. Ал, маңдай теріммен келген дүниеме қаламақы алсам, онымен байып кетпеспін, бірақ өз бағамды білуім керек қой!

– Сатирадан басқа қандай өнеріңіз бар?

– Ән айта алмаймын. Әдемі дауысым жоқ. Бірақ, үй жұмыстарына пысықпын: темірді дәнекерлей аламын, компьютерімді өзім жөндеймін.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

«Ерлікті» дәріптеген күн

Понедельник, 27 Март 2017 05:47

ЖАҢА ФИЛЬМ КӨРЕРМЕНГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ

«Ұлттық кино мен анимация» күні жаңа фильмнің тұсауы кесілді. «САҚ» киностудиясының «Ерлік» толықметражды фильмі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Туындының алғашқы көрсетілімі «Шымкент Плаза» ойын-сауық орталығының кинозалында өтті.

zhana film

Жаңа фильмнің тұсаукесеріне облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, елімізге танымал жазушылар Мархабат Байғұт, Нұрғали Ораз және өңірімізде анимация саласында еңбек етіп жүрген сценаристер, кинорежиссерлер мен актер-актрисалар қатысты. 

Өңір басшысы тұсаукесер аясында облыстағы кино саласы мен анимация саласын дамыту және алдағы жоспарларымен ой бөлісті. 

– Шымкентте кино мен анимация саласы қарқынды дамып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында биыл қомақты қаржы бөлінуде. Сапалы, тәрбиелік мәні жоғары сценарий мен кәсіби режиссер сапалы фильмнің кепілі. Сондықтан білікті кадрлар дайындау жұмыстарын қолға алуымыз қажет. Оңтүстіктегі кино студияларды біріктіріп, ортақ құнды дүние жасауды ұсынамын, – деді облыс әкімі. 

Кездесуден соң көпшілік жаңа фильмді тамашалады. Патриоттық тақырыптағы туынды Сайрам-Өгем ұлттық паркі мен өңірдегі табиғаты әсем жерлерде түсірілген. Фильмнің басты рөлдерін Марат Оразметов, Нұркен Орынбек, Береке Спатова сынды актерлер ойнайды. Ал «Ерлік» толықметражды көркемсуретті фильмнің авторы белгілі режиссер Батырхан Дәуренбеков, кино режиссері Нуриддин Паттеев. Оқиға қорықтың инспектор-иегері Болат пен ұлы Ерболдың арасында өрбиді. Қорық инспекторы ұлының жоғары білім алып, қызметкер болғанын қалайды. Ақылы оқуын жалғастыру үшін әке баласы үшін тәуекелге барады. Араб шейхтарынан қызыл кітапқа енген сұңқар-ителгінің балапандарынан тапсырыс түседі. Ал Ербол сұңқар балапандарының шетелге кетуіне қарсылық танытады. Кинода жастар табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығы үшін үлкен ерлік жасайды. Ал араб шейхтары қыз-жігіттердің бойынан рухани құндылықтарды көріп таңқалады. Жаңа фильм алдағы уақытта көрерменге жол тартады. 

Айта кетейік, биыл қыркүйек айында Түркістан қаласында Түркі әлемінің «Алтын сақа» анимациялық фильмінің фестивалі өтеді. Аталған фестивальде аниматорлар түркі әлеміне әзілімен танылған Қожа Насырдың образы ұсынылады.

«Қазына» би ансамблі шымкенттіктерге жақсы таныс. Көптеген халықаралық және республикалық байқауларда Оңтүстіктің атын асқақтатып, мерейін үстем етті. Бүгінде облыс, қалада өтетін мерекелік шаралардан би тобы тыс қалған емес.

 20170314 161040

Өнер ұжымының репертуары ерекше. 80-нен астам би болса, оның 65-і қазақтың болмысы және ұлттық бояуымен ерекшеленді. «Думанды дәурен», «Қаражорға», «Дала сазы», «Өтті-ау дүние» секілді ұлттық билерден көрермен шеберлік пен мен қойылымдық жұмыстарына тәнті болады. Таңырқайды, әдемі эстетикалық әсер алады. «Қазына» би тобының құрамында 6 қыз, 6 жігіт бар. 

Би тобының алғашқы құрамы 1986 жылы Әл-Фараби атындағы мәдениет институтының негізінде құрылған. Ол кезде «Қазына» ұлттық саз аспаптарымен бірге болатын. Ең алғашқы би жетекшісі – Сәуле Балбаракова, ал көркемдік жетекшісі – марқұм Мұса Жарқынбеков болған.1995 жылы ансамбль тарап, 2003 жылы Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония негізінде қайта құрылды. Сонан бері топқа ҚР Мәдениет қайраткері Зәуре Әжібекова жетекшілік жасап келеді. 

 20170314 161055

«Қазына» би ансамблі – Оңтүстік сахнасында өнер көрсетумен бірге түрлі республикалық, халықаралық жарыстарға да қатысып жүрген ұжым. Талай додаларда бақ сынап, облысымыздың абыройын асқақтатып жүр. Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай би тобына «Қазына» салт-дәстүрімізді сақтаған. Би элементтерінен ұлттық нақышты көреміз. Көптеген қала, аймақтарда заманауи билерді орындайды. Оларда таза ұлттық болмыс жоқ» деп жоғары бағасын берген болатын. 

– Көпшілік биді оңай көреді. Ал әр бидің өз мағынасы бар. Әр би кішігірім қойылым секілді. Қыз-жігіттер музыканың мағынасын ашып, мазмұнын қимыл-әрекет арқылы жеткізуге тырысады. Сол себепті қайталау кездеспейді. Шынында ұлттық билердің өз талабы бар. Мәселен грузин соллары қиын. Мұнда аяқпен тізеге секіріп, аяқ ұшымен жүреді. Сондай-ақ орыс халқының би трюктары күрделі, – дейді топ жетекшісі З. Әжібекова. 

DSC 0226

Би тобының қыз-жігіттері күнделікті 4-5 сағат дайындалады. Ансамбль құрамының әртісі Қуанышбек Бестембаев 12 жылдан бері «Қазынада» өнер көрсетіп келеді. Бала кезден биші болуды армандаған жігіт Алматыдағы А.В. Селезнев атындағы хореграфиялық училишені бітіреді. Қазір Қуанышбек топтың белсенді мүшесі. Сондай-ақ Руслан Сайтов та 2008 жылдан бері би тобында жұмыс істейді. Ол ансамбльді екінші үйіндей көреді. 6 жігіттің арасында Глеб Михайлов пен Сергей Василев те бар. Әсіресе Сергейді ұлты орыс демесеңіз, жан-дүниесі қазақ биімен біте қайнасып кеткендей. Мінезі де, болмысы да қазаққа ұқсап кеткен. Ал бидің костюмдерін тігінші Гүлжан Қожабекова дайындайды. 

IMG 20170203 164511 963

Жуырда би ансамблі Қазақ-станның тұңғыш Президенті – Елбасы қоры сыйлығының иегері атанды. Сондай-ақ көрерменге шығармашылық кешін өткізді. Ансамбльдің болашағына артылып отырған сенім жоғары. Алдағы уақытта мәдениетімізді дәріптеу бағытында жұмыс істейміз дейді өнер ұжымы.

Шымкентте – жаңа саябақ

Понедельник, 27 Март 2017 04:45

Наурыз мерекесі қарсаңында әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында жаңа саябақтың іргетасы қаланды. Саябаққа түркі әлеміне белгілі шайыр Юнус Эмренің есімі берілді.

shatqal

Шараның ашылу салтанатына облыс әкімі Ж. Түймебаев пен қала басшысы Ғ. Әбдірахымов қатысты. Юнус Эмре шатқалының жалпы аумағы – 25 гектар. Алдағы уақытта 4 мың түп ағаш көшеті отырғызылып, 4 балалар алаңшасы салынады. Сондай-ақ шахмат және дойбы алаңы, қашықтығы 1 шақырым болатын веложол төселмек. Жаңа саябақта 1 амфитеатр, 8 субұрқақ, 3 кафе мен жазғы демалыс орындары, спорттық жаттығу алаңдары бой көтереді. 

– «Шатқал» бағдарламасы аясында үшінші саябақтың іргесі қаланды. Мұнан бөлек, 14 саябақ ашылады. Оларға шығыстың Фараби, Фердауси, Физули сынды атақты ғұламаларының есімдерін беруді жоспарлап отырмыз. Негізгі мақсат – саябақтарды демалыс орны емес, халықтың рухани ләззат алатын мәдени мекенге айналдыру, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Саябаққа түрік ақыны, философ, ағартушы Юнус Эмре есімінің берілуі тегін емес. Биыл «Түркістан қаласы – түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесін иеленді. 

Айта кетейік, облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған жоба бойынша алдағы уақытта жалғасын табады. Қалада 600 гектар шатқалды жер демалыс орындарына айналады.

Көктем кеш келе ме?

Среда, 15 Март 2017 06:12

1Биыл тауық жылының ауа райы құбылмалы болды. Қыс мезгiлi қатаңдық танытпағанымен, көктем кешігуде. Міне, наурыз айының жартысы өтті. Бірақ, суық ызғар кетер емес. Өткен жылы да наурыз айында күн суытып, қар жауғаны белгілі. Ал биылғы көктем қандай болмақ?

«Қазгидромет» ОҚО бойынша филиалының синоптигі Салтанат Қоныстың айтуынша, суық ауа массаларының салдарынан апта бойы салқын ауа райы сақталады. Бүгін таңертең және кешке жауын-шашын түседі. Түнде -2-7, таулы аймақта 10 градусқа төмендейді. Ал облыста ауа райы 17 наурыздан бастап жылы болады. +3 градустан +15 градусқа деген көтеріледі деген болжам бар. Ауа температурасы айдың аяғына қарай жоғарылайды. Дегенмен, синоптик ауа райының құбылмалы болатынын ескертеді.

Этностар алғысын білдірді

Пятница, 03 Март 2017 05:15

1 наурыз – Алғыс айту күні. Мерейлі мерекеге орай Шымкенттегі «Royal rose» салтанат сарайында облыс әкімі Ж. Түймебаевтың қатысуымен жиын өтті.

Шара жастардың «Мың алғыс!» флешмобымен басталды. Ал этномәдени бірлестіктердің өкілдері бейбітшіліктің белгісіндей әуеге шар ұшырды. 

Салтанат сарайында жалғасқан шарада Алғыс айту күнінің мән-маңызын бейнелейтін «Қазақ еліне мың алғыс!» бейнеролигі көпшіліктің назарына ұсынылды. 

Мерекенің тарихи маңызының және тәрбиелік мәнінің тереңде жатқанын атап өткен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев барша өңір тұрғындарын Алғыс айту күнімен құттықтады.

– Қадірлі жерлестер! Кешірім – адамгершіліктің арқауы болса, алғыс айту – берекелі бірліктің бастауы болмақ. 1 наурыз – бұл ең алдымен Елбасының бейбітшілік пен келісім саясатының салтанат құрған күні. Бұл ортақ тағдыр тоғыстырған Қазақстан халқының бір-біріне ортақ сый-құрмет көрсететін күні. Осы сәтті пайдалана отырып, ел Тәуелсіздігін нығайтуға, оның қуатын арттыруға айрықша үлес қосқан барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін, – деді аймақ басшысы Ж. Түймебаев. 

Сонымен қатар, жиында Қазақстан халқы Ассамблеясы орталық құрамының мүшесі, облыстық грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы Заал Бочорошвили барша ұлт пен ұлыстардың атынан Қазақ халқына алғысын білдірді. 

Іс-шарада «Бауырмал ел – Қазақстан!» тақырыбында театрландырылған-сахналық қойылым көрсетіліп, көпшілік «Қазақ еліне мың алғыс!» бейнежолдауын тамашалады.

Бүгінде оңтүстік жерінде 100-ден астам этнос өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. 20 этномәдени бірлестік ел игілігі жолындағы түрлі бастамаларға қолдау көрсетіп, аймақтағы қоғамдық келісімді сақтауға өз үлесін қосуда. Жуырда қаламыздағы «Қазақстан» кинотеатры қайта жөндеуден өтті. Жаңарған нысан облыстық ассамблеяның қызметін қамтамасыз ететін құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің игілігіне беріледі.

Ән әлемінде есімі танымал Айжігіт Қалмырзаұлы туралы көп дүние айтуға болады. Ол – өнерде өзіндік нақыш, мәнерін айшықтай білген азамат. Парасат-пайымы да бөлек. Биыл асқаралы алпыс жасқа толып отырған композитор ағамен аз-кем сырласқан едік. 

aizhigit asanov

– Айжігіт аға, Шерхан Мұртаза «60-талтүс» деген екен. Сол талтүстегі шағыңызда артыңызға бұрылып, қарасаңыз не көресіз?

– Алпыс – адамның өмір жасындағы бір белес қой. Бұл, өмір мектебінен сабақ алып, тәжірибе жинап, ой түйетін кез. Иә, Шерағаң айтқандай, алпыс тал түс сияқты. Өткенге көз жіберіп, қолымнан не келді, не істедім деп өзіңе іштей есеп береді екенсің. Менің ғұмырымның 26 жылы телеарна саласында өтті. Қатардағы инженерден бастап, директордың техника жөніндегі орынбасары, директордың міндетін де атқарған кездерім болды. Телевидениемен бірге есейіп, бірге шыңдалып, оның өсіп-өркендеуіне шама-шарқымша үлес қостым. Атқарған шаруаларымның бәрін тізбектеуім шарт емес. Тек мына бір жайды айтып өткім келеді. Кезінде құны 1 млн АҚШ долларына жуық ЖТСС-ті (жылжымалы телеспутникті станция) Қарағандыға беретін болған. Корпорация басшылығының сол шешімін өзгертуге ықпал етіп, ЖТСС-ті біздің телеарнаға берілуіне себепші болғаныма қуанамын.

– Шымкентте шығармашылығыңызды дәріптеген шаралар өте ме?

– Халықпен жүздесу – әрбір өнер адамның арманы. Бірақ шығармашылығым жөнінде ел алдына шығып, есеп беру жөнінде әлі күнге ойланбаппын. «Айжігіт, қашан кеш өткізесің? Елге есеп беретін кезің болды ғой» деп достарымның айтқанына біраз болды. 60-тың асқарына шыққанда шығармашылық есеп беруім керек шығар деп ойландым. Жарыққа шықпай жатқан әндерім қаншама?! Алдымен әндер жинағымды екі кітаппен, нотаға түсіріп шығармақпын. Сондай-ақ екінші альбомым жарық көрмек. Алла жазса өнерсүйер қауымға биыл есеп берудің сәті түсетін сияқты.

– Бала күніңізде өнер адамы болам деп ойладыңыз ба, ата-анаңыздың оған қатысы бар ма?

– Өнерге қызығушылық мектеп қабырғасынан басталды. Домбыра тартып, мандалинде ойнадым. Әрі сабақты жақсы оқыдым. Бірақ сол уақытта өнер саласын үлкендер қаламайтын. Маған ұстаздарым: «Сен оқуың керек. Өнерді қуып қайтесің?» – деді. Ата-анам да әртіс болғанымды құптамады. Үлкендердің сөзі бұлжымас заң ғой. Содан құрылысшы, прораб болуды армандадым. Кейін электроника жағына көңіл ауды. Алғашқыда осы сала бойынша Қазақ политехникалық институына оқуға құжат тапсырдым. Бірақ жолым болмай, сынақтан сүріндім.
Келесі жылы әскерге шақырды. Үш күннен соң, келесі шақыртуға қалдыңдар деп қайтарып жіберді. Алып-ұшқан көңілім су сепкендей басылды. Не керек, политехникалық институтқа қайта бардым. Жолым болып, оқуға қабылдандым. Оқу орнында оқып жүріп, әскери мамандық алдым. Сол уақытта «Дос Мұқасан» ансамблінің аты дүркіреп тұрған. Политехникалық институтта оқитын оларға қатты еліктейтінбіз.
Адам композитор болып туылмайды. Бір пайыз дарын болса, 99 пайыз еңбектен тұрады. Мінезім тұйықтау болғандықтан, көпшілік ортадан шеттеп жүремін. Маған адамның ішкі жан-дүниесін тербеген иірімдер әуен арқылы сыртқа шығатындай көрінеді. Тұманбай Молдағалиев сынды ақындардың өлеңдерін жатып-жастана оқитынмын. Бірде өлең жолдарының бірі ұнап қалды. Шумақтары әнге сұранып тұр екен. Әуенін жазса қалай болар екен деген ой туды. Алғашқы әндерім 1980 жылдары институт қабырғасында оқып жүріп, жазылды. Кім біледі, егер өнерге біржола бетбұрғанымда Кеңес Дүйсекеевтей танымал композитор болар ма едім... Солай деп армандап қоятыным бар.

– Айжігіт аға, әндеріңіз республикалық байқауларда топ жарып жүр. Үлкен сахналардағы өнер додасына қалай қатыстыңыз?

– Ән көңілдің айнасы ғой. Ол жайшылықта тумайды. Жас кезімде әртүрлі тақырыптарда әндер жаздым. Менің әндерім достарымның арасында ғана орындалатын. Үлкен сахналарға 2006 жылға дейін шығарылған жоқ. Елу жастан аса патриоттық тақырыптарға жаза бастадым. Бұл бағыттағы әндер менің жаныма жақын болды. Бір күні ақын, сазгер Бақытжан Ауданбаев ұсыныс айтты. Күн сайын әскери бөлімшеде сарбаздардың сапта тұрып, орысша, қала берді той әуендерін айтатынын айтып қалды. Сапты көтеретін ән жазсақ қайтеді деді досым. Көп ұзамай «Қазақстан сарбаздары» жазылды. Жаңа әніміздің тұсауын «Мұнарлан» тобы сахнада кесті. Кейін республикалық байқауда топ жарып, бұл ән жеңімпаз болды. Іле-шала көптеген әскери әндер өмірге келді. Ойды ой қозғайды емес пе? Тәуелсiздiктi жырламаған ақын, әнге қоспаған сазгер кемде-кем. Менiң әндерiмнiң көпшiлiгi – патриоттық әндер. Сондай әндерiмнiң бiрi – «Тәуелсiздiк» әнi. 2011 жылы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы кең ауқымда өткізілді. Ұлттық мерекеге мен де өз үлесімді қосқым келді. Ой жетегінде жүргенімде әріптесім Базарбек Түкібаев келді. «Айеке, Тәуелсiздiкке арнап ән шығарсақ қайтедi, Сәкең (Саттар Қуашбаев) екеумiз бiрiгiп жазған өлеңіміз бар еді. Қарап көрсеңіз» дегенi. Мәтiндi оқып шықтым. Шумақтарынан қуаныш пен шаттықтың лебі есіп-ақ тұр. Мәтiнiн ұнатып, алып қалдым. Әуенді ұлттық нақышта жазғым келді. Сөйтіп бір әуен өмiрге келдi. Сол уақытта республикалық «Отаным менің жүрегімде» атты бейнебаяндар байқауы өтіп жатты. Жаңа әнді ойланбастан додаға қосып жібердік. Әннің мерейі үстем болып, жүлдені жеңіп алдық. Қазір патриоттық тақырыптағы әндеріміз үлкен салтанатты жиындарда орындалып жүр. Өз ұжымымда, өнерде де адал еңбек еттім деп ойлаймын. Еңбегім бағаланды, сол үшін әнсүйер қауымға рахмет! Алпысқа келдім деп, қарқынымнан тоқтап қалмаймын.

– Бүгінгі сазгерлерде салмақты туындылар сиреп барады. Көбінесе жеңіл әндерге жақын. Оның сыры неде деп ойлайсыз?

– Шынын айтқанда, өнерді құнсыздандыруға әсер ететін факторлар болады. Кейінгі кезде ол сондай құбылысқа айналды. Ерінбегеннің бәрі әнші болды. Қазір депутат та, актер де әнші. Студияға ән жаздырып, сахнада әнші болып жүр. Өкінішке қарай, музыканың мәнін де, бағасын да түсіретіндер осындай арзан, өзін-өзі жұлдыз көрсететіндер. Музыкаға хобби ретінде қарайтындар көбейді. Және сондайлар кәсіби әншілермен қатар сахнаның төрін бермейтін болды. Бүгінде музыканттарды сала-салаға бөліп, өз бағытына бағыттайтын кәсіби сыншылар да жоқ. Музыка да тірі ағза. Оның да сан-саласы бар. Халық тойда билесін, көңіл көтерсін. Бірақ, той әнін сахнаға шығаруға, талғампаз аудитория алдында орындауға болмайды.

– Ұзақ жылдар бойы «Қазақстан-Шымкент» телеарнасындағы іргелі ұжымда еңбек етіп келесіз. Шығармашылықпен еркін айналыса алмадым деген өкініш жоқ па?

– Аздап өкінішім бар. Жұмыста жүріп, шығармашылықпен еркін айналыса алмайсың. Дегенмен телеарнаға жайдан-жай келген жоқпын. Ол кезде алғашқы теледидар қандай еді?! Соның ішінде не бар? Қалай жұмыс істейді? Адамдары қалай сөйлеп жатыр деген менде қызығушылық болды. Осы мамандықты қалап, Қазақ политехникалық институтына түстім. Қосымша телемастердың курсын да аяқтадым. Сарышаған сынақ полигонында инженер де, оқытушы да болдым. 1990 жылдан бастап ҚР ТРК АҚ Оңтүстік Қазақстан облысы телерадиокомпаниясында қызмет етіп келемін. Алғашқы жылдары телеарнаның жұмысы оңай болған жоқ. Бірақ мен үшін жұмысқа бару мерекемен бірдей секілді еді. Қуанып барып, қуанып қайтатынмын. Телеарнада достарымды арттырдым. Шығармашылығымды шыңдадым. Мұнда менің жастығымның куәсіндей болып жүріп өткен жолым жатыр. Жарыққа шықпаған дүниелерім көп. Алдағы уақытта шаң басқан шығармаларымды қолға алып, ән жазсам деймін.

– Жұртшылық көбінесе сізді танымал әндеріңізбен жақсы біледі. Одан бөлек қырыңыз туралы айтыла бермейді.

– Өнер адамдарын ақсаусақ деп ойлайды ғой. Мен кішкентайымнан үй шаруасына бейіммін. Еңбекпен өстім. Электр жарығын жөндеуден кәсіби шебермін десем, мақтанғаны демеңіз. Жеңіл-желпі автокөліктің ақауларын да өзім тауып жөндей беремін. Тоңазтқыш, теледидар бұзылып қалса, қалпына келтіре қоямын.

– Отбасыңызда жолыңызды қуған балаларыңыз бар ма?

– Балаларымның өнерге икемі бар. Екі қызым Гүлжаһан мен Меруерт музыкалық мектепте оқыды. Домбыраны жақсы шертеді. Бірақ өнер жолын қуған жоқ. Ал ұлым Сәкен кішкентайынан сурет салғанды жақсы көреді. Қаладағы сурет мектебінде білім алды. Ә. Қастеев атындағы колледжді бітірді. Қазір анимациялық дүниелер жасаудың шебері. Жұбайым
Гүлзат Сейтмұратқызы. Мамандығы шет тілдер пәнінің мұғалімі. Аймақтық әлеуметтік иновациялық университетінде оқытушы.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Қылқалам ұшындағы құдірет

Пятница, 24 Февраль 2017 08:36

Суретші, сұңғатшы-монументалист Ұзақбай Көшкінбаев 70 жасқа толды. Белгілі қылқалам шеберінің мерейтойына орай, бейнелеу өнері мұражайында көрме өткізілді. Көрмеге суретшінің 100-ден астам туындысы қойылды. Ұзақбай Сейфулдаұлының әріптестері мен жақын достары туған дала табиғаты кескінделген картиналарды тамашалады.

photot

Сан түрлі бояуды сөйлеткен көркем туындылар келушілерді бейжай қалдырмады. Өнерсүйер қауым назарына ұсынылған көрмеден түрлі жанрдағы портреттерді, табиғатты бейнеленген пейзаждарды, сондай-ақ, тарихи композицияларды да көруге болады. 

Белгілі суретші, қылқалам шебері Түлкібас ауданының Көктерек ауылында дүниеге келген. Жастайынан көркем табиғатты суреттеп, туған жердің топырағын өнердің биік шыңына көтерді. Сурет өнерінің ғажайып үлгісін қалыптастырды. Шеберліктің шыңына шыққан Ұзақбай Көшкінбаев ізденуден, еңбектенуден жалықпайды. Суретшіні облыстық мәдениет басқармасының басшысы Асылхан Темірхан арнайы құттықтады. 

– Сіз облысымыздың бейнелеу өнерінің дамуына үлесіңізді қосып келесіз. Шығармашылығыңыздағы тақырыптарыңыз уақытпен, әдет-ғұрып, салт-санамен, бабалардың рухани мұрасымен үндесіп жатыр. Сіздің қаламыңыздан шыққан картиналар жоғары бағаланып, байқауларда жүлдегер болды. Алдағы уақытта да шығармашылық қызметте табыстарға жетуіңізге тілектеспін, – деді А. Темірхан. 

Суретші Ұ. Көшкінбаевқа әріптестері мен достары да мерейтойымен құттықтап, игі тілектерін білдірді. Сұңғатшы-монументалист өнерде шекера жоқ екенін айтып, әріптес достарына алғысын айтты.

Страница 21 из 47